Астанада халықаралық «Kaztraffic-2022» көрмесі ұйымдастырылды. Көрме жол құрылысындағы озық технологияларға және аса маңызды көлік логистикасын дамытуға бағытталған.
Іс-шараның негізгі пікірталас алаңдарының бірі «Автожол саласын дамыту перспективалары» пленарлық отырысы болды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Жамбыл Бақтияр баяндама жасап, автомобиль жолдарының сапасына кері әсер ететін түйткілдерге тоқталды, оларды шешудің кешенді жоспарын таныстырды.
Оның айтуына қарағанда, саладағы негізгі проблемалардың қатарында климаттық жағдайларды ескере отырып, шетелдік технологияларды сынақтан дұрыс өткізбеу, кадр тапшылығы, жолдарды салу және пайдалану кезінде тозығы жеткен техниканы пайдалану бар. Сондай-ақ жабдықты, техниканы, қосалқы бөлшектер мен компоненттерді жеткізу, шетелдік өндірушілер шығаратын қоспаларды қолдану бойынша 100 пайыз импортқа тәуелділік те бар екенін алға тартты.
– 7 жылдан артық пайдаланылған техниканы құрылыс және реконструкциялау нысандарында қолданбауды ұсынамыз. Аталған шарт келісімшарттарға енгізілуі керек. Бұдан бөлек, жеңілдіктер бере отырып, жол-құрылыс техникасын өндіру және құрастыру бойынша шетелдік инвесторларды шақыру қажет деп санаймыз. Бұл ретте Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тиісті ұсынысқа бастамашылық етуге дайын, – деді Ж.Бақтияр.
Ол Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жол саласын реформалау аясындағы жаңашылдықтарды да тілге тиек етті. Солардың бірі – автожол жобаларын ЕРСМ келісімшартына көшіру және сол қағидат бойынша іске асыру.
– Аталған келісімшарттың негізгі артықшылығына тоқталар болсам, құны техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалық-сметалық құжаттамаға байланбай ірілендірілген бағалар бойынша айқындалатын болады. Аталған қағида бойынша бір орындаушы жобаны толықтай өзі жүзеге асырады, яғни жобалау сатысынан бастап осы учаскені одан әрі 10 жыл бойы күтіп ұстайды, – деп нақтылады Ж.Бақтияр.
Ресей Федерациясы Федералды жол агенттігі басшысының орынбасары Андрей Самарьянов өз баяндамасында «Росавтодор» қарама-қарсы бағытта жүріп, соқтығысуды болдырмау және жол-көлік оқиғасы салдарынан болатын өлім-жітім деңгейін төмендету мақсатында қарсы қозғалыс ағындарын бөлудің басымдығы туралы айтып берді. Ол мысал ретінде салынып жатқан М-12 жылдамдық күре жолына жанасатын Қанаш елді мекенінен Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының шекарасындағы «Сагарчин» халықаралық автомобиль өткізу бекетіне дейінгі учаскені келтірді.
– Бүгінгі таңда оның көліктік-пайдалану көрсеткішіне сәйкестігі 80,4 пайызды құрайды. Автомобиль көлігі қозғалысының ағымдағы қарқындылығын ескере отырып, 2027 жылға дейін «Росавтодор» ұзындығы 341,3 шақырымды құрайтын учаскелерді төрт жолаққа ауыстыруды жоспарлап отыр. Бұл – негізінен ірі елді мекендерге кіреберістер. Осылайша, 2027 жылға қарай Қанаштан «Сагарчин» халықаралық автомобиль өткізу бекетіне дейінгі учаскенің жартысы төрт жолақты болады деп көзделген. Бұл – 868,6 шақырымның 427,8 шақырымы, – деді А.Самарьянов.
Қос елдің шекарасындағы өткізу пункттеріне апаратын автомобиль жолдары желісін кешенді дамыту Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы делегацияларының кездесуінде де талқыға салынды. Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин Қазақстан мен Ресей стратегиялық әріптес екені және қос мемлекет арасында кең ауқымды спектр бойынша өзара іс-қимылдар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
– Жыл сайын тасымалдау көлемі артып келеді. Осыған байланысты екі елдің шекарасындағы өткізу бекеттерін қоса алғанда, жол инфрақұрылымын дамыту өте маңызды. «Батыс – Шығыс», «Меридиан» көлік дәліздері, сондай-ақ Ресей Федерациясының аумағына шығатын бағыттарымыз басымдыққа ие. Мәселен, «Омбы – Майқапшағай», «Ақтөбе – Атырау – Астрахань» бағыттары, – деді Т.Абдуллин.
Өз кезегінде «Росавтодор» басшысының орынбасары Андрей Самарьянов Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы арқылы автомобиль өткізу бекеттерін, сондай-ақ оларға кіреберістердегі автожол инфрақұрылымын дамыту жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарларының орындалу барысы туралы баяндады. Қос тарап белгілеген барлық жоспар уақтылы орындалып жатқаны айтылды.
«Kaztraffic-2022» халықаралық көрмесі аясындағы пленарлық отырыста Л.Б.Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол институтының бірінші проректоры Гүлсім Еспаева автожол саласында білікті мамандардың жетіспеушілігі мәселесін көтерді.
– Бүгінгі таңда кадр тапшылығы сезіледі. Бұл аталған мамандық бойынша түлектердің аз болуына байланысты. «Көлік құрылысы» бағытында дайындықты бар-жоғы 8 жоғары оқу орны жүргізеді. Ұзақ жылдар бойы «Көлік құрылысы» мамандығы бойынша докторантураға бірде-бір білім гранты бөлінбей, салдарынан 11 жылда небәрі 3 докторант білімін шыңдады. «Көлік құрылысы» дайындық бағытын жеке ашып, топтарға бөлу қажет, – деді Г.Еспаева.
Бұл пікірді «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ президенті Арман Әлібаева да қолдады. Оның айтуынша, жол мамандары жетіспеушілігінің басты себептерінің бірі – «Автожолдар мен әуеайлақтар құрылысы» мамандығын «Сәулет және құрылыс» бағытына қосу. Осыған байланысты студенттер, яғни болашақ жолшылар өз мамандықтары бойынша жеткілікті білім ала алмайды. Салдарынан дайындық деңгейі де, білікті жол құрылысшыларының саны да күрт төмендеген.
Мәселенің балама шешімі ретінде Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты жол саласы қызметкерлерін даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру бойынша оқу орталығының жұмысын жандандыруда. Онда тек студенттер ғана емес, сонымен қатар тәжірибелі мамандар да білімін жетілдіре алатынын айта кету керек.
– «Жол құрылысын қадағалайтын мамандарды оқытасыздар ма?» деген сұрақты жиі естіміз. Әрине, оқытамыз. Кейде қала құрылысы бағыты бойынша білім алғандар да біліктілікті арттыру үшін оқу орталығының мамандарына жүгініп жатады, – дейді «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ зертханасының меңгерушісі Мейрамгүл Қабдығалиева.