Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев «Нұртау темір» цемент зауытын жабу мәселесіне түсініктеме берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жуырда қала әкімі Жетісу ауданының тұрғындарымен кездесу өткізген еді. Онда жергілікті тұрғындар цемент зауытына қатысты мәселені қайта көтеріп, шағымданды. Тұрғын үйлердің дәл жанында орналасқан зауыттың жұмысына тыйым салу бойынша барлық сот істері жергілікті тұрғындардың пайдасына шешілген. Алайда зауыт әлі де жұмыс істеп тұр.
«Мен уәде еткенімдей, біз бұл мәселе бойынша жұмыс істейміз. Зауыт тарапынан Жоғарғы сотқа, сот орындаушыларының әрекеттеріне апелляция берілді. Сондықтан өкінішке қарай, біз барлық сот процестерінен өтпейінше, зауытты толғымен жаба алмаймыз. «Нұртау темір» бойынша мәселені өз бақылауымда ұстаймын», деді Ерболат Досаев.
Еске сала кетсек, бұған дейін алматылықтар үйлеріне жақын орналасқан цемент зауытының жабылуын талап еткен еді. Әкім оларға «бейберекетсіздікпен айналыса алмаймын» деп жауап беріп, соттың соңғы шешімін күтуге шақырған болатын.