• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Қараша, 2022

Отандық полициядағы жаңашылдық

179 рет
көрсетілді

Павлодар облысында қылмысты анықтау мен тергеп-тексерудің жаңа әдіс-тәсілдері енгізілуде. «Бей­нетергеу», «Оқиға орнын 3D фор­матында қарау», «Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бастапқы өңдеу сатысы» деп аталатын жаңа­шылдықтар тергеушілердің жұмы­сын жеңілдетіп қана қоймай, бю­рократиялық кедергілерді азай­туға сеп болмақ.

Бұл туралы ІІМ Тергеу де­партаментінің бастығы Сан­жар Әділов өңірдің тергеу жә­не анықтау бөлімшелерінің жеке құрамымен, сондай-ақ қылмыстық теріс қылықтарды сотқа дейінгі тергеу бойын­ша өкілеттіктері бар қызмет­керлермен кездесуде атап өтті.

– Қазақстанда қолға алынған барлық дерлік қанатқақты жобалар Павлодар өңірінен басталатыны шын. Бір кездері бұл жерде ақпараттарды есепке алудың электрондық журналын және өтініштер мен ақпараттарды есепке алу кітабын енгізу сияқты ауқымды жобалар сәтті сыналды. Олардың негізінде жаңа Қылмыстық процессуалдық кодекс қабылданғаннан кейін бүкіл ел бойынша іске асырылатын «Сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай тізілімі», «Әмбебап полицей», «Электрондық қыл­мыстық іс», «Қылмыстық проц­естің үш буынды моделі» құрылды. Қазіргі уақытта «Полиция жұмысының сервистік моделін» құру бойынша да жаңа жоба қолға алынған. Сондай-ақ мұнда бейне форматта тергеудің жаңа түрінің элементтері пайда болып, сынақтан өтуде. Біз сіздерден оқиға орнын бекітудің 3D моделін енгізу бойынша идеялар алдық, – деді ол.

Айта кетейік, бұл жаңашыл­дықтың елде баламасы жоқ. Қазірдің өзінде қолданыстағы Қылмыстық процессуалдық кодекс шеңберінде тиісті түрде ве­домстволық бақылауды қам­тама­сыз ете отырып, қысқа мерзімде іс жүргізу шешімдерін қабылдау мүмкіндігі бар. Шешімдердің 40 пайыздан астамы 10 тәулікке дейін (3 тәулікке дейін – 20 пайыз және 10 тәулікке дейін – 20 па­йыз) қабылданады деп болжануда. Осылайша, құқық қорғау қызметкерлері «тергеуге дейінгі тексеру» кезеңін енгізбестен нақты қылмыстарды тергеуге күш-жігерін жұмыл­дырады.

Жергілікті полицейлер уа­қытты ысырап етпеу үшін қылмыстық істер бойынша жауап алудың бейнетүсірілімін жүргізуді және бейнетаспаның соңында қысқаша хаттамалар жасауды ұсынған. Бұл жұмысты жеңілдетіп қана қоймай, қағаз­бастылықтан арылуға мүм­кін­дік береді. Әрі басып шыға­рылатын хаттамалардың көле­мін азайтады. Бейнетергеу элек­трондық қылмыстық істің базасына жүктеліп, сол форматта прокурорларға жіберіледі. Санжар Әділовтің айтуынша, ұзақ бейнелерді жүктеу кезінде проблемалар туындамауы үшін кейбір техникалық мәселелерді пысықтау қажет.

«Министрлікте талдау жүр­гізілді. Он күн ішінде тергеліп жатқан қылмыстық істердің 17 пайызы бойынша, үш күн мерзімде істердің бес пайызы бойынша іс жүргізу шешімдерін қабылдайды. Бұл ретте тергеліп жатқан қылмыстық істердің 40 пайызында қылмыс оқиғасы, қылмыс құрамы жоқ. Бұл сотқа дейінгі тергеу шеңберінде тіркелген өтініштер. Олар бойынша қысқа мерзімде қажетті тергеу әрекеттерін жүргізуге және тоқтату туралы іс жүргізу шешімін қабылдауға болады», дейді тергеу департаментінің бастығы.

«Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлыққа жол бермейді», деп санайды мамандар. Бүгінде Павлодар облысында тың жобаны іске қосу үшін қолайлы жағдайлардың барлығы бар. Себебі жеке құрамның жұмысы өзге аймақтардан ерекшеленеді.

Кездесу барысында Санжар Әділов өңірдегі көзге түскен тергеушілерді, анықтаушылар мен криминалистерді ми­нис­тр­лік тарапынан марапаттады. Полиция департаментінің сотқа дейінгі тергеп-тексеру және анықтау жөніндегі қыз­меткерлерінің қызметінің оң нәтижелері мен жоғары көрсет­кіштерін атап өтті.

ІІМ Тергеу департаментінің бастығы бұған қоса Павлодар қаласындағы курсанттармен кездесіп, оқиға болған жерді тексеру бойынша тәжірибелік сабақ өткізді. Қылмыстың жекелеген түрлеріне тоқтала отырып, азаматтарды қылмыстық жауапкершілікке тартудың жалпы шарттары туралы айтты.

– Тергеу әрекеттерін жүргізу дағдыларын игеру – оқу процесінің ажырамас бөлігі. Бұл үлкен абырой мен сенім, өйткені сіздер оқу орталығының қабырғасында азаматтардың заңды құқықтарын қорғауға байланысты мамандыққа саналы түрде қадам жасайсыздар. Бүгінгі таңда ішкі істер органдарына жоғары білімді және кәсіби кадрлар қажет. Қазақстандық полицияның болашағы оқу орындарының қабырғасында алатын білім мен моральдық-психологиялық дайындыққа байланысты екенін есте ұстаған жөн, – деп атап өтті ол. Маман өзі тергеп-тексерген қылмыстық істерден мысалдар келтіріп, оқиға орындарын қарау кезіндегі көңіл бөлінуге тиіс жағдайлар туралы айтып, курсанттардың сұрақтарына жауап берді.

 

Павлодар облысы