Биылғы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша елімізде жиһаз өнімдерін өндіру көлемі 4,2 пайызға өсіп, 46,7 млрд теңгені құрады. Сала мамандарының айтуынша, өсім көрсеткіші инвестиция көлемінің артуымен байланысты болып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Атап айтқанда, қаңтар-қыркүйек айлары аралығында жиһаз өнеркәсібіне 3 миллиард теңгеден астам инвестиция салынған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 63 пайызға артық.
Инвестиция жаңа жобалар мен жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды одан әрі дамытуға бағытталған. Мәселен, биыл Шымкент қаласында жиһаз өндіретін «Mega Smart B2B» ЖШС іске қосылса, Солтүстік Қазақстан облысында «Сапа Инвест Плюс» ЖШС жиһаз өнеркәсібі үшін шикізат компоненттерін шығару кәсіпорны пайдалануға берілді.
«Өңірлер арасында жиһаз өнімдерін шығару бойынша жетекші орынды Алматы қаласы алады. Мегаполисте жиһаз өндірісінің көлемі 13,3 млрд теңгені құрайды. Шаһар аумағында осы саладағы барлық жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың 30 пайызы шоғырланған. Сондай-ақ жиһаз өндірісі бойынша көшбасшылар қатарында Алматы (3,5 млрд теңге), Қарағанды (3,4 млрд теңге) және Павлодар (3,4 млрд теңге) облыстары кіреді», делінген ҚР ИИДМ баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Өткен жылы Қазақстанда жиһаз өнімдерін тұтыну нарығы 221 миллиард теңге көлемінде пайда әкелді. Сарапшылар бұны халық санының өсуімен, көші-қон, кірістің ұлғаюы, инфрақұрылымның кеңеюі, сондай-ақ жаңа тұрғын үй жобалары мен коммерциялық үй-жайлар құрылысының өсуімен байланыстырып отыр.