Қайта сайланған Мемлекет басшысы мінберден мәлімдеме жасап, бірқатар міндетті атап көрсеткеніне барлығымыз куә болдық. Оның бірі – шетелге заңсыз кеткен қаражатты елге қайтару мәселесі. Бұл халық күткен, ел назарында тұрған өзекті мәселе болғандықтан, бұл істің жүзеге асу процестері де ашық түрде жүргізілуі керек.
Үкіметке де, қоғамға да, сарапшыларға да бұл мәселенің мәнісі белгілі, түсінікті, ашық, транспарентті болуы қажет. Өйткені Президент көтерген бұл сұрақтың нақты іске асырылуы өте маңызды болып саналады. Бір жағынан шетел асып кеткен бұл активтер қазір бізге өте қажет болып отыр. Дегенмен қаржыны қайтару процесі әділеттілік принциптерімен сәйкес келуі керек.
Конституциялық реформаны іске асырудың келесі сатысы – Жоғары аудиторлық палатасын толыққанды трансформациялау. Бұл бағыттағы жұмысты бастау үшін Президент арнайы Жарлыққа қол қойды. Ал біз трансформациядан не күтеміз? Мысалы, қазіргі Есеп комитеті Президентке бағынышты болса да қоғамның жұмысын жан-жақты білмейді, көп нәрседен бейхабар. Ал қазіргі конституциялық реформадағы осы Есеп комитеті, Аудиторлық палата Парламенттің алдына бір жылда екі рет келіп, істеріне жауап беріп отырады. Оны БАҚ өкілдері, сарапшылар, қоғам өкілдері, халық қарайды, ақшаларының қайда жұмсалып жатқанынан хабардар болып отырады, содан ой түйеді. Бұл – трансформацияның алғашқы көрінісі. Өйткені халыққа ашық түрде есеп беріліп отыр. Мәселен, бюджет ақшасын Үкімет қайда жұмсап жатқанын Парламент көре алмайды, оларға бұл тақырып осы уақытқа дейін жабық болып келді. Егер заң шығарушы органда қаржының қажетті бағытта жұмсалып жатқаны белгілі болса, халық та бұл мәселеге бас қатырмас еді. Президенттің бұл бастамасын сарапшылар қолдап отыр. Мемлекет басшысының бұл мәселеге ерекше ден қойып отырғаны қуантады. Себебі Жоғары аудиторлық палатасының кейбір мәселелері туралы заңға енгізілген өзгерістер – көлеңкелі экономиканы ретке салатын бірден-бір әдіс болмақ. Жемқорлықтың түбі жойылады деген үміт те бар.
Сондай-ақ ұлықтау рәсімінде Президент сайлауалды бағдарламасындағы міндеттерді іске асыру кезек күттірмес мәселе екенін айтты. «Қазір сайлаудағы жеңісті тойлайтын кез емес, аянбай еңбек ету керек», деді. Бұл ерекше, бұрыннан өзгерек көзқарас. Негізі тәжірибеде «Президент болып сайландым, басқа мәселелерді таққа отырған соң көре жатармын» деген ұстанымдардың болғаны рас. Ал Қасым-Жомарт Тоқаевтың көзқарасы мен ұстанымы бұған қайшы. Ол «Президент болып сайландық, ертең Сенат, Мәжіліс сайланады, ол үшін біз бүгіннен бастап жұмыс істеуіміз керек», деген принципті ұстанып отыр. Өйткені қазір елде шешімін күткен мәселе көп. Олардың алдыңғы қатарында – экология, экономика, кадр мәселесі, құқық, сот жүйесіндегі проблемалар бар. Сот, құқық саласындағы, жалпы жемқорлықты жою, жоғарыда айтып өткен активтерді қайтару жұмысы халықтың жіті назарында тұрған маңызды мәселелер. Осы жұмыстарды уақыт оздырмай қолға алу қажет. Президент осыны айтып тұр. Біз қазір сайлаудың жетегімен жүріп, жұмысты тоқтатып алмауымыз маңызды. Сондай-ақ заң үстемдігі, Конституция үстемдігі деген ұғымдардың болашақ ұрпаққа маңызды екенін ұқтыруымыз керек. Сондықтан қазірден аянбай еңбек ету қажет. Мемлекет басшысының бұл саяси бастамаларын сарапшылар саралап, жоғары баға беріп, қолдап отыр.
Марат БӘШІМОВ,
Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры