Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Нұрлан Әуесбаев елордадағы жатақханалардың біріне барып, тұрғындарымен кездесу өткізді.
Іс-шара барысында кандидат жиналған қауымға өзінің сайлауалды бағдарламасының басым бағыттары жөнінде баяндады. Тұрғындар өздерін алаңдатқан өзекті проблемалардың бағдарламада көрініс табуын жылы қабылдады. Әсіресе, мәселелерді шешу жолы көрсетілгені қуантады. Кездесуде тұрғындар өздерін алаңдатқан сұрақтарға толымды жауап алды.
Жиында Қазақстанның сыртқы саясатына қатысты сауал қойылды. Нұрлан Әуесбаев стратегиялық салаларда Қазақстан қалыпты протекционизмді ұстану қажет деп есептейді. Н.Әуесбаев мемлекет алдында тұрған басты мәселе жемқорлықпен күрес екенін атап өтті. Үміткердің пікірінше, ол үшін ең алдымен саяси реформаларды жүзеге асыру керек және Мәжілістің рөлін күшейту керек.
Сондай-ақ үміткер білім беру саласы мемлекет тарапынан айрықша назарды талап ететінін айтты. Медицина және білім беру салаларына ІЖӨ-ден жылына ең кемі 5-7%-ды бөлуді ұсынды. Жалпыұлттық социал-демократиялық партия өкілі мұндай шара дәрігерлер мен мұғалімдер еңбекақысының банк қызметкерлері деңгейіне дейін көтеруге мүмкіндік беретінін айтты. «Мұның маңызы зор, себебі бұл мамандар адами капиталдың сапасына жауап береді, ал бұл өз кезегінде отандық экономиканы дамыту үшін негізгі талап болып саналады», деді Н.Әуесбаев.