• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Қазақстан 20 Қазан, 2022

Шерағаңның бір ауыз сөзі

369 рет
көрсетілді

1993 жылдың жазында Республикалық Ішкі істер министрлігінің «На страже-Сақшы» газеті бас редакторының бірінші орынбасары қызметінде жүрген жерімнен «Егемен Қазақстан» газетіне бөлім меңгерушісі болып ауыс­тым. «Егемендегілер» бұрынғы Бас редакторы Шерхан Мұртаза жа­йында жылы-жылы әңгімелер айтатын. Ол кісінің жазушылығы өз алдына, журналистика саласындағы еңбегінің өзі бір төбе. Шерағаң қай басылымға басшы болып барса, сол жерде елді елең еткізер жаңа бір тақырыптар бой көтеретін.

Тоқсаныншы жылдардың басында Ш.Мұртаза Жоғарғы кеңестің депутат­ты­ғымен қоса «Егемен Қазақ­стан» газетінің Бас редакторлық қызметін қоса ат­қар­ды. Жоғарғы кеңесте көте­рілген өзекті мәселелерді Ше­ра­ғаң ертеңінде-ақ «Еге­мен­нің» бетінде «Бір ауыз сөз» деген ай­дар­мен түйіндеп беретін. «Бір ауыз сөзде» ащы шындық мен мұндалап тұратын.

Жоғарғы кеңестің екінші ша­қы­­ры­лы­мы 1995 жылы заңсыз деп таратылды. Оның алдында Қазақстан РТРК төрағасы қыз­ме­тін­де болған Ш.Мұртазаға ешкім қайта қызмет ұсынбады.

1996 жылдың жазы еді. Бір жиналыс­та Бас редакторымыз Н.Оразалин:

– Білесіңдер ме, Шерағаңа «Еге­мен­ге» шолушы болып келіңіз деп едім, көнбеді, – деді.

Арада бірер күн өткенде жігіт­тер Шерағаңды әй-шәйға қа­рат­пай, алтыншы қабаттағы менің бөлмеммен қабырғалас бөлмеге әкеліп отырғызды. Міне, осы кезден бастап «Елім, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда!» деген тақы­рып­та Шерхан Мұртаза мен Камал Сма­йылов арасында хат жанрындағы замансөз басталып кеткен еді.

Ефрейтор да емес

Алтыншы қабаттағы лифт ашыл­ғанда дәл қарсысындағы ай­қара екі есіктің бірінде менің фамилиям, екіншісінде «Шерхан Мұртаза» деген жазу бірден көз­ге түсетін. Редакцияға шағым айту­­шылар бұрындар менің бөл­мемнің (Құқық бөлімі) есігін ашса, енді бәрі Шерағаңның есігін күзетіп, кезекке тұратын болды. Шерағаң олардың шерін тарқатып, асықпай тыңдап алған соң, қағаздарын бұрқыратып ма­ған алып келеді.

– Құқық қорғау органдары жа­йында жазатын осы жігіт. Жа­ңағы әңгімелеріңді қайтадан айтып берсеңдер, бір нәтиже шығарады, – дейді де, ілбіп басып шығып кетеді.

Бірде Шерағаң бөлмеме жайлап кірді де, қарсы алдымдағы орындыққа жайғасты. Сосын тамағын қырнап алып:

– Әй, баты-ы-р-р! – деді. Мұндай сөзді екінің біріне айта бермейтін Шерағаңның көңілінде жылу бар екені байқалады. – Се-е-ен әйгілі партизан, Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновті білетін шығарсың?

– О не дегеніңіз, «Жау тылын­дағы бала» кітабын жастанып оқып өстік қой.

– Ал сен ол кісінің әскери шені қан­дай екенін білесің бе?

– Білмеймін...

