• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Қоғам 03 Қараша, 2022

Рейтинг әлегі

449 рет
көрсетілді

Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақ­­парат құралдарында Қазақстанның өмір сүру деңгейі ең арзан елдер қатарына кіргені туралы ақпарат ара-тұра бой көр­се­тіп қа­лады. Бірақ «арзанның сорпасы таты­мас» демекші, мұндай рейтингтерге сене қою қиын.

Мәселен, тамызда Қазақстанның тұрғын үй бағасы ең арзан 10 елдің қатарына кіргені жөнінде жаңалық тарады. Тоғызыншы территорияда орталықта орналасқан тұрғын үйлер бағасы орташа есеппен шаршы метрі 927,2 доллар тұрады. Елімізден басқа ондық қатарына ТМД елдерінің бірде-бірі енбеген.

Сондай-ақ жыл басында Қазақстан бензин бағасы арзан мемлекеттердің бірі екені де айтылды. Еліміз қазіргі таңда GlobalPetrolPrices келтірген тізімде 10-орынға жайғасқан. Яғни орта есеппен бір литр жанармайдың құны 0,446 долларға тең. Топ басында Венесуэлла, Ливия, Иран, Алжир, Ангола секілді мемлекеттер тұр.

Мұндай рейтингтерді жалғастыра беруге болады. Бірақ мұның неліктен қате екеніне тоқталғанды жөн көріп отырмыз. Біріншіден, Қазақстанның белгілі бір өнімі арзан елдер қатарына енуі шынайы жағдайдан хабар бермейді. Өйткені мұндай тізімдер әдетте тауар не қызметтің долларға шаққандағы құнын ғана көрсетеді. Ал халықтың табысы ескерілмейді.

Мысалы, Венесуэллада бензиннің құны 0.016 долларды құрайды. Теңгеге шаққанда қазіргі бағаммен бұл – 7,5 теңге. Бірақ орташа айлық жалақының көлемі 25 доллар шамасында (11 731 теңге). Демек венесуэллалық бір айда тапқан табысына 1 564 литр бензин сатып ала алады. Салыстырып қарайтын болсақ, жанармайы қымбат елдің бірі саналатын Швейцарияда оның құны – 1,9 доллар. Бұл шамамен 897 теңге. Бірақ орташа айлық жалақы 5060 долларға тең (2,37 миллион теңге). Та­би­ғаты жайсаң Швейцарияны мекендеген тұрғын табысына шамамен 2663 литр бензин алуға шамасы жетеді. Ендеше, мұхиттың арғы бетіндегі Венесуэллада жа­нар­­майдың бағасы арзан болғанмен, жалпы халықтың табысына шаққанда қымбат екені анық байқалады.

Енді Қазақстандағы ахуалға оралсақ. Қа­зір­гі таңда елордада АИ-92 маркалы бензин 182 теңге көлемінде сатылады. АИ-95 маркалы жанармайдың құны 212-214 теңге аралығында. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, елдегі орташа жалақы мөлшері екінші тоқсанда 312 мың теңгеден асқан. Тағы да осы мерзімдегі табысты бір литр бензин бағасына бөліп көрейік. Сонда Ұлы даланы мекендеген, «темір тұлпар» жүгендеген әр азамат айлық жалақысына шамамен 1714 литр бензин сатып ала алады.

Осыдан-ақ тоғызыншы территория­ хал­қының әл-ауқаты венесуэл­ла­лықтан жақ­сы болғанымен, швейца­рия­лықтан әлде­қайда артта екенін аңғарамыз. Әрине, экономиканың жілігін шағып, майын ішкен мамандар нақты мәліметті бере жатар. Біздің келтіргеніміз қа­ра­пайым есептеу ғана. Дегенмен жалпы бағдар түсінікті болды деген ойдамыз.

Негізі әлемдік экономикада халықтың тұрмыс-тіршілігін бағалауға арналған түрлі рейтингтер бар. Онда белгілі бір тауарды әр елде сатып алу құны мен сол қаражатты табуға қанша уақыт кететінін есептейді. Мә­се­лен, The Economist журналы «БигМак» индексін ұсынады. Рейтингте шартараптағы бір бигмактың құнын және оны сатып алуға керек қаражатты табуға қанша уақыт кететінін анық­тайды. Сол арқылы валюталардың дол­ларға шаққандағы курсын түзеді.

Бұдан бөлек, KFC Index, Nespresso Index, iPad Index деген секілді көптеген рейтинг бар. Олардың әрқайсының артықшылығы мен кемшілігі бар. Себебі есепке алынатын тауар мен қызмет құны географиялық жағдайға байланысты құбылатыны түсінікті. Бірақ бастысы мұның бәрі тұрғындардың төлем қабілетін анықтауға көмектеседі.

Екіншіден, тақырыпқа негіз болған рей­тинг­терді пайдалану бұқаралық ақпарат құралдарында манипуляция жасау деп кесіп айта аламыз. Өйткені жыл басынан бері тауарлар мен қызметтер қымбаттамаса, арзандаған жоқ. Бензиннің құны біраз жерге барып қалды. Ұлттық статистика бюросы күні кеше ғана бір жылда жанармай бағасы 4 па­йыз­ға артқаны жөнінде ақпарат таратқан еді.

Тұрғын үй бағасы да қымбаттап, қалтасы тесіктердің баспаналы болуы са­ғымға айналып бара жатқандай. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, был­тырғы мерзіммен салыстырғанда пәтер бағасы қайталама нарықта 25,9 пайызға, бас­тап­қы нарықта 17,7 пайызға өскен.

Өкі­нішке қарай, Ұлы далада Шал­құй­рық­тай ша­шасына шаң жұқтырмай, Құлагер секілді қара үзіп бара жатқан бағаға шабан атқа ай­налған жалақы жете алмай келеді. Осындай сәтте «ең арзан» деген рейтингті мұқият қол­данған жөн-ау...