• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
26 Мамыр, 2010

ГЕРЦОГИНЯ АТОЛЬСКАЯНЫҢ САЛОНЫНДАҒЫ ҚАЗАҚТАР ЖАЙЛЫ ӘҢГІМЕ

778 рет
көрсетілді

Мұстафа Шоқайдың өткен ғасырдың  20-30-жылдары Ұлыбританияға сапары Осыдан 80 жылдай бұрын Еуропа елдерінің астаналарында таза француз тілінде баяндамалар жасап, білім­дарлығымен де, ділмарлығымен де талай ғұламаларды таңғалдырған Мұстафа Шоқай бұл жолы Лондонда қазақтың қандай халық екендігі туралы ағылшын ақсүйектеріне әңгімелеп берді... Ол алғаш рет Лондонда 20-жыл­дардың орта кезінде болғанға ұқсайды. 1925 жылдың 19 ма­мы­рын­да “Матэн” газетінің басшыларымен жазысқан хатына қарағанда, ол сол шамада ағылшындардың ас­танасында болып, беделді басылымдармен, мем­лекет, қоғам қайраткерлерімен танысады. Дәлірек айтсақ, Мұстафаның Лондонға бірінші сапары сәуір айының аяғы мен мамыр айының бас кезіне тура келеді. Себебі оның “Дни” (Париж) газетінде жарық көрген бір мақаласының соңында мұның 1925 жылғы 2 мамырда Лондонда жазылғаны жөнінде белгі соғылыпты. 1929 жылдың жазында Мұстафа Лондонға Ұлы­британия парламенті Қауымдар палатасының мүшесі, сая­хатшы, кавказтанушы В.Д. Алленнің шақыртуымен барады. Бұл жағдай жай ағылшын депутатының бастамасына орай ғана емес, Мұс­та­фаның ірі қайраткер, халықаралық өмірдің сұңғыла сарапшысы ретінде мойындалуына да бай­ланысты еді. Әлемдік сахнада іргелі өз орны бар азулы елдің билеуші топтары оның ха­лық­ара­лық өмірдің кейбір өзекті мәселелері, олардың ішінде, әсіресе, Шығыс Түркістандағы ахуал, Кеңес өкі­ме­тінің Орталық Азиядағы саясаты туралы пікірін білгісі келеді. 1928 жылы ағылшындар М.Шо­қайдың “Эйшатик Ревю” журналында жарияланған “Түр­кістандағы басм­ашылық қозғалыс” деген ма­қа­ласымен танысады. Журнал редакциясының ма­қалаға берген кіріспе сөзінде: “Батыс Еу­ро­па­да­ғы бұрынғы орыс империясы мұсыл­мандарының Кеңес Одағына қарсы ұзақ уақыт бойғы күресіне бай­ла­нысты маңызды проблема жөнінде ақпарат аз; қазір біз М. Шоқайдың Түркістандағы басмашылар қоз­ғалысы туралы жұмысын жариялауға ба­қыт­тымыз. Ол 1917 жылы қарашада Түркістан мұ­сыл­ман­да­рының төртінші съезінде автономды Түр­кіс­тан­ның Уақытша үкіметінің президенті болып сай­ланған, сол себепті тақырыпты жақсы біледі”, – делінеді. М. Шоқай Лондонда шілде айында екі жұма болады. “Осы уақыт ішінде көптеген адамдармен кездестім және олармен өзім мүдделі тақырыптар жөнінде әңгімелестім... Маған, шын мәнінде, біздің ұлттық қозғалысымыздың мүмкіндіктері мен өңірдегі шиеленісті жағдай туралы сұрақтарды жаудырды”, – дейді. Лондонға келер қарсаңында Мұс­тафаның “Эйшатик Ревю” журналында “Большевиктер және Ауғанстан” деген мақаласы жарияланып, оған В.Д. Аллен кіріспе сөз жазады. М.Шоқай осы сапары барысында Лондон университетінің Шығыс тілдері институтының директоры, әйгілі ғалым профессор Дениссон Росспен кездесіп, сұхбаттасады. “Морнинг Пост” газе­тіндегі журналистерімен сұхбаты ағылшын-кеңес қатынастарына арналады. Мұстафаның Лондондағы баянда­малары мен сұхбаттары Кеңес өкіметін дүрліктіріп, оған қоқан-лоққы ұйым­дастырылады. Орыс эмиграция­сының басылымдарында оны ағылшын­дардың “тың­шы­сы” деп көрсетуге әрекеттер ұйымдастырылады. Алайда мұ­ның барлығы мұсылман халықтары орыс отар­шыл­дарына қарсы бой көтерсе, олардың “шетел импе­риа­лиз­мі­мен” байланыс­тылылығы туралы ертегіге бой ұратын шовинистік идеологияның ежелден бергі дағдысы болатын. М.