Президенттікке кандидат, құқық қорғаушы және қоғам қайраткері Салтанат Тұрсынбекова Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықты жоюды өзінің өмірлік мақсаты деп есептейді. Бұл мақалада біз оның кім екені және неліктен елдегі әйелдер мен қыз-келіншектердің құқығын қорғауды мақсат тұтқаны туралы әңгімелейміз.
Салтанат Тұрсынбекова деген кім?
Салтанат Тұрсынбекова – екі баланың анасы әрі аяулы әже. Ауылда қарапайым көпбалалы отбасында дүниеге келіп, тәрбиеленген. Кәсіби еңбек жолын мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып бастаған. 5 жыл білім ошағында шәкірт тәрбиелеп, сынып жетекшісі де болған. Уақыт өте келе өз мансабының бағытын өзгертіп, кәсіби маман ретінде өсіп-өрлеп, отбасын асырап, қоғамды жақсы жаққа өзгерткісі келетін қазақстандық көптеген әйелге үлгі бола білді.
Ол 20 жылдан астам мемлекеттік қызметте, оның ішінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде, Жоғарғы Сотта және Бас прокуратурада қызмет атқарды. Мансап жолындағы 10 жылын басшылық лауазымдарға арнады. Еліміздің барлық құқық қорғау органының кадр саясатын әзірлеуге атсалысты, Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясын, республиканың барлық өңірінде оқу-әдістемелік жұмыстар және прокуратура қызметкерлерінің біліктілігін арттыру орталықтарын құруға бастамашы болды.
Салтанат Тұрсынбекованың құқық қорғау қызметімен айналысқанына 5 жылдан асты. Ол соңғы жылдары елімізде ең көп талқыланатын және резонансты тақырыптардың бірі – отбасындағы зорлық-зомбылықпен күресудегі көп жылғы қажырлы еңбегімен танымал.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес: ел ішінде атқарылған жұмыстар
Салтанат Тұрсынбекова мемлекеттік қызметте жүріп «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасын әзірледі. Жоба бойынша Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, дағдарыс орталықтарында, балалар мен қарттар үйлерінде, әйелдер колониясында, еліміздің ең шалғай ауылдарында болды. Сондықтан да ол қоғамды алаңдататын мәселелерді өте жақсы біледі.
Соның нәтижесінде Шымкентте әкімдік жанынан Отбасы, балалар және жасөспірімдер ісі бөлімі, сондай-ақ отбасылық жанжалдарға арналған медициналық психокоррекциялық орталық құрылды. Бұған қоса, 17 ауыл мен шағын қалада отбасын қолдау қызметі ашылды.
Үкімет «Тұрмыстық зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасының идеясын қолдады және бұл бастама қазір елорда мен төрт облыста іске асырылып жатыр. Болашақта өзге де өңірлерде осындай орталықтардың қызметін жолға қою жоспарланған.
С.Тұрсынбекованың құқық қорғау саласындағы тағы бір бағыты – өзін-өзі қорғаймын деп темір торға тоғытылған әйелдерге құқықтық көмек көрсетіп, қолдау білдіру.
Халықаралық деңгейде мойындалуы
Салтанат Тұрсынбекова құқық қорғау саласында қызмет ететін халықаралық ұйымдардағы әріптестерімен тығыз байланыс орнатты, сондай-ақ шетелдердегі жиындарда Қазақстанның атынан сөз сөйлеп, түрлі бастама көтеріп жүр.
Салтанат Тұрсынбекованың «Тұрмыстық зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасын БҰҰ-ның Қазақстандағы құрылымдары зорлық-зомбылықпен күресудің тиімді ұлттық стратегиялардың бірі ретінде мойындады.
