• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Қыркүйек, 2022

Ахметсафа мешіті

486 рет
көрсетілді

Семейдегі «Степной» кентінде жаңа мешіт халық игілігіне берілді. Оның ашылуына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысты. Ғибадат орнына Ахметсафа қажының есімін беру ұйғарылды.

Құлшылық үйіне ғұлама-ғалым, дін қайраткері Ахметсафа қажы Қалдыбайұлының атын беру шешімі тектен-тек қабылдан­ған жоқ. Ол ұзақ жыл қаладағы Ты­ны­бай мешітінде қызмет еткен.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қазақтың арғы-бергі тарихында аты қалған, тәуелсіздік жолында күрескен азаматтардың есімін мешіттерге беріп келеді. Бұл құлшылық үйіне ғұлама-ғалым, дін қайраткері Тыныбай мешітінде талай жыл имам болған Ахметсафа қажы Қалдыбайұлының атын беріп отырмыз.

Бабаларымыз «Азаны бар ауыл азбайды» деген. Сондық­тан мешіт – тағылым мен тәр­бие­нің орны. Жаратқанның разы­­лығын алу мақсатында аға-бауыр­­лары­мыз осындай келбетті ғажап мешітті діни басқар­маға тарту етіп отыр. Алла сауаптан жазсын», деді Қазақстан мұсылмандары басқармасының төрағасы.

Ахметсафа хазірет Семейдегі «Тыныбай» мешітінде 1954-1973 жылдар аралығында имам болып қызмет еткен. Қызмет еткен жылдары мешітке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, құлшылық үйіне жаңа дем берді. Ел алғысына бөленген ғалым саналы ғұмырын дінге қызмет етуге арнаған. Ахметсафа қажының ұлы Мұзафар жиылған жамағатқа ризашылығын білдіріп, әкесі ұстаған Құран мен киген шапан-сәлдесін мүфтият музейіне табыстады.

Бұл орайда 5 мыңдай тұрғыны бар Степной кентінде бұрын ме­шіт болмағанын айта кеткен орынды. Жаңа мешіт 100 адамға арналған.

Сондай-ақ бас мүфти Семейде ұйымдастырылған «Қазыналы қария – даналық пен парасат иесі» өңірлік ақсақалдар форумына қа­тысып, делегаттар өскелең ұрпақ тәрбиесі, имандылықты күшейту, салт-дәстүріміз бен мемлекет­тік тіл­дің қолданыс аясын кеңейту­ге бай­ланысты ойларын ортаға салды.

«Қазақ халқы ақсақалға қашан да үлкен құрметпен қарайды. Қазынаға балап, бата сұраған. Құрмет көрсетіп, төрін берген. Бізге дәстүрді сақтап, аталы сөзге тоқтап, баталы іске жұмылатын жастар керек. Ұрпағымыз Ұлы Абайдың өсиет сөзін қасиетіне ба­лап өссе, келешегіміз кемел, бо­лашағымыз баянды болады. Ол үшін жастарға сапалы бі­ліммен қоса, саналы тәрбие беру­дің маңызы ерекше. Осы орайда Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сө­зінің терең мәніне қайран қа­ла­сың. Тәрбие тал бесіктен басталса, балаларымыз шежіре та­рих­ты бойына сіңіріп, ерлік, өр­лік рухта өссе, ұрпағымыздың өмір бәйгесіндегі алар орны төр бо­лады деген үміттеміз», деді Абай­ облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев.

ҚМДБ төрағасы бала тәр­бие­сіндегі бабалар жолына тоқталып, ұлағатты ұрпақ­ты қалып­тастырудағы ақсақал­дар­дың рөлі жайлы пікірін жеткізді.

«Қазақ «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» дейді. Қарттық жаспен емес, көрген-білген, түйгенмен өлшенеді. Ал аға буынның осы уақытқа дейін көрген-түйгені талай жасқа жылдар бойы азық болары сөзсіз. Өмір мектебінің сан түрлі сатысынан өтіп, көргенін көкейге түйген ақсақалдар­дың кеңесі ауадай қажет. Себебі біз болмысымыздан бір сөзбен ердің құнын кешірген, қай заманда да жүйелі сөзге тоқтаған халықпыз. Сол себепті сіздерді ел мүддесі үшін бірігіп қызмет етуге шақырамын», деді Н.Тағанұлы.

Форумда Жабал Ерғалиев, Абдулла қажы Жолдас, Манар­бек Мұхаметжанов, Асан Омаров, Рашид Бектеміров, Зейнолла Тоқаев сынды елімізге белгілі азамат­тар да ұрпақ тәрбиесіне қа­тысты орамды ойларымен бөлісті.

Бұдан басқа мүфтият өкілдері­нің қатысуымен Семейде Абай Құнанбайұлы орталық мешітіне апаратын жаяу жүргіншілер көпірі ашылды. Жаяу жүргіншілер көпірі мешіттің келбетін ашып, мешітке келетін халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Қазір мұнда медресе мен қатымхананың құрылысы жүріп жатыр. Оны 2023 жылдың қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланған.

 

СЕМЕЙ