Шоқай осыдан кейін 1933 жылы ақпан айында Корольдік Халықаралық қатынастар инс­ти­тутында (Лондон) Шығыс Түркістандағы соңғы кездегі саяси оқиғалар жөнінде баяндама жасауға шақыртылады. Бұл істің сәтті өтуіне Англияның билік орындары да мүдделілік танытады, оны В.Аллен қадағалауға алады. Халықаралық қатынастар инсти­ту­ты­на басқа ұлт өкілдері түгілі, ағыл­шындардың танымал ғалымдарының кез келгені шақырылмайтын, оның мін­бесінен сөйлеу аса жоғары құрмет белгісі ре­тінде саналатын. 1933 жылдың 1 наурызында Мұс­та­фаға Алленнің хатшысы нақтылы келетін уа­қытына байланысты виза мәселесінің ой­лас­тырылатыны, ал Алленнің Австрияда іссапарда жүргені туралы жеделхат жолдайды. Бір жұмадан кейін Мұстафа Австрия­дан да хат алады. Онда досы Лондонда қайда тоқтайтыны, қан­дай іс-шаралардың жоспарланғаны жөнінде айтады. 14 наурызда Корольдік Орталық Азия қоғамынан да хат келеді. Онда: “Құрметті мырза! Перси Сайкс мырза және Қо­ғамның кеңесі Лондонда болған кезіңізде наурыз айының аяғына қарай, Орталық Азия тақырыптарының бірі бойынша бізде баяндама жасасаңыз аса риза болар едік. Мұнымен Сіз біздің Кеңесімізге үлкен құрмет көрсетер едіңіз”, – делінеді. Есімі аталып отырған П.Сайкс – әйгілі ғалым, шығыстанушы, Ұлыбританияның Персия мен Қашғарияда ұзақ уақыт жұмыс істеген Бас консулы, бригада ге­не­ра­лы, “Ауғанстан тарихы”, “Персия тарихы” се­кілді екі томдық еңбектердің авторы. П. Сайкс­тің және Орталық Азия қоғамының атынан хат жолдап отырған М.Н. Кеннедидің “менің түсінігім бойынша Сіз ағылшын тілінен гөрі француз тілінде сөйлегенді жөн көретін секілдісіз” деуіне және оған жолданған хаттардың ағылшын, француз тілдерінде жазылуларына қарағанда М. Шоқайдың ағылшын тілін де біршама білгендігі байқалады. Ал, француз тілін оның Ташкент гимназиясы қабырғасында, Санкт-Петербург университетінде оқып, кейін жетік мең­гергендігі аян. М. Шоқай М.Н. Кеннедиге Орталық Азия қоғамында “Түр­кіс­тандағы Кеңес саясатының он бес жыл­ды­ғы” деген тақырыпта 29 наурызда баяндама жа­сау­ға болатындығы жөнінде француз тілінде мәлімдейді. Іле-шала В. Ал­леннен де хат жетеді. Онда: “Құрметті Шоқаев мырза! Хатшы арқылы жеткен хатыңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Сіз Лондонға 20-ларына қарай, келесі дүйсенбіде келетін сияқтысыз. Нақтылы келетін уақытыңызды айтпапсыз, мүмкін, Сіз сол мерзімде келсеңіз, анам­ның үйінде (Маунт Роу көшесі, үй №14, Беркли алаңы) кешкі сағат 8-де менімен бірге тамақ­тансаңыз риза болар едім. Шақыруымды қарсы алады деп сенемін”, – делінеді. М.