Нарынның құмында туып, ел тарихында өрлігімен ізін қалдырған, өнерімен ел аузына іліккен, ұлтымыздың жыраулық өнері өкілдерінің бірі Алмажан Азаматқызы қазақтың өжет те қайсар қыздарының озық үлгісі іспетті. Ақын қыздың өлең-жырлары көп болған деседі. Алайда бүгінге жеткен жалғыз шығармасы – «Жетім қыз» атты поэма.
Бұл поэманы оқып шықсаңыз А.Азаматқызының тіл байлығын, ой-орамдарының тереңдігін, ақындық қуатын, өмір шындығын боямасыз берудегі шеберлігін, сол кездегі саяси, әлеуметтік жағдайларға жүрек көзімен қарағанын, әділетсіздікке төзбес жан дүниесінің тазалығын анық аңғарасыз. Ақынның басқа да өлең-жырлары көп болған деген болжам өте дұрыс айтылған. Өйткені «Жетім қыз» атты поэма жүрегінен жарып шыққан ақынның басқа өлеңдері болмады деуге сену қиын.
Нарын атырабының Бекетай-Басқасқа дейтін құмында 1823 жылы туған (дүниеден озған жылы белгісіз) А.Азаматқызы інісі Төрежан екеуі ата-анадан ерте айырылып жетім қалады. Әкесі Азамат 1836-1838 жылдары болған Исатай-Махамбет көтерілісінде қаза табады.
Әке-шешеден жастай қалған Алмажан мен Төрежан шын құқайды жұртының атқамінер жуандары – билерден көреді. Өз елінің ішінде жүргендіктен ешкімнен кемдік көрмеспіз деген ойлары әдіра қалады. Міне, басқа түскен қасіреттің азабы Алмажанның жан дүниесін алақұйын етіп, ақырында көрген қиындығы «Жетім қыз» болып жан сарайынан төгіліп, кеңге жайылады. Нақтылай айтқанда, поэмада автордың өзінің басынан өткерген тақсіреттері сөз болады.
Қысқаша келтірсек, Нарын атырабындағы зорлықшыл тоғыз би Алмажанның мал-мүлкіне қол салғысы келіп, өзін тоқалдыққа алмақшы болып алатайдай бүлінеді. Өжет те қайсар жас қыз інісін соңынан ертіп, Жәңгір хан ордасы орналасқан Жасқұсты бетке алып жолға шығады. Ақын қыз сапар алдында өзінің қарт атасына шағынып, әлгі тоғыз биден көрген қорлығын жырлайды. Одан әрі ақын інісі екеуі жолда көрген қиындықтарын, сондай-ақ алыстан арып-ашып ордаға келгенде мұндағы атарман-шабармандар Алмажанды ханға кіргізбей, пара сұрап әуре еткенін баяндайды. Поэманың қысқаша сипаттамасы осындай.
Ал енді «Жетім қыздың» кейбір тұстарына тоқталып, ақынның сөз саптауына, төгіліп түскен өлең жолдарына аз-кем ат шалдырайық.
«Құс ұлығы бидайық
Шарқ ұрып көкке ұшқанда,
Балапан үйрек, қаз бен қу
Көтеріліп ұшпас көлінен.
Сусыныма шай ішіп,
Бастаңғыма бал жеген,
Толықсыған қыз едім,
Күніме жетпей айырылдым,
Екі бірдей тірімнен.
Әкекем өзі кеткен соң,
Атаңа нәлет тоғыз би,
Адастырды-ау жөнімнен.
Адастырған емей, немене,
Зорлық етіп, айырдың
Ата бір қоныс жерімнен.
Сөйлесе билер, сөз қалмас
Алмаш «арсыз көрімнен».
Екі бірдей жетімді
Жайсыз жерде жылатып,
Қорқыныш жоқ, тоғыз би,
Нәубетті кезек өлімнен», дейді.
Кешегі бала күнін аңсаған жетім қыз. Жан-жақтан андыздаған, құлқыны кең қорқау билер. Қауқарсыз ата. Қайтпек керек? «Атаңа нәлет тоғыз би» жөнінен адастырып, мекенінен айырып, шыбын жаны шырылдаған ақын қыздың сөзін ұғар кім бар? Тыңдар құлақ болмаса жанайқайы осылайша жыр болып құйылып түспегенде қайтеді.
Дуалы ауыздан шыққан сөз ғасырдан ғасырға жетеді деген рас-ақ, Алмажанның қиналғаннан шыққан үні бүгінге айна-қатесіз жетіп тұр.
Інісін жетектеген Алмажан ұзақ жол жүріп ордаға келгенде мұндағы билер ханға кіргізу үшін одан пара сұрайды. Бұған шыдамаған Алмажан қаймықпай ашкөз билерге былай дейді:
«...Арызға келген жетімді
Жібермей, жолдан тоқтату,
Билерім, сізге жөн бе екен?
Нарындағы тоғыз залымнан
Онан да зорлар мында екен.
Нарында тоғыз залым-ды,
Залымдар алып малымды,
Тірідей қорлық көрген соң,
Бір шапағат болар деп,
Үміт етіп келіп ем
Жаяу іздеп ханымды...
...Келіп едім даңқымен
Жәңгір ханның құзырына,
Күндіз-түні барсаң да,
Есігі бар кең деген.
Қалай еді билері,
Арызға келген жетімді
Жібермей, жолдан тоқтатып:
«Параң болса, бер!» деген.
Қоя бер, билер, жөніме,
Қалжыңдасып тұратын
Үйіндегі жеңге емен».
Ақынның бұл сөздерінен сол кездегі қоғам өмірінің сұрықсыз сипатын, әлдінің әлсізге әкіреңдеген кеспірсіз кейпін, бұрынғы берекелі қазақ ортасының бұзыла бастағанын, жақсылар жайғасар төрге жамандар шығып, елдің берекесін алып отырғанын, әділеттілік кейінге ысырылып, жұрттың құтын қашырған әділетсіздік ойранын орамды тілмен жеткізген.
А.Азаматқызының ғасырларды көктей өтіп бүгінге жеткен сөзі – «Жетім қыз» поэмасынан автордың өзінің ғана емес, сол тұстардағы барша қазақтың әділдік іздеп жан ұшырған үні, шындыққа сусап шырылдаған жүрегінің дүрсілі, қансыраған жанының құмығып шыққан айқайы, өрт түскен өзегінің өксігі естіледі. Поэма сонысымен назар аудартады.