Бұл күндері Алматыдағы «Ақбұлақ» олимпиада даярлығы орталығында бессайыстан Сары құрлық чемпионаты өтіп жатыр.
Жарыстың алғашқы күнінде Қазақстан ерлер құрамасы командалық есепте Қытай (4511 ұпай) мен Оңтүстік Кореядан кейін (4451 ұпай) 3-орынға табан тіреді. Жігіттеріміз жалпы саны 4276 ұпай жинады. Сондай-ақ Қазақстан әйелдер құрамасы да Оңтүстік Корея мен Қытай спортшыларын алға жіберіп, қола жүлдені қанағат тұтты. Қыздарымыз 5 спорт түрінде 3803 ұпайға қол жеткізді.
Айта кетейік, бессайыста спортшылар спорттың бес түрінен, яғни семсерлесу, еркін әдіспен 200 метрге суда жүзу, атпен кедергілер арқылы өту, нысана көздеу және 800 метрге жүгіруде сынға түседі. Азия чемпионаты 26 қыркүйекте мәресіне жетеді.