Көне шаһардағы жаңа базарда ала таңнан өрт шықты. Салдарынан отызға жуық нысан тілсіз жаудың құрсауында қалып, сау-тамтығы қалмай жанып кетті. Деректерге сенсек, өрт 600 шаршы метр аумаққа дейін жеткен. Шығынға батып шырылдаған халық облыстық әкімдіктің алдына келіп, өңір басшысымен кездеспек болды. Жан бағып отырған кәсібінен қас пен көздің арасында айырылып қалған жұрт шығынды кім өтейтінін білгісі келеді.
Өңірді Қанат Бозымбаев басқарған жылдары орталықтағы «Көк базар» жойылып, орнына қаланың шеткі жағынан көп базар пайда болған еді. Көп базардың ішінде дәл осы «Ауыл берекенің» асығы алшыдан түсті десек, қателеспейміз. Саудагерлер де, халық та осында ағылып жатты. Жаңа базарды жағалаған жұрт табанынан таусылып нәпақасын тауып жүрді. Сол базардан қыркүйектің соңғы күні таңғы 8-дер шамасында өрт шықты. Өртті сөндіруге өңірдегі Төтенше жағдайлар департаментінің 56 қызметкері мен 13 техникасы жұмылдырылған.
Ызаға булыққан саудагерлер облыс әкімдігінің алдына келіп, өңір басшысы Нұржан Нұржігітовпен жүздесуді талап етті. Түс әлетінде келген халықтың базынасы кім-кімді де ойландырмай қоймайды. Табысынан қағылған бұқараның көңілі алаңдаулы. Жүздерінен «Енді қайтеміз?» деген сауалдың табын аңғару қиынға соқпайды.
«Базар ішіндегі асханаға қарама-қарсы тұста әжетхана орналасқан. Қауіпсіздік ережелері, санитарлық норма неге сақталмайды? Егер барлық талап орындалғанда тауарымыз өртеніп кетпес еді. Бір адамның кесірінен қаншама саудагер зардап шегіп отыр. Біздің жанайқайымызды еститін адам бар ма? Базар басшылығы бізге жауап берсін. Жергілікті атқарушы билік мәселені тиянақты қарауға ықпал етсін. Өйткені біздің күнкөрісіміз саудамызға байланысты», дейді шығынға батқан саудагерлердің бірі Ләззат Сейсенбекова.
Айқайға басқан саудагерлердің жанайқайы түсінікті. Күнделікті табысынан қағылған халық үшін мәселе едел-жедел шешімін тапқаны, өтемақының дер кезінде төленгені керек. Әлбетте, бұл оқиғада кімнің айыпты, кімнің жазаға лайықты екенін арнайы құрылған жұмыс тобы пен құзырлы органдар анықтай жатар. Ал халық ушыққан мәселенің оңтайлы шешімі ұзаққа созылмағанын қалайды.
Топтанып жүрген саудагерлердің айтар уәждері екі бастан белгілі. Олар әуелден-ақ өрттің шығуына базар басшылығын айыптап, дәйектерін де алға тартты. Ал «Ауыл береке» базарының басшысы Данияр Сегізбаев: «Өз тарапымыздан барлық сақтандыру шарасын қабылдағанбыз. Дер кезінде жарықты сөндіріп жүрміз», дейді. Оның айтуынша, өрттің тұтануына себепші болған асхана жұмысы талапқа сай көрінеді.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровтің айтуынша, өрттің шығуына кінәлі тарапты анықтау процесі ұзаққа созылмайтын көрінеді. Алайда өткір мәселе нақты қанша күнде оңынан шешілетінін ешкім тап басып айта алмады.
«Өздеріңіз айтқандай, егер өрттің тұтануына базар басшылығы кінәлі болса, шығындарыңызды өтеу базар басшылығының мойнына жүктеледі. Бұл бағыттағы жұмысты арнайы құрылған жұмыс тобы жүзеге асырады. Меніңше, мәселені зерделеуге аса көп уақыт кетпеуі керек», деді жағдайды түсіндірген Н.Календеров.
Базардағы өрттің шығу себебін анықтау мақсатында құрылған арнайы топқа жұмысты жеделдету тапсырылған. Топ құрамына зардап шеккен саудагерлердің өкілдері де енбек. Жұмыс тобы бірінші кезекте шығынның жалпы сомасын анықтауды қолға алады. Әлбетте, бұл мәселе бойынша жұмысты жедел жүргізу тапсырылғанымен оқиғаның анық-қанығын анықтау үшін біршама уақыт қажет. Ал өрттен зардап шеккен саудагерлер шығынды нақты көрсету үшін тиісті құжаттарын ұсынулары керек.
Тараз