Шерағаң сөзін одан әрі жал­ғады. Түсінгенім: Жеңістің елу жылдығы қар­саңында Қазақ­стан Жазушылар одағы майдангер жазушылардың біразына за­­пас­тағы әскери шендерін көте­ру жө­­­нінде Қорғаныс ми­нистр­лігіне ұсы­­­ныс жасапты. Со­лардың ішінде Қ.Қай­сенов­ке полковник шенін беруді сұрапты. Министрліктегілер По­дольск қала­сындағы Ресей қор­ға­ныс министр­лі­гінің орта­лық ар­хи­віне хат жазып, партизан отрядының бұрынғы коман­ди­рі Қ.Қайсеновтің соңғы әс­ке­ри шені қан­дай болғанын анық­тап беруді сұ­рай­ды. Бірақ ол жақтан Қ.Қайсенов жайында еш­қандай анықтама табыл­май­ды. Бұдан кейін мұндағылар Қ.Қайсенов жайында «ефрейтор шені де жоқ қатардағы жа­уынгер» деген шешім шығарады. Бұған ашуланған Қ.Қайсенов «Егемендегі» Шерағаңа хабарласады. Шерағаң әдет­те­гі­дей бұл істі маған қарай ысырып отыр.

Біраз зерттеу барысында жанама де­ректер арқылы Қ.Қайсе­нов­тің со­ғыс­тан кейінгі әскери шені майор екенін, ал әскери қызметі полк ко­ман­­дирімен пара-пар болғанын дә­лелдеп, Қорғаныс министрлігінің на­­зарына «Қаһарманның қабағы неге кірбің?» деген тақырыпта мақала жаздым. Көп ұзамай Қ.Қай­се­нов­ке полковник дәре­же­сі берілді. Жақсы хабарды ести сала Шерағаң мені Бас ре­дак­тор­ға алып кірді. Ертеңгі нө­мір­ге «Ассалаумағалейкум, полковник Қай­сенов» деген құттықтау мақа­ланы Бас ре­дактордың өзі жазды. Шера­ғаң­ның бір ауыз сөзі қиын түйінді осылай шешті.

Ғарышкер Жәнібеков қазақ екен

Бірде Шерағаң бөлмеме жайлап кірді де, қарсы алдымдағы орындыққа жайғасты. Сосын тамағын қырнап алып:

– Әй, баты-ы-р-р! – деді. Маңызды бір әңгіме қозғарда Шерағаң сөзді осылай бастайтынына үйреніп қалғам. – Се-е-ен екі мәрте КСРО батыры, ғарышкер Владимир Жәнібеков жайында жақсы білетін шығарсың?

– Әрине, Шераға. Ол жайында көп жазылды ғой...

– Ал оның ұлты кім екенін білесің бе?

Шерағаң сөзін жалғады. Тү­сін­генім: Владимир Жәнібеков туған жері – Өзбек­с­тандағы Бос­тандық ауданына ке­ліп жат­қан көрінеді. Ал сол жақ­тағы адам­­дар Шерағаңа хабарласып, Владимирдің ұлты қазақ екенін және оны өзінен сұрап білудің сәті түсіп тұрғанын айтыпты.

Шерағаң екеуміз Бас редак­тор­ға кірдік те, маған Өзбекстанға іс­сапарға бару керек екенін түсін­дір­дік.

...Владимир төртінші сынып­қа дейін Өзбекстанның Бос­тандық ауданындағы орта мек­тепте оқыпты. Бірақ ол жер­де­гі құжат­тардың бірінен де «Жә­нібе­ков» деген фамилия кез­деспеді. Естуімізше, оның бас­тап­қы фамилиясы Крысин бо­лып­ты-мыс. Кейін Жәнібекова деген ноғай қызына үйленіп, әйе­лінің фа­милия­сына көшкен. Бала кезінде сы­нып­тас­­тары «кры­са» деп мазақтай берген соң, осылай жасапты-мыс.

Владимир қазір Шыршықтағы наға­шы­сының саяжайында демалып жатыр дегенді естідік. Келсек, кеше Мәскеуге ұшып кетіпті. Нағашысы көп сөзге жоқ адам көрінеді. «Әкесі ерте қайтыс болды. Крысин деп өз фамилияма ауыстырып алғам. Төртінші сыныптан кейін Таш­кент­тегі Суворов мектебіне бер­дім. Әскери училище бітірді. Кейін ғарышқа ұшты» дегеннен басқаға бармады.

