• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Қыркүйек, 2022

Темекімен күрес: Қазақстан халықаралық тәжірибеден не түйсінді?

412 рет
көрсетілді

Дәл осы күндері отандық дәрігерлеріміздің бірі, «Адам денсаулығы үшін қауіп факторларының зиянын азайту жөніндегі ұлттық қауымдастық – Денсаулық» ЗТБ төрағасының орынбасары Гинтаутас Кентра Афины қаласында (Греция) өтіп жатқан «Темекінің зиянын азайту: жаңа өнімдер, зерттеулер мен қағидалары» атты 5-ші ғылыми саммитте баяндама жасады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биылғы 21-22 қыркүйек күндеріне межеленген Халықаралық саммитке әлемнің 25 елінен 70 спикер мен 300-ден астам адам жиналып, темекі шегу саласындағы жаңа өнімдер мен соңғы ғылыми зерттеулердің нәтижелері ұсынылды.

Саммитті SCOHRE – темекі шегуге қарсы күрес және зиянды азайту жөніндегі тәуелсіз сарапшылардың халықаралық ғылыми қауымдастығы ұйымдастырып отыр.

Сондай-ақ саммитте шылым шегуден келетін зиянды азайту тақырыбы мен реттеу мәселелері талқыланып, қатысушылар өткір де сындарлы диалогтар арқылы темекіге қарсы күрес саясатында әзірленген жаңа тәсілдерді ортаға салды.

Гинтаутас Кентра өз баяндамасында әлем мен Қазақстандағы жұқпалы емес аурулар мәселесіне тоқталып, халықтың хабардарлығын арттыру арқылы елдегі осындай аурулардың қауіп-қатер факторларымен күрестегі «Денсаулық» қауымдастығының қызметіне егжей-тегжейлі тоқталды.

Ол сондай-ақ Жапония, Швеция, Англия сияқты елдердің темекі шегуге қарсы күрестегі әлемдік тәжірибесі темекі шегуге қарсы күрестегі зиянды азайту тұжырымдамасы жұмысының табыстылығын көрнекі түрде дәлелдейтінін, бірақ Қазақстан билігі зиянды азайту қағидаттарын енгізуге тиісті назар аудармағанын атап өтті.

«Зиянын азайту («Harm reduction») деп отырғанымыз – бұл зиянды әдеттер, яғни темекі тарту мен өмір салтынан толықтай бас тарта алмайтын немесе қаламайтын адамға зиянды мінез-құлық пен аз зиянды балама арасындағы таңдау құқығын беру бағыты. Бұл тәсіл ғылыми базаға негізделген және оң өзгерістер мен таңдау құқығына бағытталғанын айта кету керек. Қазақстанда ересек тұрғындардың 21,5%-ы-темекі шегудің салдарынан небір қауіпті аурулардың пайда болу қаупіне бейім шылымқорлар болғандықтан, бұл тек олардың ғана жеке мәселесі емес, сонымен қатар денсаулық сақтау жүйесіне де үлкен салмақ салады. Осыған байланысты мемлекеттік органдар тарапынан никотинді пайдалану күшті физикалық және психологиялық тәуелділікпен байланысты екенін, ал зиянды азайтудың қазіргі заманғы қағидаттарын пайдалану көптеген өлімге әкелетін аурулардың дамуын болдырмау тетіктерінің бірі болып табылатынын түсіну қажет», деп қорытындылады баяндамасын Гинтаутас Кентра. 

Темекіден келетін зиянды азайтудың кешенді тәсілі шеңберінде саммит іргелі ғылым, эпидемиология, токсикология, клиникалық тиімділік және ұзақ мерзімді қауіпсіздіктен бастап әлеуметтік, заңдық және нормативтік мәселелерге, этика мен адам құқықтарына дейінгі мәселелердің көпшілігін қамтыды.