Шилібастау – Алматы облысының Жамбыл ауданындғы шағын ғана ауыл. Енді осы ауылға қазақ ғалымдарының назары ауып отыр. Өйткені жақында ауыл тұрғындары су құбырын тартып жатқан кезде балбалтас тауып алған еді.
Оразбековтер отбасының ауласынан ежелгі түркі дәуіріне жататын тарихи жәдігер табылды деген хабарды естігенде елең ете қалғанымыз рас. Мұндай балбалтастың шынымен де ерте заманғы ескерткіштерге ұқсайтынын зерттеу жұмыстарынан білеміз.
– Түркі кезеңінде мұндай балбалтастар қайтыс болған адамдардың қабіріне айрықша белгі ретінде орнатылатын болған. Яғни ескерткіштің ежелгі түркі дәуірінен бері сақталып келгені анық. Өкінішке қарай, бүгінде олардың көбі қирап, жоғалып кетті, – дейді Жамбыл ауданы аумағында орналасқан «Таңбалы» тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейі бөлімінің басшысы Қуаныш Нұрмақсұтов.
Ауладан табылған балбалтастың биіктігі шамамен 1 метр, ені 70-80 сантиметр екен. Жалпы, жергілікті тұрғындар ауылдың байырғы қарияларынан мұндай тарихи құндылық туралы көп естігенін айтады. Ал ауласынан балбалтас шыққан Еламан атаның ұрпақтары осы жерге тағы екі балбалтас көмілген болуы мүмкін деп жорамалдайды. Естулерінше, заманында ауылда екі тас ескерткіш болған-мыс. Олардың бірінде әйел бейнесі қашалған сияқты.
– Бұл тасты атамыз Еламан сақтап келген екен. Осы туралы көп аңыз айтылады. Кеңес өкіметі тұсында жәдігердің құнды дүние екенін білмеген сияқты. Кейін келе балбалдар топыраққа көміліп қалғанға ұқсайды, – дейді Шилібастау ауылының тұрғыны Роза Шылғаубаева.
Қалай болғанда да табылған тастың құндылығы жайында соңғы сөзді археологтер айтуға тиіс.
Алматы облысы