Кереку шаһары жер жағдайы бойынша ойпаң жерде орналасқан. Сонысына орай облыс орталығын нөсер және дренаждық кәріз жүйесімен қамту мәселесі өте өзекті. Жазда жаңбыр төпелеп жауып, жазғытұрым қар ерісе көшелердің барлығы кілкіген суға толады. Ал қолданыстағы небәрі 10 шақырымдық дренаждық жүйе баяғыда істен шыққан.
Соңғы жылдары қала көшелерінде нүктелі құрылыс көптеп қолға алына бастағалы көшелер тарылып, бұрынғы бос аумақтарда көпқабатты ғимараттар салынды. Кезінде көше бойымен ағып кете беретін жаңбыр суы ойпаң жерлерде жиналып, апталап жатып алады. Мұндай проблемалар Академик Сәтбаев, Мәшһүр Жүсіп, Қамзин, Толстой және тағы да басқа негізгі көшелерде көп. Жоғарғы қабатын үнемі ылғал басып жатқан соң кейбір асфальт жолдар шыдас бермей, опырылып түсетінін де көзіміз көрді. Бұл шұңқырларға абайсызда жеңіл автокөліктер түсіп кетіп, иелері материалдық тұрғыдан зардап шекті.
Ал шаһардың шығыс бөлігіндегі «Екінші Павлодар» деп аталатын шағын аудандағы мәселе одан да күрделі. Мұнда жазғытұрым күн жылынғанда жерасты сулары көтеріліп, жер үйлерге су кіріп, тұрғындарды әбігерге салатыны бар. Жер үйлер секторында арнайы ұңғымалар қазылғанымен оның пайдасы әзірше байқалмай тұр. Осы түйткілдердің барлығын шешу үшін нөсер және дренаждық жүйе кешенді тұрғыдан қарастырылуға тиіс, деп санайды мамандар.
Жылдар бойына сағызша созылған мәселені шешуді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жуықта ел Үкіметіне жүктеді. Мұны естіген жергілікті жұрт машақаттан таяу жылдарда құтылатынына қуанулы.
Дренаждық жүйе қандай тұрғыда өміршең етіледі? Бұл сауалды қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Асқар Ажмұратқа қойдық.
– Қазіргі уақытта «Павлодар қаласының жерасты суларының дренаждық желілеріне арналған гидрогеологиялық карта» техникалық-экономикалық негіздемесін (ТЭН) әзірлеу жүргізілуде. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін осы ТЭН негізінде дренаждық-нөсерлік жүйенің құрылысына жобалау-сметалық құжаттама дайындалады. Жобаның мақсаты – Павлодар қаласын орталықтандырылған нөсер және дренаждық кәріз жүйелерімен қамтамасыз ету, су жиі басатын аумақтардың жағдайын жақсарту, жол жабындарын, қала ғимараттарының іргетастары мен негіздерін сақтау. Қаланың дренаждық-нөсерлік жүйесін салу жобасын іске асыру кезінде тазарту құрылымдарын, сорғы стансаларын, нөсерлік кәріз коллекторларын, дренаждық коллекторларды (өздігінен ағатын және қысым арқылы), тазартылған ағын су құбырларын салу жоспарлануда, – деді бөлім жетекшісі.
Жалпы, жобаны іске асыру үш кезеңге жоспарланған. Атап айтқанда, алғашқы кезең 2026 жылға дейін жүзеге асса, екінші кезең 2028, соңғысы 2030 жылға дейін созылады. Жобаға жұмсалатын қаражат мөлшері әзірге нақтыланбаған. Сметалық құжаттама дайын болған соң алғашқы есептеулер жүргізіліп, қажет сома сұралады. Бұл тұтастай алғанда ауқымды инженерлік кешен болғандықтан оны қаржыландыру республикалық бюджет арқылы жүргізіледі деп жоспарланып отыр.
«Су басу аумақтарын анықтау үшін Павлодар қаласының гидрогеологиялық жағдайларының өңірлік математикалық моделі құрылуда. Жобаның ең оңтайлы шешімі ретінде дренажды және нөсерлік кәріздердің аралас жүйесін салу екенін айтқым келеді. Яғни көлденең дренаждар жүйесі тартылады және қолданыстағы ұңғымаларды да пайдалану көзделуде. Жерасты суларын жинауды ұйымдастыру үшін тереңдікте орнатылатын перфорацияланған құбырлар пайдаланылады. Бұл тұрғын үйлердің жертөлелеріне судың жиналуына жол бермейді. Нөсер ағындары (жаңбыр және еріген қар сулары) құбырлар жүйесі арқылы тазарту құрылымдарына дейін ағады. Екінші Павлодар шағын ауданында кешенді дренаж және нөсерлік жүйені орнату бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жобаның 1-кезеңінде, Ал Зеленстрой шағын ауданындағы мәселелер жобаның 2-кезеңінде шешіледі», дейді А.Ажмұрат.
Негізі Павлодар қаласының аумағындағы жерасты суларының деңгейін төмендетуге арналған ескі дренаждық жүйелер бар. Олардың жалпы ұзындығы 10 шақырымды құрайды екен. Ағып келген суды айдауға арналған 4 сорғы стансасы да қарастырылған. 1960-1970 жылдары алғаш рет дренаж жүйелері Азовская, Қамзин, Ладожская, Орловская көшелері аумақтарынды салыныпты. Кешенді жоба аясында алдағы уақытта Ертіс өзенінің қала маңындағы жағалауы бойында негізгі дренаж орнатылады деп көзделген. Ал Усолка шағын ауданы, Толстой, Генерал Дүйсенов, Торайғыров, Урицкий, Мәшһүр Жүсіп, Набережная, Казахстанская правда көшелері аумағында жаңадан дренаждық коллекторлар салу көзделген. Қазіргі уақытта бұл желілердің физикалық тозуы 100 пайызды көрсетіп отыр.
Қорыта айтсақ, Павлодар қаласында нөсерлік кәріз жүйесі мен дренаж жүйесінің құрылысы әлеуметтік және экологиялық мәнге ие. Суағарлардың болмауы, жерасты суларының соңғы жылдардағы жоғары деңгейі жерастындағы инженерлік желілерге теріс әсер етуде. Коммуникациялық құбырлар тез тозып, коммуналдық салада апаттар жиі тіркеледі. Бұл жағдай көше жолдарының да сапасына айтарлықтай өз салдарын тигізіп отырғаны байқалады.
ПАВЛОДАР