• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Таным 28 Қыркүйек, 2022

Музейдегі мамонт сүйегі

649 рет
көрсетілді

Арқалықтағы Дала өлкесі тарихы музейінің палеонто­ло­гиялық қазба қалдықтары бөлімінде жер бетінен ықы­лым замандарда жойылып кеткен жануарлар мен өсімдік­тердің қаңқасы сақтаулы тұр. Солардың ішінен мамонттың бассүйегін, тұмсық мүйізі мен омыртқа, жілік, жамбас сүйектерін көруге болады.

Музейдің ғылыми қызмет­кері Батырлан Сағынтаевтың айтуынша, 1974 жылы Торғай өзенінің арнасынан табылған көне жәдігерлерді мұражай қорына белгілі жазушы-этнограф Сейіт Кенжеахметов өткізіпті. Қазір сөреде мамонт қаң­қасының бір бөлігі ғана тұр. Қалғаны сирек кездесетін экспонаттарға арналған қой­ма­да екен. Өйткені былтыр ғана жөндеуден өткен музейге әлі реэкспозиция жасалмапты.

– Қазірше сирек кезде­сетін экспонаттардың біразы көрнекі жерде емес. Олардың бәрі реэкспозициядан кейін ғана өз орнын табады. Ма­монт­ты қазір қазақ арасында зіл деп атап жүр ғой. Зіл мен піл деген бір-біріне ұйқасып тұр ғой. Тұрпатына, кескін-кел­бетіне қарасақ та піл мен ма­монттың анатомиясында ұқ­сас­тық бар. Зіл деген қазақ мифологиясында кездеседі, ескі ертегі-аңыздардағы жануар­дың атауы. Ол өте ірі болмайды екен, шағын ғана жануар. Бір­ақ салмағы ауыр. Зілдей ауыр деген содан шыққан. Мамонт деген зілдің өзі болып шығуы да мүмкін. Жалпы, қа­зақтың дүниетанымында осындай қызық дүниелер көп. Мысалы, айтыстарда «тауыс құс­тай түрленіп» деген тіркес кездеседі. Тауыс дегеніміз – павлин. Қазақ даласында жоқ қой. Немесе «Жансызда үлкені – қамыс, жандыда үл­кені – балық» дейді. Енді әлем­­дегі ең үлкен жануар кит қой, көк кит. «Жансызда үл­кені – қамыс» дегенде ең биік болып өсетін өсімдік кә­дімгі бамбукті меңзеп тұр. Қа­мыс тәріздес қой ол. Немесе пілді алайықшы, піл де жоқ қой қазақ даласында. Бірақ ауыз әдебиетінде «құнан піл­дің қайысы» деген тіркес бар. Бұл жерде үш жасар деп пілдің жасына дейін анықтама беріп тұр. Осындай-осындай қызық дүниелер бар, – дейді ғылыми қызметкер.

Ел ішінде ежелде Торғай табанында теңіз болған деген сөз бар. Дала өлкесі тарихы му­зейінде тұрған акуланың тісі, бірте-бірте тасқа айналып, көмірге ұқсап кеткен ежел­гі өсімдіктер, бұдан өзге де түрлі палеонтологиялық қаз­­­ба қалдықтары да осыны мең­­зеп тұрғандай.

 

Арқалық