• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Қазан, 2022

Архив: ауқымды істер арнасы

325 рет
көрсетілді

Архивсіз тарих, тарихсыз мемлекет болмайды. Архив – адамзаттың білімі мен ғасырлар еншісіндегі тәжірибесі, жазба тарихының дәйекті дәлелдері сақталатын қоймасы ретіндегі қызмет шеңберін уақытпен бірге кеңейтіп келеді. Архивке мемлекеттік тұрғыдан қолдау жасап, ондағы Ұлттық архив қорына кіретін құнды архивтік құжаттарды қорғау және жинақтау, есепке алу, олардың сақталуы мен пайдаланылуын қамтамасыз ету, заман талабына сәйкес архивті сандық трансформациялау мен архив саласындағы ғылыми, әдістемелік бағыттарын жаңғырту – әлемдегі барлық ел үшін ортақ мәселе.

Еліміздегі қолға алынып жат­қан жа­ңа реформаларға сәй­кес Қазақстан Рес­публикасы Президентінің Архиві сала­лық та­қырыптарды қамтитын не­гізгі бастамалар көтеруде ерекше тәсіл­дерді ұсынып отыр. Соның бірі Архивтің – Халықаралық архивтер кеңесімен бірлесе отырып, 19-21 қазан аралығында Ал­маты қаласында «Ашық қоғамға – ашық Архив» тақырыбымен I Халықаралық архившілер Кон­гресін өткізгенін айтуға болады. Ха­лықаралық архивтер кеңесі әлемнің 200 елінің архив­шілерін біріктіретін ЮНЕСКО ұйы­мының ең абыройлы құрылымының бірі болып табылады. Жиынның біз­дің еліміз үшін басымдығы сол – Қазақстан осы тектес форматта Халықаралық архивтер кеңесінің тікелей атсалысып қатысуымен іс-шара өткізген ТМД ел­де­рін­дегі алғашқы мемлекет болып отыр.

ҚР Президентінің Архиві Ха­лық­аралық архивтер кеңесімен бірлесіп дамыған архив ретінде осы Конгресті ұйымдастыру арқылы шетелдік әріп­тес­терімен тәжірибе алмасып, ортақ келіс­сөздер ала­ңын құруды мұрат тұта­ды. Алма­тыдағы Достық үйінің дөң­гелек залында өткен жиынға Қазақ­стан, АҚШ, Иордания, Ресей Фе­де­рациясы, Польша, Иран, Түр­кия, Франция, Канада, Оңтүстік Корея, Қытай, Түркіменстан, Қыр­ғызстан, Өзбекстан секілді 15 елдің мемлекеттік архивтік ұйым­дарының делегациясы және БҰҰ, ЮНЕСКО, Халықаралық архивтер кеңесі ұйымдарының басшылары мен сарапшы мамандары қатысты. Архив қызметіне жиі жүгінетін, іргелі ғылыми мекемелерде тарих саласының жұмысын ілгерілетіп жүрген отандық ғалымдар да осы алаңнан табылды. Алматының тө­­ріндегі бұл алқалы жиында мамандар әлемдегі жетекші архив­тердің инновациялық да­му жолдарын талқыға салды. Кон­гресс жұмысын ұйымдастыру Қазақ­стан Республикасы Президент Әкімшілігі, Мәдениет және спорт министрлігі, Сыртқы істер ми­нистрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Алматы қала­сы­ның әкімдігі тарапынан да қолдау тапты. Президент Әкімшілігі Жал­пы бөлім меңгерушісі Нұрдәу­лет Төлеев, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапха­насының директоры Бақыт­жан Темірболат Конгресс қатысу­шыларының жұмысына табыс тілеп, халықаралық жиынның маңызын атап өтті.