Шоқай 17 наурызда Халықаралық қатынастар институты кездесулер депар­таментінің бас­шысынан осы институтта өтетін баян­да­ма­сының реті жөнінде жеделхат алады. Онда баян­да­маның 27 наурызда өте­тіні, ол жөнінде Перси Сайкс мырзаның ха­бар­дар екендігі, баяндаманың “КСРО және Қытай Түр­кістаны” деген тақырыпқа арналатындығы сөз бо­лады. Департамент басшысы: “Біздің Кеңес мү­ше­­леріміз үшін бұл кездесу өте қызықты бо­ла­ты­нына сенімдімін және көрсеткелі отырған қыз­ме­ті­ңізге Кеңестің атынан алғысымды білдіремін”, – дейді. М.Шоқайдың құрметіне 20 наурызда ағылшын қайраткерлері шақырылып түскі ас ұйымдастыру жос­пар­ланады. Сырқаттанып қалуына байланысты Мұс­та­фа Лондонға 22 наурызда ғана ұшып келеді, досы В.Алленнің анасының үйіне де, 20 наурызға бел­гі­лен­ген шараларға да бара алмайды, бірақ 27 наурызда П. Сайкстің басшылығымен Атенеум клубында ұй­ым­дас­тырылған қабылдауға қатысады. Конференция да осы клубта өтеді. Институтта қалыптасқан дәстүр бойынша, түскі ас кезінде баян­дама тақырыбына байланысты мәселелер, жиынның регламенті талқы­ла­на­ды. П. Сайкс Халықаралық қатынастар инс­ти­ту­ты­ның – жабық ме­ке­ме екендігін, онда оқылған баян­да­маның жариялауға бол­майтындығын, баяндамаға тек ағылшын азаматтары ғана шақырылатынын ескертеді. Ақырында Сайкс: “Өз пі­кіріңізді, сұрақтарға жауап­та­рыңызды еркін ай­туыңызға болады”, – дейді. М.Шоқайдың Атенеум клубында екі сағатқа созылған фран­цуз тіліндегі баяндамасына жиналғандар тара­пынан үлкен қызығушылық туып, қызу қол соғылады. Ағылшындар Шығыс Түркістан, Кеңес Ода­ғының осы өңірдегі саясаты, Кеңес Одағы мен Жапония ара­сын­дағы қарым-қатынас, Орта Азия респуб­ли­каларындағы жағдай туралы сұрақтарды жаудыртады. Кейін Халықаралық қатынастар институты Кеңесінің төрағасы Н. Мальколм М. Шоқайға: “Құрметті Шоқаев мырза! Сіздің “КСРО және Қытай Түркістаны” атты тақырыпта жасаған баяндамаңыз үшін Корольдік Халықаралық қатынастар институты Кеңесінің атынан алғысымды білдіремін. Институтқа көрсеткен қызметіңіз Сіздің тарапыңыздан үлкен із­гі­лік­ті іс болды. Сөйлеген сөзіңізге тыңдағандар шын ықылас қойып, риза болды”, – деп жазды. М.Шоқайдың 29 наурызда Орталық Азия қоғамында “Түркістандағы пролетариат дик­та­ту­ра­сы­ның он бес жылдығы” деген тақырыпта өткен баян­да­масына да үлкен ықылас танытылады. Бұл жиынға да П.Сайкс төрағалық етеді. Баяндамадан кейін жа­рыс­сөзге қа­тыс­қандар патша өкіметі мен боль­ше­вик­тердің Түр­кі­с­тандағы саясаты жөнінде мүлдем жаңа мағлұматтар ал­ғандығын айтады, біразы Түркістан жастарының көңіл-күйі, Түркістан – Сібір темір жолы, Қызыл Армия құ­рамындағы Түркістан ұлттық әскери бөлімдері жөнінде сұрақтар береді. Баяндаманы тыңдауға “Таймс” газетінің саяси мәселелер бойынша редакторы Филипп Грейвс қа­ты­сып, М. Шоқаймен сұхбаттасады. Осыдан кейін ағылшын қайраткерлері, баспасөз май­­талмандары, шығыстанушылар мен дипломаттар М. Шоқаймен жақын танысып, онымен тілдесуге ұм­тылады. Алайда ол, қаржысының жетіспеуіне бай­ла­ныс­ты кейін қайтуға мәжбүр болады да, 30 наурызда Па­рижге ұшып кетеді. Халықаралық қатынастар институты мен Орталық Азия қоғамы, ең болмаса, бес күнге кідіре тұруды ұсынады, бірақ ол қаржысының таусылғанын ешкімге айтпайды (оның