Көлік апатының сұрқай статистикасы сананы сансыратып тұр. Шақша басты шарадай қылады. Қара аспанды басымызға төндіргіміз жоқ. Десек те жұрт болып, жиылып, алқақотан отыра қалып, ойлануды қажет етеді. Оған түрткі – соңғы бес жылда елде жыл сайын 2 мың адамның көлік апатынан көз жұмуы.
Бұл – қаралы үй ғана қайғыратын емес, қоғам қамығатын һәм өсім мен өлімге қатысты зор әлеуметтік-экономикалық мәселе. Айдың-күннің аманында атыспай-шабыспай-ақ экономикалық осынша әлеуетті жоғалту – еңбек өнімділігі мен адами капиталға, демографияға жойқын соққы. Дабыл қағып, дамыл таптырмайтын жайт. Мәселен, биылғы жарты жылғы статистикадан ғана төбе құйқа шымырлайды. Айналдырған алты айда елімізде 1 мыңға жуық адамды көлік апаты жалмап үлгеріпті. Қарағанды облысында 7 айда 100 адам қаза болған. Бұған соңғы бір ай мұғдарында Алматы-Екатеринбург тасжолының Қарағанды-Балқаш бөлігіндегі қатарынан болған бірнеше көлік апатын қосыңыз. Оның біреуінде 8 адам, екіншісінде бүтін бір отбасы (!) 5 адам, күні кеше, 19 қыркүйекте төрт адам, оның екеуі – дәрігер тағы ажал құшты. 8 дәрігер зардап шекті. Небәрі бір ай ішінде. Жаға ұстайтындай ма? Ұстайтындай. «Әкең өлгенін жасырасың, көмгенде қайтесің?!» дегенді осы арада айтуға мәжбүрміз. Өйткені жасыратыны жоқ, жөнделуі жырға айналған, бақандай үш жылға үздік-создық созылған Алматы-Екатеринбург тасжолында аңыратқан апат көп. Талайлардың талқанын тасжол тауысты деуден аулақпыз. Дегенмен тасжолда көбейіп бара жатқан көлік апатының кілтипаны не?
Айналма жолдың ақыреті
Түйсігіміздің бірнеше жылдан бері жөнделіп бітпеген тасжолға тіксіне қарауы тегін емес. Қарағанды облыстық Полиция департаментінің басшысы Ерлан Файзуллин осыдан біраз бұрын республикалық маңызы бар жолдарда 54 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, онда 42 адам қайтыс болғанын мәлімдеген-ді. Оның ішінде апаттың басым бөлігі Қарағанды-Балқаш, Балқаш-Сарышаған жолдарында болған. Бұл жолдарда үш жылдан бері жөндеу жүргізіліп жатыр. Рас, кейінгі кезде айналма жолы азайды. Асфальтты жолдар ашыла бастады. Алайда апат көрсеткіші төмендеген жоқ.
Айналма жол дегенде айтпасқа амал жоқ. Осыдан бір ай бұрын ығыр қылған айналмадан қашып, реконструкциядан өткен жолмен жүйткіп келе жатқан көліктегі бүтіндей бір отбасы апатқа ұшырады. Әке-шешесімен бірге үш бала сол арада тіл тартпай кетті...
«26 тамыз күні сағат 23:00 шамасында Балқаш-Приозерск автожолында Гүлшат кентінен 23 шақырым жерде Приозерск қаласы бағытына қарай келе жатқан «Опель Вектра» автокөлігін тізгіндеген 35 жастағы жүргізуші жөндеу жүріп жатқан жабық жолға шығып кетіп, 25 жастағы жүргізуші басқарған «Хово» автокөлігімен соқтығысқан.
Жол апаты салдарынан жүргізуші мен оның 30 жастағы жолаушысы (әйелі), олардың кәмелет жасына толмаған үш баласы оқиға орнында көз жұмды. Бір бала медициналық мекемеге жеткізілді», деп мәлімдеген-ді Қарағанды облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Қуаныш Зәрубаев.
Күні кеше тағы осы аймақтағы апаттан төрт адам отбасын қайғыға көміп кетті. Ақтоғай ауданы Сарышаған ауылының маңында болған жол апатынан 2 дәрігер қаза тауып, 8 медицина қызметкері зардап шеккенін жоғарыда айттық. Көліктегілер «Қазақмыс» компаниясының қызметкерлерін медициналық тексеруден өткізіп келе жатқан дәрігерлер қауымы еді. Полиция департаменті таратқан қаралы хабар бүй дейді...
