Әдетте қыс қамына жаздың күні кірісер еді. Шаруаға ебі бар басшылар отын-көмірді түгендеп, жылу қазандықтарын қадағалап, ақау болса, ретке келтіріп қояды. Бізде қалай? Әбден қыс түсіп, қирағанда байбалам саламыз. Айтпай келетін табиғи апат емес, кетеуі кетіп тұрған темір қарусыз көзге көрінбеуші ме еді?! Содан ұзын-сонар жиын өткізіп, «мәселе назарымызда» деп, суық пәтерде жылу күткен халықты жұбатамыз. Айтайық деп отырғанымыз – түпкілікті шешіле қоймаған Риддер қаласындағы жылу энергия қазандығының проблемасы.
Еске сала кетсек, 5 қараша күні кешкі сағат 20:00-де жылу қазандығының күл шығару жүйесіндегі стансада сорғы істен шығып, №1 қазандық агрегатының қосалқы жабдығы апатты жағдайда ажыратылған еді. Сөйтіп, 22 мыңнан астам абонент жылусыз қалған. Жо-жоқ, ресми жауапқа сүйенсек, жылу беру азайтылған. Содан бері бұл мәселе түбегейлі шешіле қоймаған секілді. Құзырлы органдар қазандық жоспардағыдай жұмыс істеп тұр дегенімен, көпқабатты тұрғын үйлер әлі де жылына қоймаған. Оның үстіне, сыртта -30-35 градус аяз қысып тұр.
– Қазандықтардың бәрі істеп тұрған көрінеді. Бірақ үй жылына қойған жоқ. Салқын. Оранып, қымтанып отырмыз. Кешкісін электрлі пеш қосамыз. Қыстан қалай шығамыз, білмеймін. Балалар үшін уайымдаймыз, – дейді өзін Құралай деп таныстырған қала тұрғыны.
Тұрғындардың айтуынша, бұл мәселе биыл ғана емес, бірнеше жылдан бері шешілмей келеді. Қазір алты қазандықты лекерлеп іске қосқанымен, қаншалықты ұзаққа барады, белгісіз.
Айта кетсек, үсті пейіш, асты кеніш қалада 56 мыңнан астам адам тұрады. Тұрғындардың дені – кеншілер. Қап дегізері, елдің экономикасын арттыру үшін күндіз-түні жеті қат жер астында еңбектеніп жүрген тұрғындардың жылуға зар болып отырғаны. Жергілікті басшылардан халық үміт үзгенге ұқсайды. Айтылған уәдеге де сенген сыңай танытпақ емес.
– Бізді құр уәде жылытпайды. Кәдімгі жылу керек. Терезелерге мұз қатты. Далада -35 градус аяз, үйде +14 градус қана. Мектептер түс әлетінде ғана жылиды, таңертең, кешке суық, – дейді қаланың жылуына алаңдаған тұрғын Е.Яковлева.
Бір емес, бірнеше тұрғынмен сөйлестік. Басым көпшілігінің айтқаны, жылудың аздығы. Олардың пікіріне қарағанда, жергілікті басшылардан бұдан былай пайда жоқ көрінеді. Сондықтан мәселені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев назарына алса деген тілектерін айтты алаңдаған жұрт.
Жылу қазандығына байланысты әлеуметтік желіде жазылған пікірлерді шолып өтсеңіз де, жергілікті биліктің қауқарсыз екенін жазады басым жұрт. Кім білсін?! Ал облыс әкімі Даниал Ахметовтің хабарлауынша, Риддер жылу электр орталығында жұмыс жалғасып жатыр.
«Жағдай жеке бақылауында. Қазіргі уақытта ЖЭО инфрақұрылымын қалпына келтіру аяқталуда. «Багер» сорғысы екі рет су астына батып, сорғылар апаттық жағдайда болды. Қазір жағдай түзелді. Енді жабдықтардың дұрыс жұмыс істеуін қадағалау маңызды. Өкінішке қарай, тек төрт қазандық жұмыс істейді. Оның үшеуі орташа, біреуі жоғары қысыммен жылу таратып тұр. Екі қазандықтың агрегаты жөнделуде. №4 қазандықта іске қосу, реттеу жұмыстары жүргізіліп, толық іске қосылды. Ал №5 қазандық толығымен тексеріліп, қажетті жабдықтармен жабдықталған. 5 желтоқсанда жылыту жүйесіне қосылады. Қосымша айта кетерлігі, қажетті 75 жұмысшының стансада апатқа дейін 29-ы ғана жұмыс істеген. Бүгінгі таңда жұмысшылар жұмысқа қабылданып, жинақталды. Сондай-ақ ЖЭО-да 130 адам тұрақты жұмыста. Барлық ақау тез арада жойылады», дейді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Айтқанындай, ақаулар тез арада жойылса, жақсы. Бірақ ЖЭО-ның 80 пайызына күрделі жөндеу жүргізу керек көрінеді. Тіпті кеңес өкіметі құлағалы жөндеу көрмеген деген де дерек бар.
Біздің білуімізше, Риддер ЖЭО 1997 жылдан бастап жекенің қолына өткен. Әуелі америкалық AES компаниясы алып, кейін «Green Energy Q» компаниясы сатып алыпты. Бүгінгі иесі де аталған компания. Қазір компания басшылығына қатысты облыстық прокуратура тергеу, тексеру жұмыстарын жүргізіп жатқан секілді.
Қосымша айта кетерлігі, Өскемендегі көпқабатты бірнеше үйдің суып кеткендігі туралы хабар тарады. Тіпті ЖЭО-да апат орын алды деген жазбаларды да көзіміз шалды. Анық-қанығын білу үшін «Өскемен ЖЭО» баспасөз қызметіне сұрау салғанбыз. Олардың айтуынша, «Өскемен ЖЭО» ЖШС жабдықтары штаттық режімде тұрақты жұмыс істеп тұр. Орталықта 7 қазандық және 6 турбоагрегат бар. Желілік судың температурасы – 90ºС. Төмен ауа температурасын ескере отырып (түнде -35 -40 градусқа дейін) стансаның барлық қуаты температура режімін 100 градусқа дейін көтеріп отырады.
Ал Риддердегі ЖЭО қазандықтары толығымен қашан, қай күні қалыпқа келтірілетінін дөп басып ешкім айтпады. Мәселенің мән-жайын бүге-шігесіне дейін білмек болып, Риддер қаласы әкімдігіне хабарластық. Ресми жауап жоқ.
Шығыс Қазақстан облысы,
Риддер қаласы