2019 жылы Женевада БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою комитетінде С.Тұрсынбекова қазақстандық делегацияның құрамында «Қазақстандағы әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою» туралы конвенцияның орындалуы туралы баяндаманы қорғауға қатысты. Сол жылы БҰҰ-ның әйелдерге арналған гранты аясында Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігімен және Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен бірлесіп, ұсынымдар алу бойынша жұмысты үйлестірді. Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау, бюджеттік жоспарлау және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен қыздарды оңалту және реинтеграциялау жөніндегі ұйымдардың қызметін жетілдіру жұмыстарына белсене атсалысты.
2022 жылғы сайлауда президенттікке кандидат ретінде ұсынылса да Салтанат Тұрсынбекова өз бағытынан тайған жоқ, сайлауалды бағдарламасының маңызды бөлігін тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге және әйелдердің өмір сүру жағдайын жақсартып, қоғамдағы орнын айқындауға арнап отыр.
«Мен Президент болсам да, болмасам да, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауды жалғастыра беремін. Өйткені бұл – менің өмірлік миссиям. Кез келген қазақ әйелінің білім алуға, денсаулығын нығайтуға, мансап құруға, ұрып-соғусыз, қорлаусыз қалыпты өмір сүруге құқығы бар. Егер адамдар мені осы рөлге лайықты үміткер деп есептесе, мен Қазақстанда отбасындағы зорлық-зомбылықты түбегейлі жоямын. Мен өмірдің барлық қиыншылығын көрген қазақ әйелдеріне берген уәдемді орындаймын», дейді ол.
Үміткер өзінің сайлауалды бағдарламасында Қазақстанда көптен бері айтылып келе жатқан маңызды реформаларды ұсынды. Мысалы, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес саласындағы жаңа заңнаманы әзірлеу және қабылдау, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу түріндегі құқық бұзушылықтар үшін заңнаманы қатайту (Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінен ҚР ӘҚБтК-ге ауыстыру), әйелдердің зейнеткерлік жасын 58-ге дейін төмендету, ең төменгі жалақы мен күнкөріс деңгейін (зейнетақы жинақтары, жәрдемақылар мен шәкіртақылар) ұлғайту, көпбалалы отбасылар мен қиын өмірлік жағдайдағы отбасылардың қарыздарын кешіру және толық емес отбасылардың мәртебесін заңмен бекіту сияқты бірқатар маңызды бастаманы ұсынып отыр.
«Мен әйелдеріміздің жылағанын қаламаймын. Олардың қиындықсыз өмір сүруі үшін бар күшімді саламын», деп қосты ол.
Салтанат Тұрсынбекова құқық қорғаушы әйелдерді үміт үзбеуге, берілмеуге – өздері және балалары үшін соңына дейін күресуге шақырып, өз өмірінен мысал келтірді:
«Біздің бәріміз де сабырымызды шыңдау үшін өмірлік сынақтардан өтеміз. Мен Астанаға 1999 жылы келіп, екі баламмен жүріп, 15 шақты жалдамалы пәтер ауыстырдым. Өте көп жұмыс істедім. Көз жасым да төгілді, реніш те болды. Бірақ сіз басыңызға түскен сынақты болашаққа қадам ретінде қабылдасаңыз, күш-жігеріңіз арта түседі. Мені ешкім жоғарылатпады, «аға-көке» де, «тамыр-таныс» та қолымнан жетектеген жоқ. Маған кей әріптесімнің «Кет!» деген кезі де болды. Бәрін тастай салып кете салуыма да болар еді, бірақ мен оның орнына, жұмысқа жұрттың бәрінен бұрын келіп, түн жарымға дейін еңбек еттім. Өз жұмысымды жақсы білдім. Командада 10 адам болса, мен олардың әрқайсысының функцияларын білетінмін және кез келген маман үшін жұмыс істей алатынмын. Осылайша, тек еңбек пен күрес арқылы біз көздеген мақсатымызға қол жеткізе аламыз. Бүгін мен – президенттікке үміткермін. 1999 жылы біреу маған келешегің осылай болады деп айтса, мен оған сенбес едім», дейді ол.
Анель Абулхаирова
Президенттікке кандидат С.П.Тұрсынбекованың сайлау қорынан төленді.