* 1 маусым – Балаларды қорғаудың халықаралық күні
Әрбір сәтіміз баланы қорғауға арналсын «Бала – адамның бауыр еті» деп жатамыз. Тіпті, дүние жүзі болып сәбилердің мерекесін атап өтіп, балақандарға қуаныш сыйлауға асығамыз. Өміріміздің жалғасы һәм мемлекетіміздің келешегі – балаларымызға не қажет дегенде әуелі ойға келетіні денсаулық. Осы ретте еліміздегі педиатрия саласының жай-күйінен сыр тартпақ ниетпен отандық балалар хирургиясының атасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик Камал Ормантаевпен әңгімелескен едік. – Камал аға, балалардың халықаралық мерекесіне орай әңгімеңізді бала денсаулығына қатысты мәселеден бастасаңыз. – Әлемде балаларды қорғайтын және балалардың мәселесімен терең айналысатын БҰҰ-ның арнайы бағдарламасымен жұмыс істейтін ЮНИСЕФ дейтін ұйым бар. Оның бергі жағында 1996 жылы біздің елімізде қабылданған «Балалар құқығы туралы» Заң да бар. Бүкіләлемдік ұйымдардың әрекеті өз алдына, өзімізде қабылданған заң қандай деңгейде жұмыс істеп тұр деген сұрақ әрқайсымыздың көкейімізде тұр. 1959 жылы Алматы медициналық институтының педиатрия факультетін бітіргеннен бастап балалар денсаулығымен тұрақты айналысып келемін. Егемен ел болдық деп бұған дейін қолданылған озық тәжірибелерден бас тарту қаншалықты ақылға қонымды? Кеңес дәуіріндегі медицинада жақсы дәстүр мен шипалы тәсілдер де болды. Ең бастысы, ол кездің өмір тәжірибесінде маман даярлау, шәкірт тәрбиелеу деген секілді мемлекеттің нығаюына қызмет ететін жақсы жүйе бар еді, қазір сол бағыттан ажырап қалдық. Оған дәлел ретінде осыдан 7-8 жыл бұрын еліміздің медицина мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындарында педиатрия факультетінің қысқарып кетуін айтар едім. Педиатр маман даярлайтын факультеттер ТМД көлеміндегі барлық республикаларда бар. Әлемнің іргелі елдері де, тіпті, медицинасы шарықтап дамып кеткен мемлекеттер де бұл саладан бас тартқан жоқ. Мәселен, сәби өмірге келген соң жылайды, мазасызданады. Қай жері ауыратынын айтуға тіл жоқ. Оның мазасыздану себебін анықтайтын сол саланың дәрігері керек. Одан кейін нәрестенің хал-ахуалын анықтайтын арнайы аппаратура керек. Медициналық құрал-жабдық күннен-күнге көбейіп келе жатқанымен, медицина мамандарының білім деңгейі әлі төмен деген ойдамын. – Қазір теледидардағы жаңалықтар арасында нәрестенің шетінегенін де көрсетіп жатады. Дәрігер білімсіз бе, ата-ана дімкәс пе әлде журналист даукес пе деген сауалдан бұрын осындай жаңалықтарға көзқарасыңыз қандай? – Телеарналардан «бір сәби шетінеді» деп хабар таратады. Әлгі баланың ата-анасы жылайды, соттасады. Сәби өлімінің себебі қандай? Біріншіден, нәрестеге диагностика дұрыс жасалмаған. Екіншіден, қате қойылған диагноздың кесірінен емдеуі де дұрыс жүргізілмейді. Үшіншіден, емдеу аппараттары жоқ немесе ондай құрылғыны пайдалана алмайтын мамандар бар. Түптеп келгенде, көп жағдайда журналистер бірден дабыл қаға жөнелмей, сәби өлімінің себебін зерттеп, оқиғаның ақ-қарасын анықтауы керек қой. Мәселен, қазір іштен туабітті науқастар көп, экологияның, ата-аналардағы аурулардың тұқымқуалаушылығы секілді түрлі себептермен өмірге денсаулығы нашар болып келетін нәрестелер кездеседі. Ондай сәбилердің көбіне тіпті ем қонбайды да. Қазақшалап айтқанда, өмір сүретін бала – сүреді, шетінейтін сәби – шетінейді. Амал бар ма?! Құдайдың басқа салған шарасына төзімділік танытып, сабыр қылғаннан басқа амал жоқ. Рас, кейбір сәбидің өлімі дәрігерлердің қателігінен болады. Міне, соны анықтап алып барып көпке жария ету керек. Меніңше, нәресте тағдырына қатысты ақпаратты