табиғаты сондай еді – ешкімнен қарыз алмайтын!). Оның бар қаржысы әрлі-берлі жол шығындарын, сегіз күнгі Лондондағы жүріс-тұрысын өтеуге әзер жетеді. Мұның өзі Лондоннан келген бойда Париждегі “Воз­рождение” (Париж), басқа да орыс басы­лым­дарында көтерілген “М. Шоқайдың ағылшындарға жұ­мыс істейтіндігі”, “олардан ақша алып тұ­ратындығы” туралы өсек-аяң­дарының “шындықпен үш қайнаса сорпасы қос­ылмайтындығын” көрсетеді. Ағыл­шын­дар­мен қандай да бол­сын құпия байланысының жоқ­тығы туралы Варшавадағы таныстарының біріне жазған хатында Мұстафаның өзі де айтады. М.Шоқайдың екінші баяндамасы “Орталық Азия қоғамының журналында” (“Journal of the Royal Central Asіan Socіety” Vol XX. July 1933) жарияланады. М.Шоқай кейін осы соңғы сапарында бітіре алмаған біраз шаруалары болғандығын айтып, өкініш білдірген де. Алайда келесі жылы оған Англияға барудың тағы бір сәті түседі. Бұл жолы да ол маусым айының бірінші жартысында Лондонға Шығыс Түркістан туралы, ондағы соңғы оқиғалар жөнінде баяндама жасауға ша­қыр­ты­ла­ды. Өз тарапында ол сапар барысында ағылшын­дардың көңіл-күйімен танысуға ұмтылады. 1934 жылдың басында ұлттық күштердің жеңіске жетіп, Шығыс Түркістан Респуб­ликасының құрылуы әлем назарын аударып, Кеңес Одағының, Англия мен Жапонияның баспасөз беттерінде ол жөнінде сан-саққа жүгіртілген болжамдар жасалып жатқан. Мұңдағы оқиғалар жөнінде М.Шоқай іле-шала “Яш Түр­кіс­танда” (Берлин) мақала жариялайды. Дипломаттар, ғалымдар, халықаралық сарапшылар арасынан Шығыс Түркістандағы жағдайды сол кезде М.Шо­қайдан артық білетін адам табу қиын еді. Себебі онда Түркістан Ұлттық Бірлігінің өкілі қызмет істеді. Махмуд Мұ­хит­тидан, ұлттық күштер жетекшілерінен өлкедегі саяси ахуал жөнінде жиі-жиі хабар алып отырады. 1934 жылы 8 қаңтарда ол Шығыс Түркістан Рес­пуб­ли­касының төтенше өкілі Мұстафа Алиден рес­пуб­ликаның үкімет құрамы, ішкі, сыртқы сая­сат­тағы ұстанымдары жөнінде хат алады. Ол Мұстафа Шоқайға “Сіздің ұйым­дастырушылық қабілетіңіз бүкіл түрік әле­міне мәлім”, сол себепті Шығыс Түркістанға маман тү­рік кадрларымен, әсіресе, Батыс Еуропа мен Түр­киядағы әс­кери мамандармен, мұғалімдер, дәрігерлер, бас­­паханашылар, техниктермен көмектесуіңізді сұ­рай­мын деп өтініш білдіреді. (РГВА. Ф. 461к. Оп 1. Д. 431. Л. 36). Бұл құжаттарға қарағанда М. Шоқайдың Лондонға са­пары жалғыз ғана Орталық Азия Қоғамының ша­қы­руы­нан ғана емес, Шығыс Түркістан Республикасының мемлекеттік ұйымдасуына моральдық қолдау көрсету ниетінен де туындаған секілді. Қалай бол­ғанда да ағыл­шындардың Шығыс Түр­кістандағы ахуалымен жете танысуы үшін Мұстафаның шақыртылуы заңды еді. М.