• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Қыркүйек, 2022

Тілге құрмет – тәрбие ошағынан

255 рет
көрсетілді

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуы­на және Қазақстан халқының тілдері күніне орай Достық үйінде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Алматы қалалық филиалының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Тілдің мәртебесін арттыруды мақсат еткен жиын ел тәуелсіздігі жолында күрескен ұлт зиялылары мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бастауында тұрған академиктер Әбдуәли Қайдар мен Өмірзақ Айтбайұлының орасан зор еңбегін еске алып, рухына тағзым етіп, Құран бағыштаумен басталды. 

ЮНЕСКО көлемінде 150 жыл­­­дығы аталып отырған Ахмет Бай­­тұрсынұлының тіл мәр­­те­бесі жолындағы күресі, қо­ғам және мемлекет қайраткері Әли­хан Бө­кейханның «Тіл үшін кү­рес неге жүріп жатыр? Қазақ тілі деген не? Қазақ тілінің ар жағын­да­ғы жатқан мәселе – жер. Біз мы­на жерді қазақ болып, қазақша сөй­леп қана қорғай аламыз» деп ке­мең­герлікпен айтқаны бү­гін­гі қоғамда өзектілігін жой­ған жоқ. Ұлт көсемдерінің ел мұ­ра­ты жолындағы ісін жалғастыру мақсатында өткен жылы қара­ша айында Түркістан қаласында Халық­аралық «Қазақ тілі» қоға­мы­ның VI Құрылтайы өткен бола­тын. Жиын модераторы, төрағаның орынбасары Мұхтар­хан Абаған осы орайда Құрыл­тайда қабылданған ше­шім­дер, алға қойған мақсаттар күні бүгін қалай іске асуда әрі нақ­ты іске көшудің механизмдері қан­дай?» деген сауал тастай оты­рып, баян­да­машыларға сөз кезегін ұсынды.

Халықаралық «Қазақ тілі» қо­ғамының Алматы қаласы бойынша төрағасы Құсман Шалабаев ана тілімізді ардақтап, қазақ ті­лін мем­лекеттік тіл ретінде тұ­­ғы­­рына қондыру мәселесі­нің әлі күн­­ге өзекті болып отыр­ға­­нын жеткізді. «Қазіргі кезде VI Құ­рыл­тайда көтерілген ма­ңыз­ды міндеттерді іске асыру үшін өңір­лер бойынша тығыз әріп­­тес­тікте жұмыс атқарылуда. Осы орайда елімізде тұрып жат­­қан ұлт өкілдерінің тіліне, ділі­не, салт-дәстүріне құрметпен қа­рай оты­рып, мемлекеттік тіл­ді дә­ріп­теу баршамызға ортақ мін­дет болуға тиіс. Сонда ғана ме­рей­тойы халықаралық дең­гейде той­ланып жатқан ұлт ұста­зы А.Бай­тұрсынұлының тіл мәр­тебе­сін арт­тыру жолындағы ерен еңбе­гі­нің нәтижесін көреміз», деді Қ.Шалабаев.

Тілдің қолданыс аясын ке­ңей­ту кейінгі отыз жылда қоғам­ды толғандырып отырған басты мәселеге айналды. Бұл ба­ғытта түр­лі жобалар жүзеге асып ке­леді. Дегенмен істің нәти­же­сіз болуынан бұл тақырып әлі күн­­ге пікірталас деңгейінде қа­­­лып отыр. Осы орайда жазушы,­ қо­ғам қайраткері Смағұл Елу­­бай үндеу қабылдаумен қа­тар, қолданыстағы тіл туралы заң­ды қай­та қарау қажеттігін ұсын­ды. Ал тіл зор сұранысқа ие болу үшін балабақша, бастауыш сы­нып­тағы балалар ұлтына қа­ра­май, қа­зақ тілінде білім алу­ға тиіс еке­нін атап өтті. Бұл пі­кір­ге қол­дау білдірген профес­сор Ғари­фолла Әнес ұлт ұста­зы­ның ең­бек­тері хақында ой қоз­ғап, «Елі­мізде бастауыш мектеп қазақ ті­лінде оқытылмай, қа­зақ тілі мем­лекеттік тіл бо­ла ал­май­ды. Ол үшін мектеп­тер тек мем­лекет­тік тілде оқы­ты­луы қажет. Бұл – ұлт ұстазы Ахмет Бай­тұр­сын­­ұлының бізге қалдырған ­аманаты», деді.

«Конституциядағы «Қазақ­стан Республикасындағы мем­ле­кеттiк тiл – қазақ тiлi» деген 7-бап­тың «Мемлекеттiк ұйым­дар­да және жергiлiктi өзiн-өзi бас­қару органдарында орыс тiлi рес­ми түрде қазақ тiлi­мен тең қол­­да­нылады» деген 2-тармағын қай­та қарастыру қажет­тігін ұсын­ған жазушы-публицист Марат Тоқашбаев басты құжат­тағы мем­лекеттік органдар мен мем­­ле­кеттік ұйымдардың ара­жі­гін ажы­ратып алу мәселесін ұсынды.

Алқалы жиында көрнекті ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановқа тілдің мәртебесін көтерудегі еңбегі үшін құрмет көрсетіліп, Халықаралық «Қа­зақ тілі» қоғамының Алматы қаласы бойынша төрағасы Құс­ман Шалабаев «Қазақ тілі» медалін табыс етті. Өз кезегінде М.Шаханов тіл тұғырына қону үшін тек шынайы пікірлер мен ақиқат айтылуы қажет екенін жеткізді.

Жиын барысында сонымен қатар қоғам қайраткері Амал­бек Тшанов, Қазақстан Жазу­шылар одағы төрағасының орын­басары Мереке Құлкенов, қала­лық Тілдерді дамыту және оно­мастика бөлімінің басшысы Бақыт Қалымбет тағы да бас­қа тіл жанашырлары тәрбие ошақ­тары қазақшаланғанда ғана тіл­дің қолдану аясы кеңейіп, мәр­тебесі артады деген пікірге қолдау білдірді. Сондай-ақ мем­лекеттік қызмет, ғылым-білім, қаржы, медицина, жарнама саласында, әлеуметтік желілерде, ға­ламтордағы қазақша контенттер мен өзге де маңызды салалардағы мемлекеттік тілдің өрісін кеңейту туралы ұсыныстарымен бөлісті.

 

АЛМАТЫ