«Қазақстан темір жолы» компаниясын транзиттік-логистикалық корпорация ретінде қайта құрылымдау. Өңірлердегі жолдардың сапасын арттыру. Автожол құрылысына ерекше мән беру. Бұл міндеттер – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында Үкіметке жүктеген басты тапсырмаларының бірсыпырасы.
Маңызды құжатта еліміздің транзиттік қуатын арттыру мәселесіне жан-жақты тоқталған Президент: «Қазақстан қазіргі геосаяси жағдайда Азия-Еуропа арасындағы аса маңызды құрлық дәлізі болып отыр. Біз бұл мүмкіндікті толық пайдаланып, әлемдік маңызы бар көлік-тасымал торабына айналуымыз керек. Еліміз осы салада ірі жобаларды жүзеге асыра бастады. Атап айтқанда, Ақтауда контейнер хабы құрылып жатыр. Транскаспий дәлізі дамып келеді. Бұл жұмыстарға әлемдегі үздік логистика компаниялары тартылады», деген еді. Осы мақсатта Мемлекет басшысы Үкіметке 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма беріп, бұл мәселені тікелей бақылау қажеттігін ескерткен еді.
Көлік пен логистиканы дамыту мәселесі Amanat партиясының назарынан да тыс қалған емес. Күні кеше партия жанындағы Көлік және логистика комитетінің отырысында еліміздің транзиттік қуатын арттыру және «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның транзиттік-логистикалық корпорация болып қайта құрылуы мәселелері кеңінен талқыланды.
Отырысты ашқан комитет төрағасы, Мәжіліс депутаты Самат Ақышев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы реформалар бағытының сабақтастығын айқындайтынына назар аударды. Ал оны іске асыру елдегі жеке бизнестің дамуына тың серпін береді.
«Жолдауда көлік мәселесіне қатысты айтылған тапсырмалар қоғам мен жеке бизнесті тарта отырып орындалуға тиіс. Сол арқылы бизнес өз дамуын жоспарлай алады. Салаға инвестиция құяды және ортақ жауапкершілікті арқалайды. Мемлекет басшысы айтқандай: «Біз бұл мүмкіндікті толық пайдаланып, әлемдік маңызы бар көлік-тасымал торабына айналуымыз керек», деп атап өтті С.Ақышев.
Жиында Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысов комитет мүшелеріне Қазақстанның транзиттік қуатын арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Ол Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту транзиттік және экспорттық мүмкіндіктерді әртараптандыруға жағдай туғызатынын атап өтті.
«Алдымызда осы бағыттың өткізу қабілетін 2025 жылға қарай 6 миллионнан 10 миллион тоннаға дейін арттыру міндеті тұр. Атап айтқанда, Ақтау портында әлемдік логистикалық компанияларды тарта отырып, «контейнерлік хаб» салу жоспарлануда. Сондай-ақ Каспий теңізіндегі паром флотының тапшылығына байланысты, 10 бірлік өз паромымыздың құрылысын бастау жоспарлануда. Бұған қоса жылжымалы темір жол составын жаңарту мақсатында 2025 жылға дейін 1500 жартылай вагон, 3500 вагон платформа және 310 локомотив сатып алу жоспарланып отыр», – деді вице-министр.
Өз кезегінде, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Ахметжанов Еуропа мен Азия елдерінің тұрақты сауда көлемі, теңіз тасымалының тұрақсыздығы мен жоғары құны Қазақстанның көлік дәліздерінің қуатын едәуір арттыратынын атап өтті.
«Кейінгі 5 жылда транзиттің жыл сайынғы өсімі орта есеппен 31 пайызды құрады. Былтыр рекорд орнады. Яғни транзит 1 млн ЖФЭ-ден (контейнерлерден) асты. Бұл нәтижеге Үкімет пен ҚТЖ-ның жоспарлы жұмысы арқылы қол жеткізілді. Транзиттік тасымалдардан түсетін кіріс реттелетін қатынастардағы шығындарды жабуды, жолаушылар тасымалын субсидиялауды, тарифтердің өсуін тежеуді қамтамасыз етеді», деді ол.
Бұл ретте Самат Ақышев, темір жол тасымалдары нарығындағы негізгі ойыншы мәртебесіне қарамастан, саланың бәсекеге қабілетін арттыру үшін «Қазақстан темір жолы» көлік және логистикалық қызметтер саласына жеке компанияларды кеңінен тартуға ықпал етуге тиіс деп есептейді.
«ҚТЖ бір ыңғайлы механизмді пысықтауы қажет. Бұл механизм ҚТЖ-ға ауыртпашылық түсіретін міндеттерді орындауға бизнесті ынталандыруға тиіс. Ашық және әділ ойын ережелерін қалыптастыру керек. Түптеп келгенде, жүк тасымалы тарифінің әр адамға қатысы бар», деді комитет төрағасы.
Отырыс қорытындысы бойынша, Кеңес бейінді орталық атқарушы орган мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компания» АҚ-ға бірқатар нақты ұсыным қабылдады. Атап айтқанда, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен және Бас көлік прокуратурасымен бірлесіп, бизнесті қорғау және жеке секторды қолдау жөнінде тиімді шаралар қабылдау қажеттігіне назар аударды.