• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 21 Қараша, 2022

Қайраткер тұлға

399 рет
көрсетілді

Елімізде тұрақтылық пен ішкі-сыртқы қа­уіп­сіздікті, бірлікті бекемдеу ісінде айрықша орны бар Қазақ­стан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті­нің құ­рылғанына биыл 30 жыл толды. Ел тә­уелсіздігімен бірге қай­та жасақталған қа­уі­п­сіздік органының осынау белесі қалыптасу мен тұ­рақты даму кезеңі ретінде айшық­талды.

Кеңес одағы кезінен бері қа­уіпсіздік органдарында қызмет еткен, басшылық құрамда болған көптеген ардагер қызметкер­­лер зей­­­нет­керлікке шыққаннан ке­­йін де қоғамда ұлттық рухты кү­шейту, ке­йінгі толқынды патриотизм­ге тәр­биелеу бағытында үлкен жұ­мыс атқарды. Олар қазір де арнау­лы қызметтің озық тәжірибелері мен қалыптасқан дәстүрлерін ізба­сар­ларына үйретіп, ортамызда жүр. Солардың бірі –  ҰҚК тұңғыш төр­ағасы, генерал-лейтенант Болат Баекенов биыл 80 жас­қа толып отыр.

Болат Әбдірахманұлы тәуел­сіздіктің елең-алаңында отандық күштік құрылымдарды жасақтап, нығайтуға сүбелі үлес қосты. Тә­уел­сіздіктің 30 жылдығы қарса­ңын­да Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қауіпсіздік ко­ми­тетінің тұңғыш төрағасы, Қауіп­сіздік кеңесінің хатшысы, Ішкі істер министрі, Президент Күзеті қыз­метінің бастығы лауазымдарын абыроймен атқарған, арнаулы қызметтерді қалыптастыруға айрық­ша атсалысқан оны І дәрежелі «Даңқ» орденімен марапаттауы – осының айғағы.

Болат Баекенов 1960 жылы Орал қаласындағы Ауыл және орман ша­руашылығы техникумын бі­тір­геннен кейін еңбек жолын Қара­ғанды облысы Саран қаласында қа­лалық ДОССАФ автоклубының мең­герушісі, автобаза автомеханигі болып бастаған. Әскери борышын өтеп келгеннен кейін Саран қала­лық халыққа білім беру бөлімін­де мектепаралық оқу-өндірістік шеберханасының меңгерушісі болды. 1966-1973 жылдары комсомол және партия жұмыстарына арала­сып, Саран қалалық комсомол комитеті­нің бірінші хатшысы, қалалық партия комитеті ұйымдастыру бөлімі­нің меңгерушісі қызметтерін атқар­ған. Бұған қоса Қарағанды мемлекет­тік университетінің тарих факульте­тін сырттай бітірді.

1973 жылы Қазақстан компартиясы орталық комитетінің ше­ші­мімен ол КСРО мемлекеттік ка­уіп­сіздік комитеті Жоғары мек­тебі­нің басшылық кұрамдарын даяр­лау курсына жіберіледі. Оны бітір­геннен кейін Мемлекеттік қа­уіпсіздік комитеті Қарағанды об­лыс­тық басқармасы қарсы бар­лау бөлімі бастығының орын­ба­сар­­лығына тағайындалады. Бо­ла­шақ ҰҚК төрағасының қауіп­сіз­­дік қызметіндегі карьерасы осы кезден басталған еді. Әрі қарай қа­жырлы еңбегінің арқасында осы саладағы жауапты қызметтерді ат­қа­рып, еліміз егемендік алған жыл­дары осы салаға басшылық жа­сап, жаңадан құрылған органды ны­ғай­туды ұйымдастырды.

Жоғарыда атап өткеніміздей, ол тәуелсіздіктің нығаюы жылдарында қауіпсіздік қызметінен басқа да бірқатар күштік құрылымдарға жетекшілік етті. 1993-1994 жылдары Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы міндетін атқарып, 1994-1995 жылдары Ішкі істер министрі болды. 1997 жылдан Президент Күзет қызметінің бастығы болып тағайындалды. 2001 жылы отставкаға шыққан соң Болат Әбдірахманұлы ұстаз­дық қызметпен айналысып, Қазақ гуманитарлық заң университетін­де Алматы заң академиясын, Қазақстан Күзет ұйымдары ассоциациясын басқарды.

