• RUB:
    5
  • USD:
    497.89
  • EUR:
    525.12
Басты сайтқа өту
Білім 16 Қараша, 2022

Scopus Awards сыйлығымен марапатталды

525 рет
көрсетілді

Ғылым және жоғары білім ми­нис­трлігі мен «Elsevir» компа­ниясы Scopus журналдарына ғылыми мақала жариялап, табан­­дылығымен көзге түскен ғалым­дарды құттықтады.

Отандық ғылымның жетістігін дәріптеп, жылдар бойы ізденістен қол үзбеген ғалымдарға қолдау көрсету өзекті. Себебі еліміздің әр аймағында ғылымға ден қойып, толымды еңбегімен танылған ғалымдар көп. Мән-маңызы бөлек іс-шараның мақсаты сол, Scopus журналдарына құнды ғылыми мақала жариялаған ғалымдарды таныту болған. Әсілі, дүние жүзінде ғалымдардың маңдай тері, жұмысының көрсеткіші рейтингі жоғары халықаралық журналдарда мақала жариялаумен, сол секілді еңбекке танымал зерттеушілердің сілтеме беру деңгейімен өлшенеді. Бұл тізімдегі орнын жылдан-жылға бекемдеп жатқан қазақстандықтардың да үлесі басым. Ал біз айтып отырған әлемдегі ең ірі «Elsevier» ғылыми компаниясының базасында 4 мыңға жуық ғылыми журнал бар.

Отандық ғылымның дамуына үлес қосып жүрген ғалымдар бас қосқан жиын­да Ғылым және жоғары білім ми­нистрі Саясат Нұрбек ғылым-бі­лім­ді өркендетуде бірлесіп атқарған жұ­мыс­тардың берекелі болатынын айтты.

«Ортақ мүддеге жету жолында күш біріктіріп, ұдайы тәжірибе алмасып отырсақ, елдің әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуына үлес қоса аламыз. Соның есесіне өмір сүріп жатқан ортамыздың өзіміз үшін де, өскелең ұрпақ үшін де жайлы болуын­ қамтамасыз етеміз», деді министр.

«Elsevir» компаниясының Орта­­лық Азия және Әзербайжандағы жетек­­шісі Дамир Рахметов қазақстандық ға­­лым­дардың ғылыми бағыттағы жетіс­ті­гі жақсы бағаланып жатқанын атап ­өт­ті. Демек ғылыми жетістікте­рін елге жә­не шетелге таратуға талпынатын ға­­лым­дар аз емес. Расында солай, қа­зір ға­лымдар ғылыми ақпарат­ты мең­­­ге­ріп, Elsevir құралдарын кеңі­нен қолдану арқылы еліміздің жа­һан­дық зерттеу рейтингіндегі орнын нығайтуға, инновацияларды ынталандыруға күш салып отыр.

Салтанатты іс-шарадан соң, эко­номика ғылымдарының докторы Шол­пан Есімова жоғары оқу орын­да­рындағы өзгерістер және ғылымды өріс­­тету жолындағы жаңашыл баста­малар турасында баяндады. Қазір әлемдегі және елдегі әлеуметтік-эко­но­­микалық және саяси жағдайлар сан салаға жаңалық әкелгені белгілі. Ендігі кезде елдегі жоғары оқу орындары осы өзгеріске дайын ба деген орын­ды сауал туады. Осы тұста Шол­пан Есімованың жоғары оқу орын­да­ры­ның жанынан технопарктер ашу туралы ұсынысына ғалымдар қы­зы­ғу­шылық танытты. Өйткені әлем­­дік тәжірибеде технопаркте іс бас­­таған кәсіпкерлер мемлекетке са­лық төлемейді. Есесіне, бұл оң өзге­ріс сту­денттер мен мұғалімдердің қызы­ғу­шылығын оятатыны сөзсіз. Ғылы­ми өнертабысты өндіріске енгізудің тетіктерін жастар ерте ұғып, байыбы­на барып түйсінгені жақсы. Мұн­дайда бизнес жобаларын іске асыруды көз­деген ғалымдар мемлекеттен қаралған грантты күтіп отырмас па еді.

Ғылым-білімді дамытудың тағы бір тиімді тетігі – шетелдік тәжірибеге сүйену екені айтпаса да белгілі. Елде бәсекеге қабілетті университеттердің көп екенін еске салған Шолпан Есімова оқу орындарының әлеуетін одан әрі арттыру үшін инфрақұрылымды жаңартып, стратегиялық жоспар құрудың тиімді екенін алға тартты. Осы күні Elsevier Research Excellence Award сыйлығының лауреаттары дөңгелек үстел отырысына қатысып, елдегі ғылымның бүгіні мен ертеңі туралы ашық әңгімелесті. Жетекші ғалымдар жастарға бастаған ісін соңына дейін жеткізуге ақыл-ке­ңесін айтты. Себебі кейбір ғылыми жобаларға 10 жылдан астам уақы­тын сарп етіп, кейін еңбегінің жемі­сін көрген ғалымдар – көпке үлгі. Бұ­дан әрі ғалымдар ғылым жолында өзінен білімді, яғни бір саты жоға­ры азаматтармен тізе қосып жұмыс істеудің тиімділігі турасында өзекті ой қозғады. Дөңгелек үстел отырысында кез келген кедергіні еңсеріп, бастаған істің нәтижелі болатынына сену ғалымға тән қасиеттің бірі еке­нін түйсіндік. Орайы келгенде ғалым­дар тырнақалды еңбегін жаза баста­ған саладағы жастардың табысына мән беріп, әлеуметтік жағдайға кө­ңіл бөлу жөнінде ұсыныстарын ортаға сал­ды. Жас ғалымдарды ынталан­­ды­ру­ға баса мән берілсе, кейбір білік­ті кадр­лар табыстың кілтін басқа саладан іздеуге талпынбайтын еді ме? Ғылым-білімді дамыту жөнінде орамды ой айтылған отырыстың ізін ала «Elsevier» компаниясының Түркия, Иран, Орталық Азия, Таяу Шығысқа жауапты директоры Тайфун Башал ғылыми мақалалар жазып еңбектенген 17 ғалымға Elsevier Research Excellence Awards сыйлығын тапсырды. Сондай-ақ ғылымның өркендеуіне сүбелі үлес қосып келе жатқан Назарбаев Университеті мен Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті де Elsevier сыйлығын иемденді.