Халықаралық маңызы бар шараға құрмет білдірген Қазақ­стан Респуб­ли­касының Прези­денті Қ.Тоқаев Кон­грестің ұйым­дастырушылары мен қаты­су­­шы­ларына құттықтау хат жолдап, қолдау білдірді. Ол өз сөзінде «Қазақстан өз дамуының жаңа ке­зеңіне қадам басты. Кең ауқымды жаңғыру іс жүзінде барлық салалар мен бағыттарды, оның ішінде архив ісін де қамтуда. Басқарудың барынша демократиялық қағидаттарын, озық тә­жі­рибе мен цифрлық технологияларды енгізу әдеттегі дәстүрлі консервативті салаға қуатты серпін беріп, заманауи архив үлгісін жаңғыртудың сапалы жаңа деңгейіне шығарды. І Конгрестің толымды күн тәртібі мен қатысушыларының беделді құрамы архивтерді басқару, сақ­тау және пайдаланудың өзекті мәсе­лелері бойынша мазмұнды пікірта­ластар орын алатын сұх­бат алаңының қажеттілігін айғақ­тайды» деп, Конгресс жұмы­сы­ның алдағы уақытта дәстүрлі ша­раға айналатынына сенім біл­дірді. Халықаралық архив ісі­нің кәсіби қоғам­дастығының ынты­мақтастығы мен біліктілігі үдемелі және серпінді дамуы үшін осындай келіссөздер алаңы қажет екенін тілге тиек еткен Мемлекет басшысы Конгрестің жұмысына де­меу жасап, қатысушыларына ғиз­зат таныт­қаны архившілерді жігерлендіріп, ыждағаттылықпен еңбек етуіне серпін берері сөзсіз.

Конгрестің ашылуында сөй­леген Мәдениет және спорт ви­це-министрі Нұрғиса Дәуешов Қазақстан Үкіметінің архивке үлкен назар аударып, қолдау жасап келе жатқанын, «Архив-2025» жоба­сының 2020-2025 жылдарға арнал­ған кешенді іс-шаралар жоспары архив ісінің нормативтік құқықтық базасын жетілдіруді көздеп отырғанын атап өтті. Бұл жоба мемлекеттік архивтерді мате­риалдық-техникалық жабдық­тармен қамтамасыз етуді, кадр әлеуетін, сондай-ақ отандық және шетелдік архивтер, музейлер, кітапханалар мен ғылыми орта­лықтардан, кеңейтілген халық­ара­лық ынтымақтастықтың шеңбе­рінде Қазақстан тарихы жөніндегі құ­жат­тармен Ұлттық архив қорын то­лықтыруды мақсат етеді.

Жаңа форматтағы Архив

Халықаралық Конгрестің модераторы, Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина Жаңа формат­та­ғы Архив жұмысын жандандыру барысындағы өзгерістерден хабар­дар етті. Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің 2022 жыл­ғы 9 ақпандағы «Қазақстан Республикасы Президенті Архи­вінің кейбір мәселелері туралы» Жарлығымен Қазақстан Рес­публикасы Президентінің Архиві қайта құрылып, оның жаңа ережесі мен құрылымы бекітілген болатын. Жаңа мәртебеде мекеме қызметінің мақсаттары мен міндеттері бұрынғыдан да кеңей­тілді. Осы жылдың маусымында Архив 2035 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы мен стра­тегиялық жоспарын әзірлеп, бекіт­ті. Тұжырымдамада Архивтің стра­тегиялық даму бағыттары, мақ­сатқа жету қағидаттары, мін­дет­тері, сондай-ақ, оларды іске асыру кезеңдері айқындалған. Ай­тылған жаңа бастамалар архив ісін құжаттарды сақтаудың төңірегінен мемлекетті дамытудың жаңарған бағыттарындағы өмір­лік маңызы бар деңгейге алып шықты. Мемлекеттің бүгінгі ұста­нымындағы бұл жаңару құбы­лыстары қазіргі уақытта тек архив саласында ғана емес, қоғамдағы барлық салаларда көрініс табуда. Жалпыұлттық деңгейде жаһан­дануға бет алған көшпен бірге түбегейлі өзгерістерді еңсере бас­таған Президент Архивін өзге де қоғамдық институттардағыдай жаңа сын-тәуекелдер сынаққа алып отыр. Бұған Архив ұжымы жаңа тәсілдермен жауап қата бастады.

Бүгінгі таңда Архивте бұрынғы партия архивінің құжаттарынан бастап, тәуелсіз Қазақстанның саяси тарихы жөніндегі материалдары, сондай-ақ, Қазақстанның көрнекті саяси, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің жеке тек­тік архивтері бар. Ұлттың тарихи-мәдени мұрасының сақталуына аманат арқалаған архивтердің басты мақсаты – мемлекеттігіміздің тарихын қастерлеу бағытындағы жұмыстарының деңгейін дамытып, оған қатысты құжаттарды көздің қарашығындай сақтау болып табылады. ҚР Президенті Архивінің мұндағы ұстанымы да ерекше болып отыр. ХХ ғасыр мен Тәуелсіздік кезеңінің әлеуметтік-саяси тарихы құжаттарының елдегі ең ірі сақтаушысы ретінде Архив бұл жауапкершілікті уақтылы сезініп, отандық архив ісін дамытуда тәлімгерлік институт мәр­тебесіне айналуға бағыт алған. Ар­хивте құжаттарды цифрландыру мақсатында Ұлттық архив қоры­ның құжаттарын қалыптастыру, аза­маттардың құжат көздеріне қол жеткізу процесін жеделдету, жеке және заңды тұлғалардың сұранымдары бойынша қызметтер көрсетуді оңтайландыру мәселелері бүгінгі таңда толық шешімін тауып отыр.

