Астанада Экономикалық қауіпсіздік және комплаенс мамандарына арналған форум ұйымдастырылып, онда заңгерлер, комплаенс-офицерлер, экономикалық және ақпараттық қауіпсіздік мамандары комплаенс-қызметтерді автоматтандыру, кадрларды қалыптастыру, санкциялық комплаенстің заңды және беделге нұқсан келтіретін тәуекелдерін қаузады.
Кез келген бизнес түрі қандай да бір тәуекелдермен бетпе-бет келетіні даусыз. Қазір іскерлік саладағы қауіп-қатерді сейілтіп, кәсіпті табысты жүргізу үшін комплаенс-мамандары ауадай қажет. Ол айыппұлдар мен санкциялардың алдын алуға және бақылаушы ұйымдардың тарапынан сұрақтар туындаған жағдайда тиімді іс-әрекеттің тізбегін қалыптастыруға жәрдемдеседі. Сол себепті жаңа ғасырда бизнесті мұндай мамандарсыз өрге сүйреу қиын.
Шетелдік сарапшылар ресейлік серіктестер және контрагенттермен жұмыс істеу кезінде қазақстандық компаниялардың қайталама санкцияларға түсу тәуекелдерін төмендетудің жолдарын қарастырды. Форумда «Орталық Азия мен Кавказ елдеріндегі комплаенс проблемалары мен даму тенденциялары» зерттеуінің қорытындылары таныстырылды.
Зерттеуге барлығы 722 респондент қатысқан. Оның 70%-дан астамы – Қазақстанның компаниялары. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс басым бағыттардың арасында көшбасшы болып саналады. Себебі респонденттердің 66%-ы соған қатысты тәуекелдерді атап өтті.
Спикерлер айтқандай, қазір елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенстің өзектілігі мен маңыздылығы заңнамалық деңгейде айқындалған. Компаниялар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің коммерциялық тұрғыда орынды екені және оның іскерлік беделге нұқсан келтіріп, бизнесті қаржылық шығынға ұшырайтыны туралы түсінік қалыптасқаны қуантатынын айтты.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің деректері бойынша отандық квазимемлекеттік және жеке сектордың 6 мыңнан астам субъектісі комплаенс-қызметтерді енгізген. Алайда еліміздегі жоғары оқу орындары өкінішке қарай мұндай мамандарды дайындамайды дейді қатысушылар.
Құқықтық саясатты зерттеу орталығының сарапшысы Денис Примаков мысал ретінде 4 мыңнан аса қызметкері бар компанияда бір ғана комплаенс офицердің жұмыс істейтінін келтірді.
«Квазимемлекеттік сектордағы компанияларды диагностикалау мысалында және комплаенс офицерлермен жүргізілген сұхбаттардан қазір бірқатар қызметте тиімді комплаенс бағдарламасына адами ресурстың жетіспейтіні байқалып отыр», деді сарапшы.
«Комплаенс қызметке тәжірибесі жоқ адамдар тартылған кезде бұл жұмыстың тиімділігіне де әсер ететінін естен шығаруға болмайды. Компаниялардағы қызметкерлердің санына байланысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің бір-бір қызметкерлерін бөлуді ұсынамын. Мысалы, мыңға жуық жұмысшысы бар ұйымға бір қызметкерді тіркеп, егер де мыңнан асып жатса, сәйкесінше қызметкерлер мен ресурсты ұлғайту қажет», деді ол.
Kazakhstan Bar Association заң кеңесшілері палатасының комплаенс комитетінің төрағасы, жеке сектордағы комплаенс мәселелері жөніндегі тәуелсіз консультант Ольга Сафонованың айтуынша, комплаенс офицер – жеке мамандық. Қазақстанда комплаенс қызметі лайықты деңгейде дамыған жағдайда олардың өз бөлімшелері мен кәсіби ортасы қалыптасады.
«Заңгерлер мен комплаенс, ең алдымен заңдар мен реттеушілердің талаптарының мүлтіксіз орындалуын қадағалап, сәйкес келуіне, сондай-ақ қалыпты этикалық мінез-құлыққа жауапты. Қорғаудың екінші желісінің барлық функциясын іске асыру тәуекелдерді барынша азайтуға бағытталған. Бұл іс-әрекеттің жалпы негізі лигал мен комплаенс арасындағы табысты ынтымақтастықты орнатуға мүмкіндік береді. Менеджмент идеологиясы мен ұйымдастырушылық құрылым олардың қарым-қатынасында үлкен рөл атқарады», деді Ольга Сафонова.
Пленарлық талқылауға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің превенция қызметі басқармасының басшысы Нұрдәулет Сәмет қатысып, спикерлер Қазақстанда «Комплаенс туралы» заң қажет пе деген мәселені көтерді.
Бұдан басқа форумда Қазақстандағы ірі отандық және халықаралық компаниялардың тиімді комплаенс және іскерлік этика құру мәселелері бойынша жетекші сарапшылар ойларын ортаға салды.
Compliance & Security Forum – еліміздегі экономикалық қауіпсіздік, комплаенс және іскерлік этика саласындағы ауқымды іс-шара саналады.