Солтүстікқазақстандық полицейлер 800 литрге жуық заңсыз алкогольді тәркіледі, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Тәртіп сақшылары құрамында спирт бар өнімді заңсыз таратуға қарсы іс-қимыл бойынша жұмыс жүргізуде. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Петропавл қаласындағы гараж кооперативтерінің бірінен контрафакт өнімдерінің қоймасын анықтады. 740 литр спирт пен 50 литр коньяк құйылған, 158 бес литрлік ыдыс, сонымен қатар акциз маркасынсыз 22 369 қорап темекі тәркіледі. Бұл ірі көлемге жатады.
– Гараждың иесі гаражының қандай мақсатта пайдаланылатынына еш күдіктенбестен жалға бергені белгілі болды. Тексеріс барысында заңсыз тауардың иесі анықталды. Жиналған материалдар процессуалдық шешім шығару үшін Экономикалық тергеу департаментіне тапсырылды, – дейді СҚО ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Руслан Назаров.
Жыл басынан солтүстікқазақстандық полицейлер 7900 литр контрафактілік алкоголь тәркіледі.