Архивтің ынтымақтастық ауқымы

Архивтің өзгешелігі – оның құжат­тарының сапалық құны мен маңыз­дылығында. Әлемдегі әр мемлекеттің сая­си тарихы туралы түсініктері құжат­тық негізде қалыптасқан. Ел дербестігін дара­лап, мемлекеттілікті мақтан етіп, отандық және шетелдік архив­тердегі тарихи деректермен жұ­мыс бағыты қаншалықты қолға алынған деген са­уал күн тәртібінен түскен емес. Бұл өз кезегінде тек отандық емес, шетелдік архив­тердегі зерттеушілердің көпжақ­ты іргелі зерттеулерімен, мем­лекеттің тікелей қолдауымен ғана жүзеге асырылатын жұмыс. ҚР Президентінің Архиві өзінің құқықтық базасы мен ғылыми-әдіс­темелік деңгейін дамыту бағы­тында әріптестіктің жаңа дәуіріне өткен.

Басқосуға арнайы шақырумен келген Халықаралық архивтер ке­ңесінің атқарушы директоры Карлос Серрано Васкез қатысушыларды құттықтап, баяндама жасады. Ол өз сөзінде Ха­лық­аралық архившілер Конгресін ұйымдастырып отыр­ған Қазақстанға, ынтымақтастық жолында жиырма төрт жылды еңсерген сенімді серіктесі ҚР Президенті Архивіне алғыс айтты. Сондай-ақ ол «Халықаралық архивтер кеңесінің мақсаты – архив ісі мен құжаттарды бас­қарудың кәсіби мәсе­лелері бойын­ша тәжірибелер, зерт­теулер және идеялармен алмасу арқылы құжаттар мен архивтерді басқаруға әрі пайдалануға, сондай-ақ бүкіл әлем бойынша адамзаттың архивтік мұрасын сақтауға жәрдемдесу» дейді. Бұл жұмыстарды игеру үшін қазір әр елдің архивтеріне зерттеулер ұйымдастырумен шектелмей, заманауи әдістер мен құралдарды меңгеру жолдарын қарастыру қажет. Ол Конгрестің өтуіне атсалысып қатысуының да себебін түсіндірді. Қазақстанның және Орталық Азия мемлекеттеріндегі архив ісін жақынырақ біліп, кеңес­тің жұмыстарымен, ерекшелігі­мен таныса түсу ниетін білдірді. «Ар­хивтік құжаттар – бұл керемет ресурстар, олар өткен оқиғалардың құжаттық дәлелі, бірақ олар нәзік әрі осал болып келеді. Оларға құрмет таныту керек. Құнды құжаттарды сақтап, оның өміршеңдігіне жағдай жасап отырған архивтердің бас­ты рөлі – адамдар мен мемлекеттердің құқықтарын қорғау, сондай-ақ архив мұрасына жұртшылықтың барынша кең қолжетімділігін қамтамасыз ету болып табыла­ды. Осы жауапты қызметте бар­лық қатысушыларды бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын. Біз Халықаралық архивтер кеңесі осы тектес форматтағы келіссөздер алаңын құруда әрқашан әріптестік танытуға дайынбыз» деп тоқталды.

Конгресс жұмысына арнайы қа­тысуға келген өзбекстандық деле­гация­ның басшысы, «Узархив» агенттігі дирек­торының орынбасары Хусан Исаев бауыр­лас елдің ұлттық архивтерінің даму жолдарын тізбектеп шықты. Мәртебелі мейманның пікірінше, Кон­гресс – әрдайым сындарлы диалогті қамтамасыз ететін, халықаралық және жергілікті деңгейде архив ісін серпінді дамыту жөнінде шешім қабылдау жолында туындаған мүдделер мен мәсе­лелерді талқылайтын, барлық қа­ты­су­шының өзара тығыз қарым-қатынас жасауға мүмкіндік беретін іс-шара екенін атап өтті.

