Соңғы үш жыл халқымыз үшін ең ауыр болғаны баршаға мәлім. Соған қарамастан Президент сабырлық танытып, сындардан сүрінбей өтті. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жариялау арқылы халықпен, азаматтық қоғам институттарымен тікелей байланыс орнатты.
Кедейліктің шынайы деңгейін ашық мойындап, әлеуметтік саланы қорғауға бұрын-соңды болмаған қаржы бөлді. Жаңа жұмыс орындарын ашып, миллиондаған адамның, оның ішінде мұғалім, дәрігер, әлеуметтік, мәдениет, өнер, спорт және мұрағат қызметкерлерінің жалақыларын, студенттердің шәкіртақысын көтерді. Зейнетақы қорындағы жинақталған қаржыны пәтер алуға немесе емделуге жұмсауға рұқсат етті. Несиелік амнистия жасалды, масылдық пен ысырапшылдықтың жолдарын кесті. Сонымен қатар денсаулық сақтау мәселелеріне ерекше мән беріп, медициналық сақтандыру жүйесіне қосымша миллиардтаған қаржы бөлгізді.
Қаңтар оқиғасынан кейін ішкі саяси жағдай күрт өзгерді. Жаңа Үкімет құрылды. Тәуелсіздіктің 30 жылында елдің байлығы тек 162 адамның қолына шоғырланғанын ескере отырып, Президент «Алдымен экономика, содан кейін саясат» деген ұстанымды «Саяси модернизациясыз экономикалық реформалар мүмкін емес» деген қағидатқа ауыстырды. Биліктің үш тармағының тиімділігін арттыруды көздейтін «күшті Президент-ықпалды Парламент-есеп беретін Үкімет» деп аталған реформаны жүргізуді қолға алды.
Кадрлық резерв құрды. Сыбайластық пен жемқорлыққа қарсы күресті күшейтті. Мемлекеттік капитализмнен және мемлекеттің экономикаға шектен тыс араласуынан бас тартуды ұсынды. Сайлау жүйесін өзгертті. Президенттің барлық партиядан бойын аулақ ұстау керектігін мәлімдеп, «Amanat» партиясының жетекшілігін Мәжіліс төрағасына тапсырды. Ел қауіпсіздігі мен азаматтардың құқықтарын қорғауға, көрші және алпауыт мемлекеттермен қарым-қатынастарды нығайтуға айрықша көңіл бөлді. Елімізге инвестиция тартудың, экспорттық тауарларды тасымалдаудың жаңа жолдарын тапты. Елден заңсыз шығарылған капиталды қайтару басталды, оларды тиімді пайдалану үшін қорлар ашты. Бос жатқан жерлер мен жайылымдар мемлекет меншігіне қайтарыла бастады.
Ендігі басты қадам – жазда өткен жалпыхалықтық референдумның шешімін нақты заңдар арқылы бекітіп, саяси және экономикалық жүйелерді түбегейлі өзгерту. Халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту үшін уақыт пен халықтың жаңа қолдауы керек екенін түсінген Қ.Тоқаев өкілеттігін екі жылға қысқартып, мерзімнен тыс президенттік сайлау өткізуді, келесі президентің өкілеттігін бір реттік 7 жыл етуді ұсынды.
Қ.Тоқаевтың бұл ұсынысын барлық саяси партия қоғамдық ұйым өкілдері бірауыздан қолдап, халықтық коалиция құрылды. 20 қарашада өткен кезектен тыс президент сайлауында Қ.Тоқаев жеңіске жетті. Сайлаудың барлық демократиялық талаптарға сай өткенін халықаралық, шетелдік және отандық байқаушылар мен БАҚ бірауыздан мойындап отыр.
Сайлау нәтижесі халқымыздың қазіргі аумалы-төкпелі заманда Қ.Тоқаевтың айналасына топтасып, сенім білдіріп, оның саясаты мен жүргізіп жатқан реформаларын қолдайтынын және жаңа дәуірдің басталғанын көрсетеді. Бұл қолдау елімізді елеулі биіктерге бастайды деп сенеміз.
Ержан ИСАҚҰЛОВ,
генерал-майор, саяси ғылымдар докторы