Қайтар сәтте Владимирдің әкесі де­лініп жүрген Жәнібе­ков­тің нағашы әп­ке­сімен жолықтым. Ол кісінің берген дерегі:

«Жиен інімнің фамилиясы – Жәні­беков» деді де, өзінің және жиен інісінің есімін газетте көр­сетп­еуді өтінді.

Жиен інісі жас кезінде «Бос­тан­дық­тағы» жылу орталы­ғында от жағушы (кочегар) болып істейді. Кочегарканың келесі бір бөлмесінде кір жуылатын (пра­чечная). Сол жердегі бір орыс қызы­­мен та­­нысып, ақырында үйленеді. Сәби дү­ниеге келеді. Атын Володя (Владимир) деп қояды.

Жиен інісі кейін трактордың құлағына отырады. Бірде жұ­мыс­тан келіп, тракторын үйдің іргесіндегі күнделікті орнына қоя бергенде, тежегіші ұстамады ма, әлде байқамады ма, сәл ғана әріректегі терең жыраға төңкеріліп кете барады. Сөйтіп, көз жұмған. Бұл кезде Володя бастауыш сыныптың шәкірті. Өкінішке қарай, біраздан кейін шешесі ішкілікке салынады. Жет­кіншек төртінші сыныпты бітірген жылы Ташкенттегі на­ға­шы­сы өз қолына алып, Суворов атындағы әскери мектепке орналастырады. Бары осы.

Бес қыз тәрбиелеп өсірген Жә­нібе­ков­тің нағашы әпкесі мына бір оқиғаны да есіне алған:

– Владимир Жәнібеков ға­рыш­кер атанғаннан кейін туған жеріне келді. Киізүй тігіліп, кіре­бе­рісте ұлттық киім киген қыздар тізіліп тұрды. Олардың арасында мына кіші қызым да бар еді. Владимир осы қыздың жанына келгенде тоқтап, бетінен сүйді. Құдай бір­де­ңе­ні сездірді ме кім білсін? Киізүйден шыққан соң өзінің өскен үйін көргісі келді. Ол үй қаңсып, ауыл шетінде бос қалған. Келді де тоз-тозы шықан ескі тамға қарап көзіне жас алды. Сосын бірден Мәскеуге ұшып кетті. Таш­кент­ке баруға тиісті екен, ешқайда бұ­рыл­мапты...

Осы жағдайларды Шерағаңа айтқа­нымда:

– Кейін Владимир Жәнібе­ков­пен жолықсаң, өзінен сұрап барып бұл жайында жа­зар­сың. Әзірге ерте, – деп бір ауыз сөзбен ойын түйіндеді. Бірақ Жәнібековпен жолығудың сәті әлі түскен жоқ.

Түсімде жылап оянамын

Шерағаңның қарамағында істе­­­гендер ол кісінің жұмыс ба­ры­­­­­сындағы мінезі өте қатал екен­­ді­гін жиі айтады. Ал жай уа­­­­қыт­­­тағы мейірімі қандай еке­н­дігі жоғарыдағы мысал­дар­­дан-ақ кө­рініп тұр. Өзінен кі­ші­лермен сәлем­десуі де ерекше. Ұнататын ада­мының алқа­ны­на алқанын шарт еткізіп тастап жібереді. Сол шарт еткен шапалақты да са­ғы­на­ды екенсің.

Шерағаң «Егеменнен» Парла­ментке депутат болып кеткеннен кейін кездес­пе­дім. «Ай мен Айша» кітабын жиі қолыма аламын.

Бірде теледидарды қосып қалсам, Шерағаң туралы хабар жүріп жатыр, бірақ аяқталып қалыпты. Күзгі бақта, орындықта жалғыз отыр. Басында баяғы самбреро шіләпісі. Үстінде сұр пальто. Қолындағы таяққа сәл сүйеніңкірейді. Еңсесі түсіңкі. «Түсімде жылап оянамын. Же­тім­дік өтіп кеткен!» деді мұ­ңа­йып. Есімде соңғы бір ауыз сөзі ғана қалды. Одан кейін өзі де көп ұзамады.

 

Серік ЖҰМАБЕКҰЛЫ,

Әл Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің аға оқытушысы