ҚР Президенті Архивінің сала­лық серік­тестері ҚР Орталық мемлекет­тік архиві мен Алматы қаласының мем­ле­кеттік архивінің қосқан үлесі зор. Аталған Архивтер шараға қолға­быс жасап, өздерінің тікелей ұйым­дастыруларымен заманауи архивтегі теориялық және тәжірибелік сын-қа­тер­лерді игеру тақырыптарында дөң­гелек үстелдер өткізді. Сонымен қатар Алматының бірнеше метропо­литенінде Кон­гресс жұмысына бағыт­тал­ған тари­хи-құжаттық көрмелер ұйым­дастырды. Серіктестермен бірлесіп ұсынған бұл форматтағы көрмелер қалалықтар мен қонақтардың көңілінен шығып, оң бағасын алған болатын.

Нәтижесінде, осындай халық­аралық кәсіби архив ісінің мамандары мен ұйымдарының ымырасын жарастырған алқалы жиын ынтымақтастықтың көк­жиегін ке­ңейтіп, еліміздің бұрын-соңды бел­гісіз болған бағалы құжаттарды ен­шілеуіне қол жеткізуі әбден мүмкін.

Халықаралық Конгрестің әлеуеті

Халықаралық Конгресті ке­шенді түрде ұйымдастыруға бас­шы­лық жасаған ҚР Президенті Архивінің директоры Ә.Мұстафина, тек ТМД елдерінің шеңберіндегі дәстүрлі үрдіспен шектелмей, алыс-жақын шетелдік архивтік ұйымдармен ынтымақтастық орнату Архивтің о бастағы алдыға қойған мақсаты еді, дейді. Кон­гресс жұмысында Архивті дамы­ту­дың инновациялық идеяларын қалыптастыру, жобаларды іске асыру және үздік архивтік тәжі­рибелерді тираждау негізгі тақы­рыпқа айналды. Бұл жиынның аясында мәдениет, өнер, әдебиет, ғылым және білім арқылы қоғам үшін архивтік құжаттардың рөлі мен маңызын ашатын тақырып­тық алаңдар (архивтік пікірталас курстар) ұйымдастырылды. Ар­хивтік лекторийлер форматында шақырылған негізгі спикерлер отандық архившілер және ға­лымдармен бірге ЕО, Азия және ТМД елдерінің, сондай-ақ алыс-жақын шетелдің, БҰҰ мен ЮНЕСКО, Халықаралық архивтер кеңесі ұйымдарының сарапшылары және мамандары мемлекеттік сақ­таудың стратегиялық даму жоспарлары мен іс-қимыл аспектілерінің ұзақмерзімді перспективадағы шешімдерін ортаға салды.

Кәсіби мамандар Конгрестің жұмы­сынан құжаттарды басқару­дың нақты тәртіптері мен оны сақтаудағы жаңа регламенттерін біліп, сандық форматқа көшірудің әлемдік үрдісінің қалай жүзеге асатынына куә болды. Сондай-ақ қатысушылар құжаттық ақпа­раттың жаңа түрлерімен жұмыс істеу үшін қазіргі заманғы шешім­дерді пайдаланып жүрген тәлім­герлермен тәжірибе алмасып, жаңа нормалар мен озық технологиялық жабдықтармен танысты.

Бұл өз кезегінде отандық архив­шілер үшін өңірлік архивтерде тиісті архивтік әдістемелік базаны қалыптастыруда, құжаттарды жинақтауда және сақтау бойын­ша құралдарды жетілдіруде үлкен жөн­сілтер болары сөзсіз. Кон­грес­те елдердің архив мекемелері ара­­сындағы бірлескен іс-шараларды ұйымдастырудың, алдағы жылдарға арналған іс-қимыл жоспарлары талқы­ланып, Халықаралық архив­шілер Конгресін дәстүрлі түрде өткізіп тұру мәселесі күн тәртібінде қолдау тапты.

Конгресс аясында форумның қоры­тынды құжатының жобасы – архивтердің ынтымақтастығы туралы Декларация талқыланып, қабылданды. Келесі «Ашық қоғамға – ашық Архив» Халықаралық архившілерінің Конгресі екі жылдан кейін 2024 жылы Қазақстанда болатыны жоспарға алынды.

 

АЛМАТЫ