Соңғы уақытта жер-дүниеде орын алып жатқан оқиғаларға зер сала қарасақ, әлемдік қауымдастықтың халықаралық қатынастардағы шиеленістің күшеюіне алаңдап отырғанын аңдаймыз. Десе де, жоғары деңгейде өтетін кездесулер мен онда қабылданатын маңызды шешімдер кез келген дағдарыстан шығудың жолы міндетті түрде табылатынын көрсетеді.
1992 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келешекте Азия-Тынық мұхиты аймағының маңызы артатынын айтқан болатын. Ол сол кездің өзінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары ұйымын құру туралы бастама көтерген еді. Ұлт көшбасшысының терең стратегиялық және көреген болжамы аталған үдерістердің бүгінде нақты нәтижелермен беки түскенінен көрінеді.
Бүгінгі таңда дамудың дұрыс әрі даңғыл жолы – интеграция. Интеграциялық байланыстар жаһандық деңгейде ғана емес, өңірлік орталықтар аясында да шоғырлана алады. Қазақстан – интеграциялық үдерістердің бастамашысына айналған мемлекет. Еліміздің бұл тараптағы жобаларына басқа елдер де қолдау білдіріп келеді. Бұл ретте Президентіміздің G-Global туралы ұсынысының айрықша маңыздылығын айтуға болады.
Әр өңір еліміздің дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қоса алады. Ішкі тұрақтылыққа жету тәжірибесі бізге қордаланған мәселелер туралы айтуды ғана емес, оның түйіні мен шешімін көрсетуге де құқық береді.
Бүкіл әлем дағдарысқа шырмалып жатқан кезде, еліміз алдына үлкен мақсаттар мен міндеттер қойып, оған жетуге, биік үдеден табылуға қадам басып отыр. Оны әр кезде құптау керек. Бүгінде Қазақстан жаһандық мәселелердің түйінін тарқатуға, экономиканы жаңғырту арқылы өнеркәсіптің барлық саласын жандандыруға, инновациялық технологияны енгізуге күш салып жатыр.
Осынау аз уақыт ішінде Қазақстан халықаралық қауымдастықта өзінің орнын айшықтаған мемлекетке айналды. Қазіргі кезде Қазақстанның ұстанымымен, пікірімен барлық жұрт санасады. Бұл біздің жинаған тәжірибеміздің бағаланатынын және әрдайым маңызды екенін аңғартса керек. Елбасы таңдаған әрі қалыптастырған Даму стратегиясы халықты дұрыс бағытқа бастап бара жатқанын көрсетеді.
Лидия СТОЛЯРОВА,
Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің
профессоры.
ӨСКЕМЕН.