«...19 қыркүйек күні сағат 19.30 шамасында Ақтоғай ауданында Алматы-Екатеринбург тасжолында Сарышаған кентінен 30 шақырым жерде «МАЗ» жүк көлігімен «ПАЗ» жолаушылар автобусының қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды. Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі автокөліктің жүргізушісі мен автобустың бір жолаушысы алған дене жарақаттарынан оқиға орынында қаза тапса, автобустың тағы да бір жолаушысы жедел жәрдем көлігінде қайтыс болды. Жол-көлік оқиғасы кезінде автобуста 11 жолаушы болған. Аталған факті полицияда тіркеліп, тиісті сараптамалар тағайындалды. Қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады. Қарағанды облысының Полиция департаменті көлік жүргізушілерден жол жүру ережелерін қатаң сақтап, жолдағы сақтық шараларын естен шығармауды ескертеді». Ескертуде кемдік жоқ. Бірақ одан тыйылған апатты көре алмай пұшайманбыз. Жол-көлік оқиғалары Қарағанды облысының Балқаш қаласында, Осакаров, Нұра, Қарқаралы, Шет аудандарында көп тіркелетінін де департамент жоққа шығармайды. Қайтпек керек мұндайда?
Жол белгісінің көмегі шамалы
«Қазавтожол» ҰК» АҚ Қарағанды облысы бойынша филиалының басшысы Сырым Хамзин Қарағанды-Балқаш жолының жөнделуі барысында оның бөліктеріне арнаулы жол белгілері нормаға сай орнатылғанын айтады. Осы күні 16 айналма жол ұзындығы 8 шақырымды ғана қамтиды екен. Былтыр 78 айналма жол 148 шақырымды құрапты. Қазіргі таңда 260 шақырым жол ашық. Барлығында тиісті жол белгілері бар. Талапқа толық жауап береді.
– Қарағанды-Балқаш тасжолының 100 шақырымына жаңа асфальт жамылғысы төселді. Құрылыс-монтаж жұмыстары биылғы шілде айынан бастап қарқын ала бастады. Биыл құрылысқа жұмылдырылған мамандар мен арнайы техника саны бірнеше есе артты. Қазір нысанда 560 арнайы техника мен 1 мыңға жуық жол жұмысшысы жұмыс істейді. Жыл соңына дейін барлық айналма жолды жабу жоспарланып отыр. Бұл тұрғыда үлкен жұмыс атқарылды. Биыл айналма жолдардың саны 94 пайызға қысқарды, – дейді Сырым Ғазизұлы.
С.Хамзиннің айтуынша, 363 шақырымының толық пайдалануға берілуі 2023 жылдың желтоқсанына жоспарланған. Жолдағы құрылыс жұмыстарының іркіліспен жүруіне құрылыс материалдарының қымбаттауы әсер еткен.
«Шарт талаптарына сәйкес құрылыс жұмыстарын толық аяқтау 2023 жылдың соңына көзделген», деді С.Хамзин. Әйткенмен, Қарағанды облысының жергілікті билігі жолды біресе 2020 жылы, одан 2021, кейін 2022 жылы беріледі деп жұртқа жария етіп те жіберген еді. Содан бергі жолдың жайы тек онымен олай-былай өткен шаң жұтқан жолаушы мен көлігі күркілдегендерге ғана мәлім. Сонда алдаған кім, алданған кім?! Бізге беймәлім әзірге...
Сапасыз жолдың зардабы
Жол апаты адам өмірін жалмайтын індеттердің қатарында. Жаңылмасақ, осыдан үш жыл бұрын арнаулы халықаралық талдаулар Қазақстанда көлік апатынан адам өлімі көп елдердің қатарына қосқан. Мұның дерттен айырмасы біреу ғана болып тұр. Апат аяқ астынан. Соның салдарынан көрер жарығы жол бойында таусылғандар да жиі кездеседі. Обалы нешік, осынау проблема Парламент қабырғасында да көтерілді. Сенатор Ақмарал Әлназарова бастаған депутаттар халықаралық сарапшылардың көлік апатынан елдің экономикалық шығынын ІЖӨ-нің 3 пайызы деп бағалаған деректеріне сүйенеді. Бұл қаржыға шаққанда бірнеше млрд доллар. Сондықтан да мұның бір айла-амалы табылуын талап етіп отыр.
Жалпы, көпшілігінде апатқа көлік жүргізушілері кінәлі боп шығатыны еш құпия емес. Әйткенмен, тасжолдағы мәреге жетпей қойған жөндеу жұмыстарының апатқа әсері жоқ деп осы күні ешкім кесіп, батылы барып айта алмайды. Қарағанды-Балқаш тасжолындағы көлік легі 25 мың шамасында екенін ескерсек, жөндеуі созылған қара жолға қарапайым бұқараның кінә артар да жөні бар, ендеше.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы көлік апатынан келетін өлімді алдын алуға мүмкіндік бар жағдаятқа жатқызады екен. Аузы дуалы ұйым сөйдегенде, біз не дейміз. Демек мойындау керек. Апаттың алдын алу кемшін түсіп келеді. Ал тасжолдың сапасы мен сықпытына алдағы уақытта арнайы тоқталмақпыз.
Қарағанды облысы