Шоқай Лондонда болған кезінде Шығыс Түркістан төңірегінде әңгіме-сұхбатпен шектеліп қана қоймайды, Түркістан ұлт-азаттық қозғалысына қатысты мәселелермен де шұғылданады. Өзінің осы сапарынан алған әсерлері жөнінде кейін ол былай дейді: “Бірнеше ағылшын қайрат­керлерімен, саясат мәселелеріне қы­зы­ғушылық танытатын жай адам­дармен кез­десу, сұхбаттасу барысында алған түсінігімді барлығы бірдей, немесе ағылшын саяси топтарының көпшілігі бөліседі деп айта алмаймын. Олар тек кейбір топтардың ғана көңіл-күйін білдіретін секілді”. Шығыс Түркістан тарихы мен мә­дениетін, оның әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайымен көптен бері ай­налысып жүрген Мұстафаға ағылшындардың бұл өңір жөніндегі түсінік-пайымын анықтау онша қиынға соқ­пайды. Оның үстіне М. Шоқайға туған топырағы бала жасынан кәнігі дипломаттарға тән байқағыштық қабілет берген болатын. Ол ағылшындардың Орталық Азияда не болып жатқанының бәрінен хабардар екендігі туралы түсініктің шындықтан алшақ екендігін аңғарады. 13 маусымда Орталық Азия қоғамында өткен баяндамасына дейін де, одан кейін де М. Шоқай түрлі саяси партияларға жататын парламент мүшелерімен, журналистермен, басқа да лауазым иелерімен кез­деседі. Ең со­ңында ол кон­сер­вативтік пар­тиядан сай­ланған пар­ламент мүшесі, пар­ламенттегі Қытай мәсе­ле­сі жөніндегі арнайы комиссияның төрағасы Уильям Наннмен (Wіllіam Nunn) ұзақ әңгімелеседі. Бір жарым сағат сұхбат барысында М. Шо­­қай ағылшын қайраткерлеріне Шығыс Түр­кіс­тандағы оқиғаларға, Кеңес Одағы мен Жапонияның жаңа мемлекеттік құрылым жөніндегі ұстанымдарына сипаттама береді. Отырыс аяқталар кезінде У. Нанн М. Шоқайдан екеуінің арасында өткен әңгімені қағаз бетіне түсіріп, өзіне тапсыруды сұрайды, оны кейін консервативтік партия фракциясында баяндайтынын айтады. М. Шоқай бұл өтінішті Парижге оралғаннан кейін, сол жылдың 7 шілдесінде орындап, құжатты У.Наннға жібереді. 17 шілдеде У.Нанн дайын меморандум түрінде жазылған француз тіліндегі мәтінді алғандығын, колынан келген көмекті аямайтынын айтып Мұстафаға жауап хат жолдайды. М. Шоқай Лондонда болған сапарлары барысында Англияның Кеңес Одағына көзқарасын білуге де әрекеттенеді, ол жөнінде консервативтік партия ұстанымының екіұшты екендігін анықтайды. Партияның бір тобы елдің Кеңес Одағымен қарым-қатынастарын дамытуды жақтаса, келесі тобы Кеңес Одағына сенімсіздік танытып, ондағы ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, ұлттық қайшылықтарға мән береді дейді. Соңғы топтағылар консервативтік партияның көрнекті қайраткерлері, парламент мүшесі герцогиня Атольскаяның салонында бас қосады. М. Шоқай да ағылшын саяси элитасының өкілдерімен бірге атақты осы салонда болып, олардың пікірлерін тыңдайды. М.Шоқайдың айтуынша “ақылды да аса білімді” герцогиня Кеңес Одағындағы ашаршылық туралы әңгімеге ден қойды. Бұл тақырып төңірегіндегі пікір алысудың бел ортасында Мұстафаның болғаны күмән тудырмайды. М.Шо­қай­дың бұған дейін қазақтар мен Орта Азия халық­та­ры­ның арасында Қазан революциясынан кейін орын алып отырған ашаршылық туралы А.Байтұрсыновтың В.