Мемлекет басшысының «Егістіктен сөреге дейін» кооперациялық тізбегін дамытуға қатысты берген тапсырмасына сәйкес қолға алынған фермерлік базардың құрылысы мәреге жақын. Апта сайынғы жәрмеңкені алмастырып, шаруалардың өз өнімдерін тікелей саудалауына мүмкіндік тудыратын базар бағаны тұрақтандыруға үлкен сеп болады деп күтілуде.
Павлодар қаласының солтүстік бөлігінде жүзеге асып жатқан фермерлік базар құрылысы бастапқыда күздің екінші айында дайын болады деп жоспарланған. Алайда шетелден жеткізілетін кейбір құрал-жабдықтардың кешігуінен тапсыру мерзімі шегерілді. Оның үстіне жобаның өзіндік құны да бастапқыда 380 млн теңгеге бағаланса, кейіннен оған облыс бюджетінен жалпы сомасы 839 млн теңге қаражат бөлінді. Бұл жерде сатушылар мен сатып алушылар үшін қолайлы жағдайлар қарастырылады әрі тұрақтандыру қорына қажет сақтау қоймаларының мәселесі шешілмек.
– Фермерлік базарды қала жұртшылығы, әсіресе зейнеткерлер күтіп қалғанын жақсы түсінеміз. Негізі жоба жоспар бойынша биылғы желтоқсан айында тапсырылуы керек. Біз мерзімінен бұрын аяқтағымыз келді. Сәйкесінше қараша айында толық іске қосылады деп жоспарлап отырмыз. Құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып қалды, енді аумақты абаттандырып, ішкі әрлеу жұмыстары жалғасуда. Жаңа базарда өндірушілер өз өнімдерін тікелей саудалайды, сауда үстемеақысы деген болмайды. Нысан дайын болғанда ол жерге шамамен 40-тан астам жергілікті өндірушілер жіберіледі. Апта сайын кәдімгідей жәрмеңкелер ұйымдастырылып, тұрғындар көтергенінше азық-түлік өнімдерін сатып ала алады, – дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Талғат Доғалов.
Базар таңертеңнен кешке дейін жұмыс істемек. Ет саудасы үшін мұнда 16 орын бөлінсе, қалғанында бакалея және өзге тауарлар сатылады. Нарықта танымал «Рубиком» және «Крендель» секілді компаниялармен келіссөз жүргізіліп жатқан көрінеді. Қазірдің өзінде 15 сатушы мұнда сауда-саттық жүргізуге ниет танытқан.
– Базардағы сауда павильондарын жалдау құны арзан, шаршы метрі үшін 2 мың теңге төлейді. Фермерлік базар ашылған соң «Квазар» сауда үйінің жанында сенбі сайын ұйымдастырылып келе жатқан ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі толығымен сонда көшеді деп отырмыз. Сатушылар жаңа орынға орналасады. Сатып алушылар базарға трамваймен және автобуспен жете алады. Жаңадан маршруттар ұйымдастырылады, – дейді «Павлодар» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Бек Оразғұлов.
Болашақ базарда сауда орындарынан бөлек, асхана, көше саудасына арналған қалқандар және жүк көліктеріне арналған үлкен тұрақ ашылады. Қажет болса, жалпы саны 240 сауда орны жасақталуы да мүмкін. Мұндағы өнім сақтайтын тоңазытқыштардың ауқымдылығы да таңғалдырып отыр, шамамен 180 шаршы метр өнім бір мезетте сыйып кетеді екен. Сауда орнының тазалығы мен логистикасына 12 қызметкер жауап береді. Әр сенбі сайын мұнда 7-8 мың адам келіп сауда жасайды деп болжануда.
ПАВЛОДАР