Республика күніне орай Шымкент қаласының Көрме орталығында салтанатты іс-шара өтті. Биыл тұңғыш рет ұлттық мереке ретінде тойланып жатқан кешке мегаполистің зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, депутаттар, түрлі саладағы қызметкерлер мен жастар қатысты. Мерекелік басқосудың шымылдығы тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктер мен Республика күнінің маңыздылығы жайлы түсірілген бейнероликпен түрілді. Әрі қарай Көрме залында еліміздің Әнұраны әуелеп, сап түзеген жауынгерлер Көк туымызды ортаға алып шықты.
Салтанатты жиынның ресми бөлігі басталып мінберден сөз сөйлеген Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жиналған барша жұртты ұлттық мерекемен құттықтап, мегаполистің әлеуметтік-экономикалық салаларда қол жеткізген басты табыстары жайында баяндап өтті.
«Көпшілікке мәлім, 1990 жылы 25 қазанда мемлекеттік егемендік туралы Декларация қабылданған болатын. Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бұл күн ұлттық мереке ретінде бекітілді. Бұл маңызды шешім халықтың қолдауына ие болып, биылдан бастап ұлттық мереке мәртебесінде аталып өтетін болды. Бүгінде елімізде Әділетті Қазақстанды құру бойынша ауқымды реформалар қабылданып жатыр» деген шаһар басшысы республикамен бірге үшінші мегаполистің негізгі даму көрсеткіштеріне арнайы тоқталып өтті.
Ол елімізде конституциялық реформа нәтижесінде жаңа саяси басқару моделі қалыптасып жатқанын атап өтті. Осының барлығы республиканың демократиялық құндылықтарын, аумақтық тұтастығын, халықтың конституциялық құқықтарын қорғау үшін жасалып жатыр.
Республика күніне Шымкент қаласы зор жетістіктермен келіп отыр. Айталық, шаһардың республикалық мәртебеге ие болуы инвестициялық белсенділіктің артуына септігін тигізді. Тәуелсіздік жылдарында тартылған инвестицияның тең жартысы – 1,8 трлн теңге кейінгі бес жылдың еншісінде. Биыл 9 айда қалаға 328 млрд теңге инвестиция құйылды. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға жоғары. Жыл соңына дейін оның көлемі 530 млрд теңгеге жетеді.
Сондай-ақ әкім өз сөзінде алдағы 5 жылда 6 трлн инвестиция тарту көзделіп жатқанын жеткізді. Шаһар басшысы айтқандай, инвестиция көлемінің артуы есебінен қала бюджеті де төрт есеге ұлғайған. Шымкент бюджеті 584 млрд теңгені құраса, соның ішінде өзіндік кірістер 70-тен 252,5 млрд теңгеге дейін, яғни үш есеге артқан. Экономиканың өсуі нәтижесінде соңғы 3-4 жылда инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік туды. Сол арқылы ауыз сумен қамту деңгейі 93-тен 98 пайызға, электр энергиясы 91-ден 97 пайызға, ал тұрғындарға табиғи газды жеткізу 93 пайызға өсті. 2025 жылы инфрақұрылым мәселелері қала бойынша толығымен шешіледі.
Халық саны артқан сайын бүгінде мегаполисте білім саласына деген қажеттілік туғаны рас. Бұл мәселе де өзінің оңды шешімін тауып келеді. Мәселен, 1991 жылы Шымкентте 72 мектеп болса, бүгінде оның саны 235-ке жетті. Шымшаһардың әрбір үшінші тұрғыны – оқушы не студент. Жалпы, білім саласын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған жобасы әзірленіп, сол бойынша бүгінде жұмыстар тиянақты атқарылуда. 2025 жылға дейін 101 мектепті салу жоспарланған болса, соның тең жартысы кейінгі екі жылда тұрғызылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес алдағы екі жылда 22 жайлы мектеп салынады.
Денсаулық сақтау саласына тоқталған қала әкімі үш жылда аталған саланың материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға 14 млрд теңге қаржы жұмсалғанын баяндады. Соның нәтижесінде, биыл емдеу мекемелерінің техникалық жарақтандырылуы 79 пайызға жетпек. Қалада жыл сайын 30 мыңнан аса сәби дүниеге келеді. 10 мыңға жуық адам мегаполиске көшіп келіп жатыр. Осылайша, жыл сайын шымкенттіктер саны 40 мың адамға өсіп отыр. Осы орайда тұрғын үйге деген қажеттіліктің артатыны түсінікті. Сұранысты қанағаттандыру мақсатында, еліміздің белгілі құрылыс компаниялары Шымкентке арнайы шақырылды. Өткен жылы шаһарда алғаш рет 1 млн шаршы метрден аса тұрғын үй салынды. Тұрғын үй құрылысының қарқыны бір жылда 52 пайызға өсті. Биыл да көрсеткіштерді осы деңгейден түсірмеу жоспарда бар. Сол арқылы 8 мыңнан аса отбасы жаңа баспаналарға қол жеткізеді.
«Президенттің берген тапсырмасына орай зауыт-фабрикалар ашып, халықты жұмыспен қамту – әкімдіктің басты назарында. Қаладағы 5 өндірістік аймақта 10 мыңнан аса адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді. Индустриалды аймақтардың дамуының нәтижесінде биыл өнеркәсіп өнімінің көлемі 850 млрд теңгеге жетеді деп отыр. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 3,5 пайызға ұлғайған. Бұдан бөлек, жаңадан «Жұлдыз», «Бозарық» және жеке-меншік «Стандарт» индустриалды аймақтардың инженерлік инфрақұрылымы жүргізілуде. Бұл өндірістік аймақтарда 111 жоба іске асырылып, тағы да 10 мыңға жуық жұмыс орындары ашылады» деді қала әкімі.
Сондай-ақ салтанатты мерекеде түрлі салада қызмет етіп, адал ісімен көзге түскен бір топ еңбек озаттары ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені, «Парасат» ордені, «Құрмет» ордені, ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы және Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Мемлекеттік награда алған азаматтың бірі еңбек ардагері Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының әртісі Сапарбай Өтемісұлы ағамыз да қазақтың ұлттық мерекесімен барша жұртты құттықтап өтті.
«Тәуелсіздіктің алғашқы іргетасы мемлекеттік егемендікті жариялау туралы Декларациядан бастау алды. Сондықтан бұл күн шынымен де халық үшін қастерлі болу керек. Азаттық бізге оңай келген жоқ. «Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен» жетті. Осы жолда қаншама қазақтың ұлдары, ата-бабаларымыз жандарын құрбан етті. Республика күні бұдан былай ұлттық мерекеге айналып, жыл сайын осы айтулы күнді мәнді де сәнді етіп тойлауды қолға алуымыз керек. Өйткені егемендік үшін ұзақ жылғы күрестің нәтижесі 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Декларациядан ең алғаш рет көрініс тапқанын еліміз жақсы ұғынуға тиіс. Осы күннің қандай қасиетті екенін жастар терең біліп, кейінгі өскелең ұрпақ та оның маңыздылығын сезініп өтуі қажет. Сол үшін Республика күні әрбір қазақстандықтың қастер тұтар мерекесі болып, жүрегінде тұрған шақта Тәуелсіздіктің де ғұмыры мәңгі болмақ», деді мәдениет саласының ардагері.
Салтанатты кеш соңы Шымкенттен түлеп ұшып еліміздің үлкен сахналарда талантымен танылып жүрген белгілі өнер қайраткерлерінің қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласты.
ШЫМКЕНТ