• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 14 Қараша, 2022

Несие кешіру – ниеттен

629 рет
көрсетілді

Микроқаржы ұйымдарынан несие алған 28 мың адамның қарызы кешірілетін болды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микронесие беру саласындағы заңға өзгерістер енгізбек. Агенттік төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдірахмановтың айтуынша, қазір 45 күнге 50 АЕК-ке дейін онлайн микронесие беруге қатысты заң талабын алып тастау талқыланып жатыр.

«Алдағы уақытта микроқар­жы ұйымдары жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 56 па­йызбен стандартты микронесие ұсына береді. Сонымен бірге, кепілсіз тұтынушылық несие­лер бойынша азаматтардың қарыздарын коллекторларға сатуға заңнамалық тыйым салуды енгізу пысықталып жатыр. 2022 жылдың соңына дейін микроқаржы ұйымдары 432 мың қарыз алушының 33,1 млрд теңге сома көлеміндегі проблемалық берешегін қайта құрылымдауды жоспарлап отыр. Соның ішінде 107 мың қарыз алушының 0,8 млрд теңгесі ішінара кешірілсе, 28 мың қарыз алушының 0,6 млрд теңгесі толықтай кешірілмек», деді Н.Әбдірахманов.

Осы күнге дейін микроқар­жы ұйымдары берген кепілсіз тұтыну­шылық несие көлемі – 416 млрд теңге. Қарыз алушылар саны 1,3 млн адамнан асқан. Биыл қаңтар-тамыз айлары аралығында төленбегеніне 90 күннен асып кеткен кепілсіз тұтынушылық несие 18,8 па­йыз­ға, 71,3 млрд теңгеге өсіпті. Ел бойынша 434,2 мың адам мик­ро­несиесін төлей алмай жүр. Ал көлемі 50 АЕК-ке де­йін­гі онлайн микронесиесін қай­тара алмай жүрген қарыз алу­шы саны 15,8 пайызға, 380 мың адамға өскен.

Қазіргі уақытта проблемалық берешекті қайта құрылымдау тәртібі заңмен бекітілген. Қарыз алушы өтініш берген соң оның қарыздық жүктемесін төмендету мәселесі қаралады. Бұл ретте микроқаржы ұйымының қай­та құрылымдау шарты қарыз алушының қаржылық жағ­дайына (табыс деңгейі, әлеу­меттік мәртебесі) байланыс­ты да анықталатынын айта кете­йік. Сондай-ақ микроқаржы ұйым­дары біржақты тәртіппен қарыз алушының қарызын ішінара немесе толықтай кешіру туралы ше­шім қабылдай алады.

Проблемалық берешек толық немесе ішінара кешірілген жағдайда провизия жүргізіліп, соның есебінен қарызды жабудан пайда болған шығын жабылады. Қайта құрылымдауды жүргізу туралы ақпарат қарыз алушының несие тарихында көрініп тұратын болады.

«28 мың қарыз алушының 600 млн теңгесі толықтай, 107 қарыз алушының 800 млн теңгесі ішінара кешірілетіні жайлы ақпарат шықты. Аталған бастама МҚҰ-лардағы проблемалық берешек деңгейін төмендету аясында жүзеге асырылмақ. Онлайн несие беру және жалақыға дейін займ беру қарқыны өте жоғары. Займды 5 минут ішінде беретін ұсыныстар кез келген жерден ұшырасады. Бұл қарыз алатын адам санын көбейтеді. Қазір агенттік 45 күнге дейін берілетін 50 АЕК немесе 153 150 теңгеге дейінгі микрозаймдарға тыйым салуды қарастырып жатыр. Қазір банк көп адамға кре­дит бермейді. Өйткені олар банк­тердің скорингінен өте алмайды. Олар үшін тығырықтан шығар жол – МҚҰ-дан қарыз рәсімдеу. Бірақ МҚҰ-лардың пайыздық став­касы, берешектің өсу көле­мінен хабарлары аз. Несие қыз­ме­тін реттеуді жетілдіру оң ық­пал ете алады. Бірақ ол саяси құ­рал­ға айналмауы керек», дейді теле­грамдағы RiskTakersKZ каналы.

Микроқаржы нарығы тұрақ­ты өсімге ие. 243 микро­қаржы ұйымының жиынтық қарыз портфелі 2022 жылдың екінші тоқсанының соңында 838,3 млрд теңгеге жеткен. 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 58 пайызға өсім бар. Ал соңғы бес жылда микронесие көлемі 6,4 есе артқан.