ҰҚК ардагерінің атқарған қыз­меттеріне жекелей тоқталатын бол­сақ, бірнеше кітапқа жүк болатыны сөзсіз. Еліміз тәуелсіздік алған­нан кейін күштік құры­лым­дарды реформалау, қайта құру мәселесі күн тәртібіне шықты. Түбегейлі өзгеріс­ке ұшыраған саяси, экономикалық, құрылымдық жүйе барлық салаға жаңа талап, тың міндет қойды. Ең алдымен заңнамалық негіз ретінде 1992 жыл­ғы маусымда Жоғарғы Кеңес Ұлттық қауіпсіздік туралы заң қабылдады. Бұл заңды әзірлеу­ге тек күштік құрылымдар қызмет­­кер­­лері, депутаттар ғана емес, соны­мен қатар жалпы жұртшы­лық өкіл­­дері де қатысты. Сол тұста Болат Әбдірахманұлының бас­шы­лы­ғымен Ұлттық қауіпсіздік орган­дарында жаңа заң бойынша көп­теген өзгеріс жасалды. Құжат қабыл­данғаннан кейін комитет­тің, әрбір қыз­меткердің атқаратын қыз­меттерін реттейтін нормативтік актілер дайындалды.

Алғаш еліміз егемендік алып, дербес мемлекет болған жылдары қай салада болсын әртүрлі қиын­дық болғаны белгілі. Қаржы мәселесі, жабдықтау, тіпті кадр тапшылы­ғы да басты проблеманың бірі бол­ды. Жасыратыны жоқ, материалдық жағдай да бұл тұс­та маңызды рөл атқарды. КСРО ыдыраған кезде Ұлттық қауіпсіз­дік органдары­­ның жан-жақ­ты да­йындықтан өткен білікті мамандары мемлекеттік қыз­метке, жеке коммерциялық ком­па­­нияларға ша­қырту ала бастады. Кәсіпкерлер жоғары жалақы таға­йын­дап, мамандарды фирмалар­­да жұмыс істеуге тартты. Көптеген бі­­лікті офицерлер өздерінің тарихи Отандарына қоныс аударды. Сол себепті ұлттық қауіпсіздікті қам­тамасыз ететін, ел мүддесін қор­ғайтын мамандар қатары сиреп қал­ды. Осы тұста шетте жүрген мамандарымызды елге қайтару, жаңа кадрларды даярлау жұмыстары қолға алынды. Адамдармен жұ­мыс істеудің жаңа технология­ла­ры мен әдістерін меңгеру, постке­ңес­тік кеңістіктегі басқа елдердегі әріп­­тестермен бірлесіп қарсы бар­лау, ұйым­дасқан қылмыспен және есірткі бизнесімен күресу са­ласын­да өзара ынтымақтастық орнату қажет болды. Осындай қиын тү­йін­­дердің шеші­мін табу Болат Әбдірахманұлының басқаруымен іске асырылды.

Ұзақ жылдар күштік құры­лым­дар саласына сіңірген еңбегі үшін ол «Парасат», «Құрмет», «Даңқ», «Достастық жұлдызы», «За благородство помыслов и дел», «Еңбегі үшін» ордендерімен, КСРО, Қазақстан ­­және шетел мемлекеттерінің 32 ме­да­лі­мен марапатталған. «Генерал­дар кеңесі» республикалық қоғам­дық бірлестігі президиумының мү­шесі, ҰҚК және Президент күзеті қызметінің Құрметті қызметкері, ҚазМЗУ Құрметті профессоры, Саран қаласының Құрметті азама­ты бү­гінде зайыбы Тамара Васильев­на екеуі үш қызды өсіріп, немере тәрбиелеп отыр.

Ардагердің 80 жылдық мерей­тойы елімізде кеңінен аталып өту­де. «Ұлттық қауіпсіздік коми­те­ті органдарының ардагерлері» рес­публикалық қоғамдық бір­лес­тігі Ор­талық кеңесінің төр­ағасы, отстав­ка­дағы полковник Кенже­болат Бекназаровтың бастамасы­мен ме­рей­­той қарсаңында Алматы­дағы ҰҚК ғимаратында Ұлттық қа­уіп­сіз­­дік комитеті бірін­ші төраға­сы­ның мұражай-бөл­месі ашылды, ­сон­дай-ақ арнаулы қызмет органдары арда­герлерінің арасында бильярдтан жарыс ұйымдастырылды. ­Болат Әбдірахманұлының қауіпсіздік орган­дарының құрылымын ны­­ғай­ту және ретке келтірудегі қа­жыр­­лы еңбегі, игі бастамалары ар­наулы қызмет және құқық қорғау ­ор­ган­дарының тарихынан ойып орын алады.