Жетісу облысында төтенше жағдай кезіндегі оқыс жағдайлардың алдын алу шаралары жүзеге асырылды. Орман өрті былтырғымен салыстырғанда аз. Әйтсе де 5 мың тұрғын үйде өрт қауіпсіздігінің бұзылуы анықталып отыр. Оның алдын алу үшін 2025 жылға дейін Талдықорған және Текелі қалаларында, Көксу және Алакөл аудандарында 4 өрт сөндіру депосын салу жоспарланған. Бұл жайында Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин өңір жұртымен кездескенде мәлімдеді.
Облыс орталығы Талдықорған қаласына арнайы іссапармен келген ведомство басшысы осы жылдың өткен кезеңіндегі қызмет қорытындылары туралы егжей-тегжей баяндады. Министрліктің жұмыс жоспарларына кеңінен тоқталып, азаматтардың өзекті сұрақтарына жауап та берді.
Жаңадан құрылған Жетісу облысының аумағында министрліктің бөлімшелері тамыз айынан бастап жұмыс істейді. Тарқатып айтсақ, Төтенше жағдайлар департаменті, Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі, аудандық ТЖ бөлімдері, өрт сөндіру бөлімдері, өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің департаменті, апаттар медицинасы, «Қазселденқорғау» орталығының филиалдары бар.
Бүгінде өңірдегі жағдай тұрақты. Төтенше жағдай саны 3,5 пайызға азайған. Келешекте жүйені дамыту перспективалары ойластырылуда. Мәселен, алдағы 3 жылда Талдықорған, Текелі қаласымен қатар, Көксу және Алакөл аудандарында өрт сөндіру депосы салынбақ. Бұл – табиғи апат кезінде алаңдап қалатын тұрғындардың үрейі біраз сейіледі деген сөз. Осы күнге дейін өртке қарсы қызметті 19 бөлімше жүзеге асырса, келер жылдары олардың да саны артып, жаңа техникамен жабдықталмақ.
«Біріншісі – өрт сөндіру бөлімшелерін жабдықтау. Өңірді дамытудың 2026 жылға дейінгі жоспары шеңберінде 11 ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізу, 2025 жылға дейін құлақтандыру жүйесі мен өрт техникасын сатып алу жоспарлануда», деді министр.
Оның айтуынша, қазір облыста 123 техника бар. Жыл соңына дейін адамдарды құтқару, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою үшін 8 техника сатып алу жоспарлануда.
Ведомство басшысының мәлімдеуінше, жеке тұрғын үй секторына 15 тамыздан бастап жылыту кезеңіне байланысты 3 мыңнан астам рейд жүргізіліп, 50 мыңнан астам жеке үй иелеріне профилактикалық жұмыстар жүргізілген. Жылыту маусымы бойы тұрғын үй секторында пештерді, электр жабдықтарын пайдалану, сондай-ақ газ жабдықтары мен баллондарды сақтау бойынша әдістемелік көмек көрсетілмек.
«Біз жеке тұрғын үй секторын жауапкершілікке тартпайтынымызды, өзімізді және отбасымызды өрттен және көміртегі тотығымен улану секілді жазатайым оқиғалардан қалай қорғауға болатыны туралы ұсыныстар беретінімізді атап өткім келеді. Бес мың тұрғын үйден қыздыру аспаптарының жанында жанғыш материалдарды сақтау, пештің үстінде заттарды кептіру секілді өрт қауіпсіздігін бұзу дерегі анықталды. Оның ішінде 3 мың үйді тәртіпке келтірдік, қалғандарына ұсыныстар берілді», деді Ю.Ильин.
Сонымен қатар министр қыркүйек айынан бастап әкімдік және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп 809 датчик орнатылғанын хабарлады. Бұл құрылғылар қауіп туралы алдын ала хабардар етіп, азаматтардың қаза болуына жол бермейді. Былтыр министрлік тұрғын үйлерде өрт дабылы және газдануды бақылау жүйелерімен міндетті жарақтандыруды заң бойынша енгізген еді. Бұрын бұл нормалар ғимараттар мен биіктігі 10 қабатты тұрғын үйлер үшін ғана міндетті болатын.
Жергілікті халықпен кездесу барысында газ баллондарын сақтау мәселесі де ортаға тасталды. Естеріңізде болса, 2014 жылдан бастап тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалануды бақылау әкімдіктерге жүктелді. Дегенмен апаттың басым бөлігі осы көгілдір отынға салғырт қараудың кесірінен болуда. Ал Жетісуда өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 30 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
«Көбінесе газ баллондарын пәтерде дұрыс пайдаланбау және сақтау бүкіл бір кіреберістің адам өліміне әкеледі. Осыған байланысты, газ жабдықтары мен тұрмыстық газ баллондарын пайдалану ережелері бойынша тұтынушылармен де, газ толтыру стансаларының иелерімен де қосымша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Халыққа тек жарамды газ жабдығын пайдалану қажеттігін еске салғым келеді. Сонымен қатар екі қабаттан асатын көппәтерлі үйлерде газ баллондарын пайдалануға тыйым салынады», деп атап өтті министр.