таратпас бұрын оны әбден зерттеп, себебі мен салдарын саралап барып мағлұмат берген жөн. Арзан сенсация үшін дау қуып, өзгелерді де әуреге салып, ел ішін дүрліктіруге ұмтылмаған абзал. – Елімізде балалар дәрігері жеткілікті ме, жетіспесе оған не себеп? – Қазір балалар дәрігерін дайындау үшін медициналық оқу орындарында небәрі 2 жыл бөлінген. Бұл дұрыс емес. Жалпы адам баласында 14 мың ауру түрі кездеседі дейтін зерттелген мәлімет бар. Соның бәріне диагнозды дұрыс қою үшін терең білім мен нақты тәжірибе керек. Ал жоғарыда айтып өткеніміздей, тілі жоқ сәбидің дертін анықтау үшін қандай талап, нендей біліктің керек екенін түсіне беріңіз. Сондықтан да 2 жылдық интернатурада дұрыс маман даярлау мүмкін емес. Балалар дәрігерінің өзі салалық ерекшеліктері бойынша 21 түрлі болады. Интернатураны тәмамдағаннан кейін ұзақ жылғы ізденістердің аяғы, яғни оқудың 7-8-ші жылдары резидентурамен жалғасады. Бұл кезде көптеген қыз балалар тұрмыс құрып, өздері бала сүйіп, оны жалғастыра да алмай қалады. Содан медицина мамандарының сапасы төмендеп, елімізде дәрігер жетіспеушілігі байқалып отыр. Дәрігер неге жетіспейді? Өйткені, дәрігердің алатын жалақысы төмен. Пәлен жыл оқып, жұмыс істегенде алатын айлығы мардымсыз. Бірді-екілі баласы бар жас отбасы үшін болымсыз ақшамен күн көруге бола ма. Амал жоқ, ел медицинасына керекті жас мамандар дипломдарын алған соң фармацевтикалық компанияларға, жекеменшік клиникаларға, дәріханаларға немесе жеке бизнеске кетеді. Ал дамыған елдерде олай емес. Шетелдерде заңгерлер мен дәрігерлердің жағдайы жақсы, олар тек өз саласын зерттеп, білімі мен тәжірибесін ұштай түседі. – Қайтсек отандық медицинаны дамытамыз? – Отандық медицинаны дамыту үшін медицина ғылымымен айналысу керек. Дәрігерлердің өздері. Шетелдік ғылыми кеңестерге, конференциялар мен симпозиумдарға қатысуы керек. Ғылыми жұмыстарын әлемдік ортада талқыға салып, үнемі басқа елдердің тәжірибелерімен тығыз байланыста болуы қажет. Мәселен, мен сұхбат бергенде Ресейдің тәжірибесін, медициналық амалдары мен дәрі-дәрмекті қолдану үлгісін айтсам әркім әр саққа жүгірте жөнеледі. Ресей алып мемлекет қой. Оларда халық та көп, халық ішінде білімді ғалымдары да жетерлік. Мына интеграция дегенді пайдаланып неге біз солардың озық тәжірибесі мен айтулы үлгісін өзімізге сіңірмейміз?! Бір ғана мысал, 2011 жылы Ресейде өткен І Халықаралық медицина конференциясына бірде бір қазақстандық дәрігер маман қатыспаған. Көршілес республикалардан, мынау тұрған Өзбекстаннан 32, Армениядан 38, Вьетнамнан 19, Қырғызстаннан 26 адам, ал Моңғолиядан 23, сонау Никарагуадан 26 адам келіп қатысады, ал Қазақстан тізімде жоқ. 2012 жылы ІІ Халықаралық медицина конференциясы тағы өтеді де, Армения, Өзбекстан, Қырғызстандар қатысып, бізден жан баласы бармаған. Бұдан кейін отандық медицина қалай өркендемек?! Міне, осы орайда интеграцияны неге мемлекет мүддесі үшін тиімді пайдаланбасқа? Шетелдермен мәдени қарым-қатынасымыз жақсы екен, соны ел мүддесіне орайлы қолдана білсек те жарар еді. – Ұрпақ азбасын, зәузатымыз мықты болсын десек не істеуіміз керек? – Ұрпағымыз азбасын десек, болашақ ата-ананың денсаулығын дұрыстауымыз керек. Сәбилерге құнарлы, таза, сапалы ас беріп, бала жастан спортпен айналысуына, жүзу, жүгіру секілді дене қимылдарын көбірек жасауға көңіл бөлген абзал. Әрине, балаларымыз аман-сау өссін десек – бала дәрігерінің білімді болуына, қаптап кеткен дәрі-дәрмекті қолданбайтын амалын қарастыруға күш салуымыз қажет. Және балаларды қорғауды бүкіл әлем болып бір-ақ күнде атап өтпей, әрбір күніміз соларды сақтауға, қорғауға арналуы тиіс деп есептеймін. Әңгімелескен Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.Талантымен танылған Еділ
