Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Шымкент қаласына арнайы іссапармен келді. Іссапар барысында мегаполистегі білім мекемелерінің жұмыстарымен танысып, ұстаздар қауымымен кездесті.
Басқосуда еліміздің бас ұстазы мектепке дейінгі оқыту және орта білім беру, техникалық және кәсіптік білім беру, балалардың құқығын қорғау мен педагог мәртебесі жайлы сөз қозғады.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерге барып, тұрғындардың алдында есеп беру туралы тапсырма берген болатын. Соның шеңберінде барлық министрлік және біз де өңірлерге ат басын бұрып, ата-аналармен, әріптестерімізбен, қоғам белсенділерімен кездесіп жатырмыз. Бүгін, міне, Шымкентте бас қостық. Келген бойда екі білім мекемесіне бас сұқтым. Оның бірі мектеп болса, екіншісі – балабақша. Жиналыс біткен соң да бірнеше білім ошақтарын аралаймын. Мектеп, колледж директорларымен жүздесіп, біраз мәселені талқылайтын боламыз. Өздеріңіз білесіздер, Президент білім және ғылым саласына ерекше ден қойып, осы бойынша бізге тиісті тапсырма беріп отыр. Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да осы салаға қатысты алға біраз тапсырмалар мен міндеттер қойылды. Қазір соларды орындау бойынша жұмыстар атқарылып жатыр, – деді А.Аймағамбетов.
Министрдің мәлімдеуінше, Мемлекет басшысы педагогтердің абыройын асыру жөнінде тың бастамалар көтерді. Соның негізінде елімізде «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Осы заңның шеңберінде көп мәселе шешілді деп айтуға болады. Мәселен, ұстаздардың жалақысы бірнеше есеге артты. Тек мектеп мұғалімдерінің емес, колледж, балабақша және қосымша білім беру ұйымдарының ұстаздарының да еңбекақысы өсті. Келесі жылы да қаңтардан бастап мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға көбейетін болады. Тек жалақы емес, сонымен бірге ұстаздарды басы артық шаруалардан босату бойынша да біраз жұмыс атқарылды. №130 бұйрық бойынша мұғалімдер тек екі құжатқа ғана қол қоюы керек. Бұл біріншіден, күнделікті өзінің жұмыс жоспары. Екінші, мектептегі журналға бағаларды қойып отыру. Одан басқа күнделікті жүргізетін есебі болмауы керек. Елдегі болып жатқан барлық науқанға мұғалімдерді араластыру ісі бүгінде тоқтатылды. Сондықтан педагогтердің мәртебесін көтеру бойынша жұмыс әрі қарай да жалғасады. Министрлік үшін балабақша да маңызды сала. Оған ведомство бар назарын аударып отыр. Баланың өскенде тәрбиелі, білімді, бәсекеге қабілетті болуы тікелей балабақшада алған тәлім-тәрбиесіне байланысты. Қай тұрғыдан алып қарағанда да мемлекет үшін баланы жастай тәрбиелеу өте маңызды. Нобель сыйлығын алған ғалымдар балабақшаға салған бір доллар ертең жеті-сегіз доллар болып қайтатынын айтады. Сондықтан осы орайда министрлік бірнеше бастаманы қолға алды. Соның нәтижесінде 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту бүгінде 98 пайызға жетті. Осы ретте аттестация тапсыру қайта жандандырылды. Сонымен бірге 381 бұйрыққа сәйкес балабақшаларға жаңа талаптар қойылып отыр. Бұл алдымен бейнекамералардың болуы, ғимараттың санитарлық және өртке қарсы нормаларын қатаң сақтауы және медицина мен тамақтану көрсеткіштерінің стандартқа сай болуы. Осы талап шеңберінде алдағы уақытта барлық балабақша жұмыс істеуге тиіс. Сонымен бірге балабақшаларда балдырғандарды оқытатын бағдарламалар түбегейлі өзгертіліп жатыр. Бұл бойынша жаңа модель енгізілді. Министрдің айтуынша, 3-5 жас аралығындағы балалар – ойын балалары. Сондықтан оларға білім ойын түрінде берілуі керек. Бүгінде бір тәрбиешіге 25 баладан келеді. Бұл жүктеме азайтылатын болады. Өйткені бала саны аз болса, олардың білім мен тәрбиесіне де көп назар аударылады. Әр өңірде балабақшаға кезекке тұру әртүрлі. Сол себепті ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін республикада бірыңғай ортақ кезекке қою жүйесі әзірленіп жатыр. Ол электронды форматта жұмыс істейді. Орта білім беру саласына келсек, Шымкент қаласы министрліктің мектеп директорларының ротациясы бойынша тапсырмасын бірінші орындаған өңір. Оқу бітіріп келген жас педагог мамандарды жұмысқа қабылдау тәртібі де өзгереді. Бұрын маман мектеп директорына түйіндемесін қалдырып кететін. Әрі қарай жұмысқа қабылдау мәселесін директор өзі шешетін. Енді мұғалімдік қызметке тұру электронды форматта конкурс арқылы жүргізіледі. Әр критерий бойынша көрсеткіштер болады. Оқу бітірген түлек сол талаптарға сай болуға тиіс. Комиссия шешім шығарғанда тек конкурста талапкердің критерийлерге қаншалықты сай келгенін ғана бағалайды. Мұнда ең көп ұпайды кім жинайды, сол келешекте мектепте мұғалім болуға лайықты деп танылады. Айта кету керек, Шымкентте қазір осы жүйе іске асырылып жатыр. Ендігі ретте оны әрі қарай дамыта түсу қажет. Осы ретте жас педагогтердің бала оқытуға білімі сай болу үшін мектепте тапсырылатын пәндер бойынша және өзі оқыған педагогика саласынан тестілеуден өтеді. Сондай-ақ оқушылар ғана емес, мұғалімдер де бес күндік жұмыс режіміне көшті.
Мұғалімдер сыныптағы 4-5 дарынды оқушыны ғана бағалап, соларға көңіл бөле бермей, үлгерімі төмен оқушылармен жұмысты күшейтуі керек. Сынып жетекшілері баланың ата-анасымен жұмыс істеп, сабақ үлгерімінің не үшін төмендегенін, оның себебін бірге анықтауға тырысқаны жөн. Сонда ғана жұмыс жүйеленіп, мектептің білім сапасы артатыны сөзсіз. Мен бұл тұста, еліміздегі Білім-инновация лицейлерінің ата-анамен арада жүргізілетін жұмыс тәжірибесін қолдаймын, – деді А.Аймағамбетов.
Сонымен қатар Оқу-ағарту министрі А.Аймағамбетов алдағы уақытта өңірлерде салынатын мектептер мәселесіне де арнайы тоқталды. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ш.Мұқанның жүргізуімен өткен жиын соңында сұрақ-жауаптарға уақыт бөлініп, қатысқан азаматтар ағарту саласы бойынша өзара пікір алмасты.
ШЫМКЕНТ