• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Қыркүйек, 2022

Көршінің қабағын бағып отыр

449 рет
көрсетілді

Жамбылдық жұрт жарық үшін қырғыздардың қабағын бағып, арқасынан қағып отыр. Қарапайым халық тұтынған электр қуаты үшін әрі кетсе 3-5 мың теңге төлесе, Меркі ауданына қарасты Жауғаш батыр ауылының тұрғындары 15-20 мың теңгенің аралығында ақы төлеуге мәжбүр. Осылайша, қазақ ауылының тұрғындары электр қуатын Қырғыз Респуб­ли­касынан алуға мәжбүр.

Кеңес ауылдық округінің құра­мына кіретін Жауғаш батыр ауылы­ның тұрғындары мал бағып, егін салып нәпақасын айырып отыр. Ша­ғын ауыл халқы шағым айтып, кез кел­ген мәселемен әкім алдына бара бер­мейді. Алайда жергілікті жұрт­шылық ондаған жыл бойы жарық мәсе­лесімен талай шендінің алдын тоз­дырған. Өңірді басқаруға келген атқа­мінерлер жағдайды білгенімен, халықтың жанайқайын құлағына ілгенімен, мәселені шешуге келгенде қорғансыздың күйін кешкен. Ал қырғыз тарапы беретін жарыққа жаутаңдап қараған халық төлемақыны доллармен төлеуге мәжбүр.

«Біз жарық қуатын Қырғыз Рес­пуб­ликасынан аламыз. Осы­лай­ша, көрші елге тәуелді болып отырмыз. Төлемақыны мемле­кет­аралық болып есепте­летін ең жоғары тарифпен төлейміз. Көрші елге бір адамды өткізу, қаражатты долларға айыр­бастау, оны сомға ауыстырып, төлемақыны жеткізу де оңай емес. Қысқасы, ауыл халқының жағдайы мәз емес. Осылайша, қиналып күн көріп жатырмыз», дейді елді мекен тұрғыны Өмірбек Оразбаев жағ­дайды түсіндіріп.

Деректерге сүйенсек, қырғыз­дар жағы қалаған кезінде жарық­ты сөндіріп тастайтын көрінеді. Мұн­дай кезде майшамға телмір­ген халықтың жағдайы тіпті қиын­дай түсетіні айтпаса да түсінік­ті. Он алты жыл бойы жарық үшін айыр қалпақты ағайын­дарға жалтақтап, ғаріптің күйін кешкен халық өткір мәселе­нің жедел түрде шешімін тапқа­нын қалайды. Өйткені артық ақша төлеуден әбден шаршаған.

«Үп еткен жел тұрса жарық сөнеді. Қырғыздар жағы электр қуатын өшіруге бейіл тұрады. Соның салдарынан бірнеше тәулік бойы жарыққа жарымай оты­рамыз. Соған қарамастан ай сайын 15-20 мың теңге төлемақы төлейміз», дей­ді ауыл тұрғыны Сағат Жақсымбетов.

Ауылдан бөлек екі бірдей әскери бөлімше де қырғыз жарығына тәуелді екенін айта кетелік. Жауғаш батыр ауылында қоныстанған халықтың мұңын жергілікті атқарушы биліктің өкілдері жыл сайын естіп жүр. Әкімдердің есепті жиналысында да өткір мәселені көтеруді тоқтатқан емес. Алайда жарық мәселесі жылдар бойы шешімін таппай келеді. Қашан, қалай шешілетінін кім білсін?! Бір анығы, проблема бұрынғыдай өзекті күйінде қалмақ.

Уақытында Кеңес, Аспара ауылдары арқылы Жауғаш батыр елді мекеніне электр қуаты тартылған. Әйткенмен, тоқырау жылдарында тиын табу үшін түрлі әрекетке барған әлдекімдер жарық бағаналарын ұрлап кеткен. Салдарынан бүтін бір елді мекен халқы әлі күнге зардап шегіп отыр. Біз айтқан 15-20 мың теңге бер жағы ғана. Біраз уақыт бұрын ауыл тұрғыны Мәдина Ақылбекова бір айда тұтынған электр қуаты үшін 24 мың теңге төлегенін айтып, жанайқайын жеткізген болатын.

Жергілікті жұртшылық көрші елдің қабағына қараудан қажып кеткен. «Біз де басқа ауылдардың халқы секілді ақылға қонымды төлемақы төлегіміз келеді. Ол үшін билік біздің мәселемізге мойын бұруы керек. Жылдар бойы шешімін таппаған мәселе Президентке жетпесе, Мемлекет басшысы пәрмен бермесе шешіл­мейтіндей көрінеді», дейді ауыл­дағы ағайын ашынып.

Расында да, ұзақ жылдар бойы қаржыны көрші елдің қазы­насына құйып жүрген ауыл тұрғындарының ашуын түсінуге болады. Байқауымызша, мәсе­ле өңірлік деңгейде шешімін таппайтын сияқты. Өйткені жобалық-сметалық құжаты жа­сал­ғанымен, тиісті тараптардан әлі күнге қолдау жоқ.

«Нақтылап айтатын болсақ, 2021 жылы жобалық-сметалық құжаттарды реттеу жұмысы бас­талды. Уақыты келген соң сараптамадан өтті. Белгілісі сол, 532 млн теңгені құрайтын жобалық-сметалық құжаттары әзірленген болатын. Салалық басқармаға бюджеттік өтінім беріліп қойған. Алайда бүгінгі таңда қолдау таппай отырғанынан хабардармыз», дейді аудан әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Арғынбаев жағдайды түсіндіріп.

Жауғаш батыр ауылында бас ауыртатын мәселе аз емес. Алайда ауыл тұрғындары барлық мәселені кері ысырып қойған. Олар үшін қолжетімді бағадағы электр қуаты ауадай қажет. Басқасының бір мәнісі болар. Халқының саны екі жүзге жетпейтін шағын ауыл жұртының шағымы да осы. Қысқасы, қырғыздар тарапы жеке кәсіпкерлік арқылы Меркі ауданындағы бүтін бір ауылдағы ағайынды қанап отыр. Бұған тоқтам жасайтын күн алыс па, жақын ба?

«Осы жобаны қаржыландыру үшін тиісті министрлікке өтінім­ді бірінші жартыжылдықта өткіз­генбіз. Жоба әлі қолдау таппады. Министрлік тарапынан қолдау тапқан жағдайда ғана елді мекен мен екі әскери бөлімше тұрақ­ты түрде электр энергиясымен қам­­ты­лады», дейді облыстық энер­­­гетика және тұрғын үй ком­му­­нал­дық шаруашылық басқар­ма­сының бөлім басшысы Алмас Омаров мәселенің мәнісін түсін­діріп.

Жауапты тұлғалардың сөзі­нен түсінгеніміз, мәселе жақын күндері шешімін таппайтын секілді. Өйткені жоба әлі күнге дейін мақұлданбаған. Сондықтан да жауғаштықтардың жанайқайы әлі біраз уақытқа жалғасады десек, қателеспеспіз.

 

Жамбыл облысы,

Меркі ауданы