• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Экономика 04 Қараша, 2022

Гидравликалық құрылғы жасайтын компания

372 рет
көрсетілді

Бүгінде Қостанайда жеңіл автокөлік, трактор-комбайн, автобус, тағы басқа да сан алуан арнайы техника түрлерін құрастыратын бірнеше зауыт бар. Алайда бұл зауыттар өндіріске қажет қосалқы бөлшектің көбін сырттан әкеледі. Дегенмен өңірде кәсіпкерлікті дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың қолдауымен техника құрастыруға қажет ұсақ-түйек бөлшектерді ұқсатып жасап шығарып жатқан шағын кәсіпорындар да бой көрсете бастады.

Мәселен, тікелей мемлекеттің қаржылай қолдауымен еңсе тіктеген Қостанайдағы «Hydraulic systems Kazakhstan» компания­сы бүгінде жеңіл көліктен бастап, жүк көлік­те­ріне дейін жарайтын және ірі өндіріс орын­да­рындағы құрылғыларда пайдаланылатын жоғары қысымды гидравликалық ішектердің 1,5 мыңнан аса түрін жасап шығарады.

Кәсіпорын басшысы Руслан Дәндібаев бұған дейін құрылыс саласында қолданылатын сан алуан құрылғы-құралдарды алып-сатумен айналысқан. Біраз тәжірибе жинақтаған кәсіпкер бір құрылғы сатып алған клиентті кем дегенде екі-үш жылға жоғалтып алатынына көз жеткізеді. Осылайша, нарықта жиі сұранысқа ие тауарларды қарастыра бас­тайды. Бірнеше жылға созылған тынымсыз ізденістен кейін түрлі салада пайдаланылатын жоғары қысымды майішектерге сұраныс көп екенін және оны жасап шығару өзінің де қо­лынан келетінін түсінеді.

– Алғаш станоктарды сатып алдық. Бірақ бір жыл бойы пайдалана алмадық. Өйткені майішектер мен оның басына киілетін фи­тинг­тердің түрі өте көп. Мұның бәрін мең­геру керек болды. Бір жыл уақытымызды осыған жібердік. Ресейге барып үйрендік, Еуропадан маман шақыртып оқыдық. Біртіндеп өнім шығара бастадық. 2021 жылы өндіріс ауқымын кеңейтіп, өнім түрін көбейту мақсатында жаңа станоктар мен өндіріске қажет сапалы материал сатып алу үшін екінші деңгейлі банктен 19 пайыздық өсіммен 16 млн теңге несие алдық. «Даму» қоры бұл несиенің 13 пайызын субсидиялады. Соның нәтижесінде, қазір біз несиемізді 6 пайыздық өсімпұлмен жауып отырмыз, – дейді Р.Дәндібаев.

Кәсіпорын жеңіл көліктер мен жүк көлік­те­ріне, ауылшаруашылық техникаларына, ауыр өнеркәсіп саласына пайдаланылатын құрылғыларға жоғары қысымды ұстап тұра алатын гидравликалық майішек жа­сайды. Мәселен, Рудный, Лисаков, Жіті­қара төңі­ре­гіндегі ірі кеніштер ауыр тех­ни­ка­ла­ры­ның тозған майішектерін ауыстыру үшін осында тапсырыс береді.

– Біз жаңа өнім шығарумен қатар, ескіріп, тозған жоғары қысымды гидравликалық ішек­терді жөндеумен де айналысамыз. Мұн­дай тапсырыстар, әсіресе, көктемгі, күзгі ауыл­шаруашылық науқаны қызған кезде көбейеді. Тапсырыс беруші бізге жыртылған шлан­гі­сін әкеп береді, біз соған қарап отырып жаңа майішек жасап береміз. Ішектің үлгісі болмаған жағдайда гидравликалық жүйенің сызбасына қарап отырып жасаймыз. Біздің бизнесте бір мың теңге пайда табу үшін қой­мада кем дегенде 100 мың теңгенің тауары жатуы керек. Тапсырыс беруші сені күтіп тұрмайды, іздеген дүниесін дәл сол уақытта тауып беруді талап етеді. Сондықтан қазір біз да­йындап қойған тауардың құны 100 млн тең­ге­ден асады, – дейді сату бөлімінің бас­ты­ғы Олег Згонник.

Кәсіпорын 12 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Майішек жасайтын станоктар­ды арнайы білімі бар инженер мамандар бас­қа­рады.

– Қазіргі ауылшаруашылық техника­ла­ры­ның гидравликалық майішектері бір-екі маусымнан кейін тозып, жыртыла бастайды. Біз соны жөндеп, жөндеуге келмесе, орнына сапалы майішек жасап береміз. Өзіміз жасаған өнімге бір жылға дейін кепілдік береміз. Біздің шлангілеріміз де, фитингтеріміз де өте сапалы. Сондықтан көбі бізге тапсырыс береді. Майішек жасауға жарайтын шлангі әртүрлі болады. Оның басына киілетін гидравликалық фи­тингтердің де түрі көп. Жапондық, аме­рикалық, еуропалық, қытайлық, ресейлік стан­дарттары бар. Оның жалғағыштары да сан түрлі – шар, конус пішіндес, тік, 45, 90 градустық бұрыш болып келеді. Мұның бәрі көлікке байланысты, мәселен, Қытайдың 40 тонналық жүк көлігінде еуропалық немесе жапондық фитинг тұруы мүмкін. Ал «Беларусь» тракторына ресейлік, «Джон дир» комбайнына америкалық, «Claas» комбайнына неміс стандарты қажет, – дейді станокшы Дархан Әлімбаев.

Қостанайдағы «АгромашХолдинг» зауытынан шығып жатқан су жаңа комбайндардың да гидравликалық майішектері осы жерде жасалады. Осылайша, ескі қосалқы бөлшектерді оңдаумен қатар, жаңа өнімді көптеп шығарып жатқан кәсіпорын отандық машина жасау өндірісінің де жергілікті үлесін арттырып отыр.

 

Қостанай облысы