Баладан асқан бақыт бар ма?! Дүниені жаңартқан алыптар да, ғұламалар да, мемлекет қайраткерлері де сол балалық дәуірді бастан кешірген. Баланы бақытты етіп өсірген елдің келешегі кемел, өрісі кең, бақыты баянды болады. Атам қазақ: «жетім жыласа жер жылайды» деген. Бұл ақиқат сөз. Өмір есігін шыр етіп ашқан бейкүнә сәбидің бәрі бірдей. Өсе келе өзгереді. Олар жақсы қамқорлықты, үлгілі сөзді, өнегелі істі, адамдардың арасындағы риясыз сыйластықты, мейірім мен шапағатты, азаматтық пен адамдықты, кісілік пен кішілікті көріп өссе жаңылмайды, жаман болып өспейді. Кейде біз өз бойымыздағы жұға қалатын жат қылықтарымызды ескермей, балалардың бойындағы үйлесімсіз қасиеттер көрініп қалса, соған ренжіп, тәрбиесіз дейтініміз бар. Шындығына келгенде сол тәрбиенің де, тәлімнің де алдыңғы толқынның мойнында екенін ұмытатынымыз өкінішті-ақ. Осы күндері қамқорлықсыз қалған жетімге, қараусыз қалған балаларға қамқорлық жасау жөнінде елде алуан түрлі пікірлер бар. Бұл қиын түйін мәселеге оң көзқарас танытып, игілікті істерге ұйытқы болып жүрген бір мекеменің жанашырлық жұмысына тоқталып, өзгеге үлгі етуді жөн көрдік. Ол – «Әскерилендірілген темір жол күзеті» (ӘТЖК) акционерлік қоғамы еді. Қоғам соңғы кездері тағдыр тәлкегімен балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан бейкүнә ұл-қызды қамқорлықтарына алып, барлық жағдайды жасау үстінде. Бұл туралы біз басылымның бұрынғы нөмірлерінде де айтқан едік. Осы жолы «ӘТЖК» АҚ Достық стансасындағы филиалы «Айналайын балалар үйі» мемлекеттік мекемесінің тәрбиеленушісі Еділ Тұрсынұлы Үсеновті патронаттық қамқорлыққа алған. Еділ 2004 жылы мамырда Алматы облысы Үшарал қаласында туған. Анасы 2012 жылдың сәуірінде қайтыс болғаннан кейін, оны Талдықорған қаласындағы «Айналайын» балалар үйі өз қамқорлығына алған. Әкесі заңды түрде жоқ. Еділге тәрбиелі, ашық, талантты, көпшіл, жүрегі жұмсақ бала деп мінездеме беруге болады. Ол футбол ойынын өте жақсы көреді. Өзін жақсы ойыншы ретінде көрсетіп жүр. Футбол үйірмесіне қатысады. Бүгінгі таңда доп ойнау техникасын жақсы меңгерген. Оның спортпен шұғылдануы өзге пәндерді, нақтылай түссек: математика, еңбек, сурет секілді сабақтарды жақсы оқуына, жоғары баға алуына ешқандай да кедергі келтірмейді. Еділ сурет сабағынан кілең бес алатын үлгілі оқушылар қатарында екен. Талантты бала өзінің суретіне арқау етіп, қазақ жазушыларының әңгімелері мен халық ертегілерінің кейіпкерлерін алуды жақсы әдетке айналдырған. Мектепте әртүрлі тақырыпта өтетін сурет салу конкурстарына қатысып, жүлдегер атанған. Еділ салған суреттердің көбі мектептің қабырға газетінде жарық көріп келеді. Ол мектепте өтетін барлық шараларға белсенді түрде қатысып, өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен де танылуда. Әсіресе, оның шығармашылық талантын ерекше атап өтуге болады. Спортты серік етіп, суретшілік өнерді өмір жолына балаған жастың денсаулығы өте жақсы екен. Мұны балалар үйінің дәрігері Г.Әукенова да растайды. «ӘТЖК» АҚ-тың әрбір қызметкері жылына Еділге бір рет 500 теңгеден әлеуметтік көмек көрсетуді өздерінің азаматтық парызы санайды. Жиналған қаражат Еділдің білім алуы үшін оның есеп шотына ағымдағы жылдың маусым айында аударылады. Жалпы алғанда, бүгінгі таңда аталмыш қоғам ұжымы 16 баланы патронаттық қамқорлықтарына алғанын да айта кетуді парыз санаймыз. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан». Астана.