Бұдан кейін министр жұртшылықты табиғи өрттердің алдын алуға шақырды. Шынында, табиғи өрт себептерінің бірі – адамның өзі. Табиғатқа шыққанда қарапайым ережелерді сақтауды ұмытып кетіп жатамыз. Соның салдарынан ел әбігерге түседі. Арнайы белгіленбеген жерде от жағуға болмайды. Мұның бәрі табиғи өрттің алдын алуға және экологиялық залалдан қорғауға мүмкіндік береді.
«Өңірге келетін болсақ, оның аумағында орман да, дала да бар. Өрт қауіпті кезеңі басталғаннан бері жеті жүзден астам рейд жүргізілді. Ауыл шаруашылығы өндірушілерімен және фермерлермен алты жүзден астам нұсқама өткізілді. Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін бірнеше азамат әкімшілік жауапкершілікке де тартылды», деді Ю.Ильин.
Кездесуде қысқы кезеңдегі төтенше жағдайдың алдын алу мәселелері де қалыс қалмады. Облыста ұзындығы 300 шақырымнан асатын 24 қарлы учаскеде қар ұстайтын қалқандар тек 6 шақырымды ғана қамтиды. Мұның бір себебін министр өңірде қыста қар аз жауады деп түсіндірді.
«Бұл өңірде қыста қар аз, бірақ республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдарда қар құрсауы болады. Республикалық маңызы бар Үшарал – Достық күре жолы – қысқы кезеңдегі ең проблемалы учаске. Мысалы, былтыр жүргізуші осы автожолдағы қозғалысты жабу туралы талапты елемеуіне байланысты қар құрсауында қалды. КамАЗ-да екі жүргізуші болған. Ауа райының қолайсыздығына байланысты оларды эвакуациялау 28 сағаттан астам уақытқа созылды», деді министр.
Қазіргі уақытта автожолды реконструкциялау жүргізілуде. Облыс бойынша қысқы кезеңдегі ТЖ жою үшін тартылатын күштер мен құралдар топтамасы бекітілді. Атап айтқанда, 2 мыңнан астам адам, 500-ден астам түрлі техника, халықты эвакуациялау үшін 6 вахта және 26 жылыту пункті жұмылдырылады.
Сарқан және Алакөл аудандарының аумағында трассалық медицина-құтқару пункттері орналасқан. Олар қыста жылыту пункті ретінде де пайдаланылады. Қыс мезгілінде адам өлімінің алдын алу мақсатында SMS-хабарламалар арқылы ақпараттандыру белсенді жүргізілуде. Сондай-ақ жабық жолдар туралы барлық ақпарат «Дармен» мобильдік қосымшасында орналастырылады.
Айта кетейік, халықпен кездесуде министр азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің әлеуметтік пакетін жақсарту жөніндегі жұмыстардың жалғастырылып жатқанын атап өтті.
«Өздеріңіз білетіндей, қазір әлеуметтік тұрғыдан біздің қызметкерлер аз қорғалған. Бізді қызметкерлерді ауыстыру және жоғарылату кезінде көтерме жәрдемақылардың, жауынгерлік іс-қимылдарға жақын жағдайларда жұмыс істегені үшін үстемеақылардың болмауы қынжылтады», дей келе министр азаматтық белсенділігі үшін бірнеше азаматты марапаттады.
Іссапар барысында Юрий Ильин «Жас өрт сөндіруші» кадет сыныбының жас құтқарушыларымен дидарласты. Кадет сыныбы – қазақстандық педагогикадағы оқушыларды оқыту мен тәрбиелеудің жаңа формасы. Мұнда балалар неғұрлым жинақы, Отанымыздың нағыз патриоттары болып өседі. Азаматтық қорғау саласына бейімділігі бар осындай сыныпты құрудың мақсаты – болашақ құтқарушыларды мектептен бастап дайындау.
Осы санаттағы оқушылардың оқу бағдарламасына облыстың білім басқармасының келісімі бойынша азаматтық қорғау, алғашқы әскери даярлық, дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету бойынша қосымша сабақтар енгізілген. Юрий Ильин кадеттерге жас кезінен бастап болашақ мамандығын таңдағаны үшін алғысын білдіріп, балаларға теннис үстелін сыйлады.
Жетісу облысы