Анадолының інжу-маржаны саналатын әйгілі Изникте көшпелілер рухы апта бойы салтанат құрған айтулы аламанға да көп өте қойған жоқ. Баршаңызға мәлім, аз уақыт бұрын ғана Түркияның Бурса аймағы Изник шаһарында өткен IV Дүниежүзілік көшпелілер ойындары түркі тектес жұртты ғана емес, жаһандану дәуіріне бет алған жарты әлемнің назарын өзіне аудартты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына Қазақстаннан құрамында 70-ке жуық мүшесі бар арнайы делегация барып, спортшыларымыз жемісті оралған болатын.
Жанкүйерлердің есіне қайыра бір салып өтейік. Ақпарат үшін. Әлемнің 102 мемлекетінен 3 мыңнан астам спортшы қатысқан айтулы аламанда қазақ спортшылары спорттың 5 түрінен (қазақ күресі, көкпар, көкбөрі, жамбы ату, садақ ату) өнер көрсетіп, 9 медаль – 3 алтын, 4 күміс және 2 қола жеңіп алған болатын. Жалпы, Көшпелілер ойынында спорттың 13 түрінен жүлделер сарапқа салынды.
Жалпы, отандық және шетелдік ақпарат құралдары Дүниежүзілік көшпелілер ойнының статистикасына, сарапқа салынған жүлделерге, спортшылардың шеберлігіне, қатысқан елдердің құрамы жөнінде құлақтандырып, негізгі идеологиясына аса мән бермегендей көрінді.
Таяудағы Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоғанның Қазақстанға жасаған ресми сапары кезінде де екі елдің саяси-экономикалық, мәдени-рухани қарым-қатынасына ерекше екпін берген әлемнің кейбір жетекші телеарналары мен басылымдары ақпарат тарату барысында Түркияда өткен ІV Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына баса саяси салмақ бергендей, астарына үңілгендей көрінді. Ілгеріде, Қырғыз жерінде өткен ойындарда жалпы бұқаралық сипатқа ие болғанмен, дәл осындай көзқарас сезіле қоймаған.
Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде Көшпелілер ойындарын екі жылда бір өтетін дәстүрлі спорт ретінде қабылдау туралы арнайы шешім қабылданған болатын. Сол қабылданған шешімнен кейінгі Түркия жерінде өткен доданың орны да, геосаяси салмағы да бөлек болды. Бұл жағдайды біз өз көзімізбен көрдік, көңілімізбен сезіндік.
Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов ел Президентінің тікелей тапсырмасымен қазақстандық спортшыларды қолдау үшін және ойындарды өткізіп жатқан елге құрмет көрсету үшін Түркия жеріне депутаттар тобын бастап арнайы барды.
Бурыл бұйраттарға жамбастап жатқан Бурсаға ілінгенімізде Қазақ елінің Көк байрағын көтерген білекті балуандарымыз бен жүректі көкпаршыларымыз, құралайды көзге атқан садақшыларымыз бен ат үстінде ұршықша үйірілген көкпаршыларымыз жарысқа қатысып жатыр екен. Мәжіліс Спикері бабы мен бағы келіскен спортшыларымызбен арнайы кездесті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының арнайы тапсырмасымен келіп отырмыз. Жүздеген мемлекет өкілдері бақ сынап жатқан осынау аламанда сіздерге арнайы сәлем жолдап, маңызы бөлек осы сайыста жемісті өнер көрсетіп, жеңіспен оралуларыңызға тілектестігін білдірді. Бірінші кезекте осыны жеткізгім келеді. Біз – көшпелілердің ұрпағымыз! Сіздер серік еткен бұл спорт түрлері ата-бабамыздан мұра болып келе жатқан, алпыс екі тамырымызда ойнақ салып тұрған ұлы өнер ғой! Баршаңызға сәттілік тілеймін! Жарақатсыз және Туымызды биік деңгейде алып шығуларыңызға тілектеспін», деп Ерлан Жақанұлы спортшыларымыздың жігерін жаныған. Намысын қайраған.
ІV Дүниежүзілік көшпелілер ойынының ашылу салтанаты да айрықша болды. Және жарты әлемге тікелей эфирде тараған шараға бүтін дүние көз тікті десе артық болмас.
Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоғанның ресми ашылуда сөйлеген рухқа толы сөзі жүректерді толқытып, көңілдерді тебірентті. «Аспан астын ат тұяғының дүбіріне бөлеген көшпелілердің ұрпағымын» деген мақтаныш сезімі кернеді.
– Түркияға, Бурсамызға және әр тасынан тарих, мәдениет және табиғаттың иісі аңқып тұрған Изнигімізге қош келдіңіздер! Әлемнің қай түкпірінде жүрсе де спортқа, өнерге, мәдениетке, ортақ болашағымыз үшін жанын беретін барша ағайынға Изниктен ыстық сәлемімді жолдаймын, – деп сөз бастаған Түркия басшысы көшпелілер мәдениетін адамзат тарихына байланыстыра сөйледі. – Мыңдаған жыл бойы адамзат түрлі себептермен атажұртын тастап, басқа географияда өздеріне жаңа өмір сүру кеңістігін іздеді. Сол сияқты белгілі бір географияда үнемі немесе жыл мезгілдеріне қарай орындарын ауыстырып өмір сүретін қауымдар бар. Осы ұзақ сапарларда кездескен қауымдар бір-біріне әсер етті. Ақпарат құралдары мен коммуникация әлемді шағын ауылға айналдырғанымен, көші-қон әлі де мәдениет пен адамдар арасындағы қарым-қатынастың ең тиімді тасымалдаушысы болып тұр. Бүкіл әлемде урбанизацияның артуы, жұмыс орындарының әртараптандырылуы, орталық мемлекеттердің қауіпсіздік пен азық-түлік қажеттіліктерін қамтамасыз етуі көшпелілікті айтарлықтай шектеді. Алайда адамзаттың мыңдаған жыл бойы ізін қалдырған бұл мәдениеттің жойылып кетуіне ешқайсымыз келісе алмаймыз. Ол үшін біз осы төл ойындарымызбен, салт-дәстүрлерімізбен, осыған ұқсас іс-шаралармен көшпелі мәдениетті өміршең етудің үлкен пайдасын көреміз. Бұл тәуелсіздігіміз бен болашағымыздың кепілі ретінде Торос тауындағы түтін түтеткен Йөрік шатырын білдіреді.
Көшпелілер ойындарын дүние жүзіне тарататын бұл іс-шара адамзаттың көне мұрасын келешек ұрпаққа қалдыру мақсатымен маңызды деп есептеймін. Спорттан өнерге, гастрономиядан дәстүрлі спортқа бет алған көшпелілер ойындарымен баршаңызды құттықтаймын!
Осы ойындардың сақталуына және оның болашаққа баруына өз үлестерін және қатысуымен қолдау көрсеткен достарымызға алғыс айтқым келеді.
Бейбітшілікке, бірлік пен ынтымаққа негізделген бұл ойындар өңірімізде діни және этностық қақтығыстар, шиеленіс пен дағдарыстар өршіп тұрған кездегі бірегей ынтымақтастық алаңы деп білемін. Ойындарға келген елдермен орнатқан қарым-қатынасымыз және арада қалыптасқан оң энергия бәріміз үшін мәдени дипломатияның жаңа есігін ашады. Біз ойындардың дипломатиялық қырына мән береміз, бұл біздің халықтарымызды жақындастыратын жаңа және тұрақты қарым-қатынастарды орнатуға мүмкіндік береді, – деп түйіндеді сөзін.
Салтанатты ашылудан соң қалашықта тігілген қазақ үйде Түркия Президентімен Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов арнайы кездесіп, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының ыстық сәлемін арнайы жеткізе отырып, бүгінгі таңда өзгеше сипат ала бастаған осы Дүниежүзілік көшпелілер ойнын Қазақ топырағында өткізуге ықыласты екенін жеткізді. Түркия басшылығының қай кезде де Қазақ еліне деген ықыласы ерекше екені бұрыннан да мәлім ғой, бірақ кездесу барысында Ердоған мырзаның Ұлы далаға деген аңсары мен тілегі тіпті анық аңғарылды.
