• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Қараша, 2022

Әулиекөлдегі жаңа үйлерді су басты

464 рет
көрсетілді

Әулиекөл ауданында өрттен зардап шеккен азаматтарға арналған 91 тұрғын үй салынды. Алайда жақында ғана қоныс тойын тойлаған кейбір үйлердің тұрғындары кәріздердің толып кеткеніне шағымдана бастады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қостанай облысы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Берік Таңжарықовтың айтуынша, жобада септиктерді орнату қарастырылмаған, осыған байланысты мердігерлер есебінен уақытша септиктер орындалған.

«Ауа райының бұзылуы мен жауын-шашынның салдарынан тұрғын үйлердің аумағында судың жиналуы байқалады», деді ол.

Басқарма басшысы атап өткендей, инженерлік-геологиялық зерттеулерге сәйкес үйлердің іргетасы ылғалдан қорғалған, яғни үйлерді су басу қаупі жоқ.

Берік Таңжарықов қазіргі уақытта үй маңындағы аумақта су айдау жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Сондай-ақ ол тұрғын үйлердің жеке кәрізіне жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатқанын хабарлады.

«Жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу аяқталғаннан кейін құрылыс-монтаж жұмыстары орындалады», деп қосты Б.Таңжарықов. 

Әулиекөлдегі жаңа үйлердің тұрғындары толып кеткен септиктердің суреттерін жергілікті бұқаралық ақпарат құралына жіберген. Олардың айтуынша, жаңа үйлердің кілттері тапсырылған күннен бастап небәрі 10 күн өткен.

Бұған дейін Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Мемлекет басшысының шешімі бойынша тұрғын үй құрылысына 2,3 млрд теңге, оның 600 млн теңгесі инженерлік коммуникацияларды салуға бағытталғанын айтқан еді. Жаңа үйлер 12 құрылыс ұйымының күшімен тұрғызылған. Осылайша, қысқа мерзімде бірыңғай архитектуралық стильде 91 үй салынды.