Ленинге хаты туралы, “Кеңес қолас­тындағы қазақтар”(1921), “Ашаршылық және большевиктердің Түр­кістандағы ашаршылық саясаты” (1923), “Түр­кіс­тандағы ашар­шылық” (1923), “Ферғанадағы ашар­шы­лық және оны ұйымдастыруға Кеңес өкіметінің қатысы” (1923), “Ашаршылық” (1924), “Қазақтар арасындағы ашаршылық” (1926), “Большевиктердің Түркістандағы ашар­шылық саясаты” (1927) және тағы басқа мақалалары “Дни”, “Последние новости”, “Yenі Turkіstan” секілді басылымдарда жарық көрген-ді. Кеңес Одағындағы осы зұлмат туралы материалдар жи­нас­тырып жүрген герцогиня Ато­ль­скаяның назарынан бұл мақалалар тыс қалмаған болуы керек және бұл мәселеге байланысты М. Шоқайдың өз аузынан тың мағ­лұматтар алады. Қазақ­тар­дың жаппай ашар­шы­лық­қа ұшырап жатқандығы, оның себептері де ұзақ әңгіме бо­лады. “Ашаршылық туралы және Түркістандағы кеңес саясатының ерек­шеліктері туралы сөйлестік”, – дейді М. Шоқай. Мұның өзі ағылшын герцогинясын түрік – мұсылман халықтарының жеріне ашар­шылық Қазан ревалюциясы мен азамат соғысына іле-шала келгендігі, оның көп жағдайда Кеңес өкіметі тарапынан арнайы ұйымдастырылғаны, 20-30-жылдардағы нәубеттен қазақ халқының жартысынан астамының құрбан болғандығы, Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов секілді алаш қайраткерлері туралы әңгімеден үлкен әсер алғандығында еш күмән жоқ. Сол жылдары қазақтардың “иттің етін жеуге дейін барғандығын” да М. Шоқай айтпай қалмаған болар. М.Шоқай 30-жылдардағы алапат ашаршылық туралы батыс баспасөздеріне де хабарлайды. Лондонда тұрып жатқан орыс қайраткері А.Байкалов 1934 жылдың 15 шілдесінде М.Шоқайға: “Ашаршылық туралы мәліметтеріңіз үшін үлкен рахмет, мен оларды тиісті жерлерге тапсырдым”, – деп жазады. Бұл жағдайлар М. Шоқайдың қазақтардың жар­ты­сынан астамын қырғынға ұшыратқан 30-жылдардағы ашар­шылықты құпия ұстауға тырысқан Кеңес өкіметінің зұл­ымдылықтарын әлем жұртшылығы алдында алғаш әш­кере еткендігін көрсетеді. 1933-1934 жылдары “Таймс”, “Геральд Трибюн”, “Морнинг пост” т.б. ба­сы­лымдарда кейін “қазақтардың қасіреті” атанған алапат ашаршылық туралы мақалалардың жарық көруі М. Шоқайдың Англияға сапарлары барысындағы сұх­бат­тарынан, герцогиня Атольскаяның сало­нын­дағы әң­гі­меден бастау алды деуге толық негіз бар. Тек осыдан кейін ғана әлем жұрт­шылығының пікірінен ма­за­сызданған Кремль қазақтарға жеңіл-желпі көмек көр­се­туге шырай танытады. Бұл да бүгінгі ұрпаққа мәлім бола бермес. Ащы да болса шындықты айтудың орнына, күн­көріс көзі болып отырған бар малын тартып алып, ха­лықты қырғынға ұшыратқан Кремльдің сол бір “жақсылығына” әлі де тарихшылар ағыл-тегіл алғысын айтуды қоймай келеді... Иә, Мұстафа Лондон мен Париждің, Ыстамбұл мен Берлиннің, Варшава мен Женеваның мінбелерінен бүгінгі күннің де өзекті мәселелері жөнінде тіл қатады: –  Біз тәуелсіздік алғаннан кейін әлемнің барлық елдерімен, оның ішінде Ресеймен де тең құқылы қарым-қатынаста болуымыз керек; –   Бір жақты достық аса қауіпті; –  Тәуелсіз мемлекетте “мәңгілік дос та”, “мәңгілік жау да” жоқ, тек мемлекеттік мүдде бар; –  Тәуелсіз мемлекет халқы өзін-өзі қорғауы керек; –  Ұлттық мәдениет ұлттық мемлекетте ғана өсіп-өрбиді; –  Тек елін сүйген адам ғана оны қорғай алады; –  Тәуелсіздікке нұқсан келтіретін экономикалық тиімділік өзін-өзі ақтамайды; –  Тәуелсіздікке балама жоқ, оны көздің қарашығындай сақтау – жастарға аманат... Көшім ЕСМАҒАМБЕТОВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор. АЛМАТЫ.