АӨСШК VI саммиті халықаралық жағдайдың мейлінше ушыққан, мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар арасында өзара сенім деңгейі төмендеген, аймақтық мәселелерде түйінді сұрақтар қордаланған уақытпен тұспа-тұс келіп отыр. Осы орайда аталған іс-шараның маңызын халықаралық, аймақтық және мемлекеттік мүдде тұрғысынан, үш деңгейде қарастыруымыз керек.
Халықаралық тұрғыда кез келген қақтығыс пен соғыстың соңы келіссөзбен аяқталады. Қазіргі қақтығыстарды тезірек реттеу үшін тараптардың келіссөз алаңына жиналуы маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, саммиттің маңызы зор және көптеген қатысушы қақтығыстарды шешіп тастамаса да тезірек реттелуіне өз септігін тигізетіндігіне сенеді.
Аймақтық деңгейде Азия құрлығы ХХІ ғасырда өзгеше маңызға ие болып келеді. «ХХІ ғасыр Азия ғасыры» болады деген пікірлердің шындыққа айналып отырғандығын Президент саммитте сөйлеген сөзінде жеткізді. Бірақ аймақтық деңгейде шешілмей жатқан түйткілді мәселелер жетерлік. Бір-ақ мысалды айтайық, тәжік-қырғыз қақтығысы. Болмаса, Орталық Азия мемлекеттерінің алдында тұрған ортақ сын-қатерлер. Осының бәрін реттеу үшін ыңғайлы платформалар керек.
Мемлекеттік мүдде деңгейінде, қалыптасып отырған халықаралық, аймақтық ахуалдар мен Қазақстанның ішінде болып жатқан трансформация жағдайында ең маңыздысы – тұрақтылық және өзіміздің де, өзгелердің де мемлекеттің болашағына деген сенімі. Мәселен, Түркия Президентінің екіжақты келіссөз барысында «бауырлас елдің тұтастығы мен тыныштығы үшін алаңдайтындығы және көмекке дайын екендігін» ресми білдіруінің өзі мемлекеттік мүдде тұрғысынан ұтымды нәтиже екендігі сөзсіз.
АӨСШК осы аса маңызды бастаманы сараптамалық деңгейде қолдау қажет. АӨСШК құрылымында консультативтік-кеңесшілік органдар жұмыс атқарады. Олар: Даналар, Іскерлік, Жастар кеңестері және Сараптамалық орталықтар форумы. Осыған орай Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Халықаралық қатынастар факультетіндегі сараптамалық топ ұйымның және оның мүшелерінің орасан зор әлеуетін ескере отырып, Қазақстанның АӨСШК шеңберіндегі ынтымақтастығын кеңейтуді ұсынады. Бұл айтарлықтай дәрежеде ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға және еліміздің геосаяси ортасында тұрақтылықты қамтамасыз етуге көмегін тигізеді.
Сондай-ақ сараптамалық топ Мемлекет басшысының АӨСШК-ні толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру жөніндегі тұжырымдамасын мақұлдап, кеңеске мүше мемлекеттердің ұжымдық қызметін Азия өңірі төңірегіндегі қалыптасқан геосаяси ахуалға барынша бейімдеуді бірауыздан қолдап отыр.
«Оңтүстік – Оңтүстік» дамушы елдердің күш-жігерін біріктіру жөніндегі қазіргі заманғы трендтерді ескере отырып, АӨСШК БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары шеңберінде БРИКС+ типі бойынша дамушы елдердің басқа өңірлік құрылымдарымен және басқа ұйымдармен өзара іс-қимылды күшейтуге де ерекше ден қойылуы қажет.
АӨСШК мамандандырылған құрылымдарының жекелеген қауіп-қатерлерге және қауіпсіздікке сын-қатерлерге қарсы іс-қимыл жөніндегі мақсатты алдын алу қызметін күшейтуге де баса мән берілгені жөн. Азия құрлығында үйлесімді құрастырылған қауіпсіздік жүйесін құру, сондай-ақ кеңес шеңберінде өңірлік қауіпсіздік, халықаралық терроризм, діни экстремизм, заңсыз көші-қон, есірткі мен қарудың заңсыз айналымына қарсы күрес саласындағы өзара іс-қимылды күшейту мәселесі де күн тәртібінен түспей тұр.
Мүше елдердің әлеуметтік-гуманитарлық және мәдени ынтымақтастық, экологиялық проблемаларын бірлесіп шешу мақсатында оның өзара іс-қимылын кеңейту ұсынысы да маңыздылығын жойған жоқ. Осыған орай сараптамалық топ техногендік авариялар мен апаттардың алдын алу, эпидемиялардың таралу жолында қорғаныс кедергілерін салу саласындағы АӨСШК кеңістігінің қауіпсіздігін өлшеу шкаласын кеңейтуді ұсынып отыр.
Думан ЖЕКЕНОВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Халықаралық қатынастар факультетінің деканы, PhD