Президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақтастары Батыс Қазақстан облысының тұрғындарымен кандидаттың экологияны жақсартуға арналған басымдықтарын талқылады.
Бұл – кандидаттың сайлау алдындағы бағдарламасында белгіленген міндеттердің бірі.
«Батысқазақстандықтарды алаңдатып отырған маңызды проблемалардың бірі – Жайық өзенінің тартылуы. Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мемлекет саясатының маңызды басымдықтарының қатарында. Соған байланысты су ресурстарын тиімді пайдалану, қорғау және тазалау үлкен мәнге ие. Бұл бағытта қоғамның белсенді ұстанымы аса маңызды», деді республикалық қоғамдық штаб делегациясының басшысы Мәулен Әшімбаев.
Орал қаласында республикалық қоғамдық штаб мүшелері облыстың зиялы қауым өкілдерімен, қоғам белсенділерімен бірге кандидат ұсынған отандық мәдениет пен өнерді қолдауға және дамытуға арналған шаралар туралы да пікір алмасты. Сондай-ақ Штаб мүшелері «Жайықжылуқуат» АҚ алаңында өңірдегі коммуналдық кәсіпорындардың өкілдерімен кездесіп, батысқазақстандықтарға Қ.Тоқаевтың сайлау алдындағы бағдарламасының негізгі бағыттары туралы айтып берді. Нақты айтқанда, кездесуде энергетикалық қуатты жаңғыртуға, инженерлік желілерді салуға және жөндеуге арналған басымдықтар сөз болды.