«Қазақстан – біздің Атажұртымыз ғой, түбі бір туыс елміз. Бүгінгі дәуір ұрысатын емес, ұйысатын, ұғысатын, барлық салада байланыстарды арттыратын заман. Жұдырықтай жұмылған кезде ғана түркі дүниесінің тұғыры берік болады. Менің Қазақ еліне, оның басшысына деген құрметім ерекше! Біздің төрімізде өтіп жатқан осынау додаға арнайы ресми делегация келіп, қолдау білдіргендеріңізге шексіз ризашылығымды білдіремін. Осы Көшпелілер ойынының байрағы Қазақ жерінде де көтерілуі керек! Мен мұндай ұсынысты қолдаймын!», деді Ердоған.
Жалпы, 2014 жылы Қырғызстанда жалау көтерген көшпелілер ойыны кейін де екі мәрте айырқалпақты ағайындардың елінде өтті. Жыл өткен сайын әлемдік сипат ала бастаған бұл жоба таным мен дәстүрге терең тамыр сала отырып, түбі бір түркі жұртының жауынгерлік өнері мен ұлттық ерекшеліктерін, дәстүр-салттарын ойындар регламентінің негізгі қағидасына айналдыра бастағандай.
Изниктегі ойындарға Қырғыз президенті Садыр Жапаров, Татарстан басшысы Рустам Минниханов, өзге де елдердің ресми тұлғалары арнайы келіпті.
Жалпы, ойындар барысында ат спорты, күрес, садақ ату, көкпар, теңге ілу сынды сайыстардан бөлек, гастрономия бағытына сәйкес 20 елдің аспаздық тағамдарының да бағдарламасы болды.
Көшпелілер ойындарына келушілерге барлық жағдай жасалған. Өткеннен бүгінге саяхаттап, көрме-жәрмеңке алаңында, сондай-ақ этнобазарда талантты суретшілер мен қолөнершілердің туындылары қойылыпты. Бұл – жойылып кету алдында тұрған мәдени байлықты қорғау және оны сақтап қалуға жасалған қадам деп түсіндік. Дәстүрлі өнердің көптеген түрі, әсіресе каллиграфия, қолөнер, шүберек қуыршақ, киіз басу, орталығы Изникте орналасқан шыны жасау өнері де бағдарламаға енгізіліпті.
ІV Дүниежүзілік көшпелілер ойыны аяқталар тұста екі жылдан кейінгі көшпелілер олимпиадасын қабылдайтын елді анықтау үшін дүниежүзілік комитеттің арнайы төралқа жиыны өтті. Келіссөздер нәтижесінде 2024 жылы Қазақстан V Дүниежүзі көшпелілер ойындарын өткізуші мемлекет ретінде белгіленді. Түркияның Жастар және спорт министрі Мехмет Касапоглу салтанатты түрде ойындар эстафетасын елімізге ресми түрде табыс етті.
Осынау сүйінші хабарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов қабылдау кезінде арнайы баяндады.
Көшпелілер тұлпарларының тiлерсегiне дейiн сауыт кигiзiп, мұздай темiр құрсанып, күллі дүниеге әмірін жүргізгені тарихтан мәлім. Темiр қорытып, ағаш ойып, өрім өрген теміршілер, ұсталар – көшпелі өркениеттің бастауы еді. Олардың ошағы толы өркениет болды. «Алтын адамның» киіміндегі алтын түймелер сол дәуiрдiң куәсi. Ұядай ғана жерошақтың көрiгiн қыздырған сол ұсталар сайын даланың жал-құйрығы төгiлген тағыларын құрықтап, тұяғына – таға, езуiне ауыздық салды. Аруақ шақырған жауынгердiң басына – кiреукелi томағап, денесiне – тоғыз қабат торғауыт, қолына – күрзi, бұтына – бүтiлдiрiк, аяғына саптама етiк кигiздi. Сөйтiп, күннiң астын бағындыруды ұстаханадан бастаған көшпелілер кәрi құрлыққа дала өркениетiнiң алғашқы дәнiн апарып септi. Бiздiң сол бабаларымыздың адамзат өркениетiнiң алғашқы легiне үзеңгі, ауыздық, таға және жарғақ шалбармен қалың қол болып кiрді. Осы ұлы мәдениеттiң иесi һәм киесi тiрiде қазы болған, өлгенде шаһид кеткен ұсталар, теміршілер. Тағаның емшегi жанына батқан тирандар көшпелі өркениеттің көшін бастаған ұсталарды қойша бауыздағанын киiз кiтаптардан оқығанда аза бойың қаза болады...
Жанарбек ӘШІМЖАН,
Парламент Мәжілісінің депутаты