• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Желтоқсан, 2022

Шыбын жаныңызды шетел алып қала ала ма?

357 рет
көрсетілді

Ішінде өлімнің өмір сүріп жатқанын біліп тұрып өмір сүретін адамның әрбір күні – жеңіс. Медицинаның өркендеп, ақпарат ағыны асып-тасыған заманда қатерлі ісікке шалдыққан қайраты мықты науқастардың бұл кеселді «стоматологтің кабинетіне кіріп-шыққандай» көп диагноздың бірі ретінде қабылдайтын жағдайға жеткені де сананың өсіп, сауатының артқанынан болар.

Белсенді өмір сүріп жүрген адамның бір-ақ сәтте бейбаққа айналып, үміт пен күдік аралас жанталас күйін кеше жүріп, өлімді емес, өмірді таңдаған кездегі алғаш иек артар ойы: «Шетелде емделсем, қалай болар екен?».

Қазір әлеуметтік желіні ашып қалған адам сырқатына сауға сұрағандардың өтініш-тілегінен аяқ алып жүре алмайды. «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде», деп ұят пен намысты иманы санайтын ірі мінез ажалдың демін құлақтың түбінен сезгенде адыра қалатыны аян ғой. Әдетте мұндай жарнама мәтіндерінің мазмұны да ұқсас келеді: «Науқастың жағдайы ауыр, сирек кездесетін сырқат түрі, дерт асқынып барады. Біздің сырқатты емдеп жазуға Қазақстан медицинасы қауқарсыз. Айықпас дерттің дауасын Кореяның яки Түркияның дәрігерлері білеміз деп отыр. Көмектесіңіздер!». Аң­ғарғанымыз, желідегі жар­на­малардың дені, айталық, бес жарнаманың төртеуі шетел клиникасында емделуге қаржы сұ­райды.

«Көп түкірсе көл», әп-сәтте жеткізіп беретін әбжіл банктің көмегімен теле­фонындағы азды-көпті ақшасынан садақа салу бүгінгі жамағаттың үйрен­шікті дағдысына айналды. «Оу, – дейсің ішіңнен, – бай-бағланы өз қа­лтасынан, жарлысы басындағы жал­ғыз үйін, тақымындағы жалғыз кө­лігін сатып, жұрттан жәрдем сұрап, нау­қастың бәрі шетелдің емін тәуір кө­ріп, таңдау білдіреді екен, сонда әлгі Қазақ­станның мақтаулы медицинасы қайда қарап отыр?».

Бұрын сырқаттардың қалай өмір сүргені белгісіз, қазір шыбын жа­нын шетел алып қалатындай, қит етсе, қиырға қарай шапқылай жөнелу неге белең алып барады? Әркімнің алға тартар себебі бар. Ел ішінде мамандар жеткілікті бола тұра, Батыс дәрігерлері деңгейінде біліктілік таныта алмайтын отандық дәрігерлерге сенімсіз­дік білдіру, дүниежүзілік ден­саулық сақтау ісінің ірі жетістігін өз елінде сезіне алмау, барлық жерді шырмаған жемқорлыққа медицина да кеңірдегінен малтыққан деген түрлі себеп олардың бұл амалын ақтау­ға жетіп тұр. Мұны дер кезінде бай­қаған шетелдің емдеу орындары меди­циналық туризм қызметін мақсат­ты бағыт түрінде қалып­тастырып, мем­­лекеттік саясаттың маңызды бөл­шегі ретінде жолға қойып алды. Гер­мания, Израиль, Оңтүстік Корея, Үндіс­тан, Қытай, Ресей, тіпті іргедегі Өзбекстанға ағылатын науқастарды есепке ал­мағанда, жыл сайын 13 мың қа­зақстандық Түркиядан ем қабыл­дайды екен. Медициналық туризм бойынша әлемнің озық он елінің қата­рына кіретін Түркия жыл сайын 750 мың шетелдікке қызмет көрсетіп, ел бюджетіне 30 млрд доллар инвес­тиция тартады. Науқасқа қажетті көмек көрсетіп, Түркияға бағыттап отыратын арнайы компаниялар да нарық алаңында өзара бәсекелес орта құрып алған. Әуежайдан күтіп алу, сырқаттың екі аяғын жерге тигізбей алып жүру, трансфер тәржіма­шы, қонақүйге орналастыру секілді қызмет көрсету түрлерін толықтай жауапкершілігіне алып, жәрдем беріп жүргендердің дені делдалдық қызметі үшін елден әрең жинап ал­ған қаржының әжептәуір бөлігін имен­бестен өзі иеленіп алады.

Жақында осы туралы таныс онко­лог-дәрігермен әңгімелесудің орайы келді. «Жұрт ем іздеп Еуропаны ке­зіп, Америка асады. Бірақ дәл онко­логия бойынша емдеу стандар­ты бүкіл әлемде бірдей, олар біздің, Қазақ­станның науқастарды еуростан­дартпен, нақтылай айтсақ, Америка медицинасының протоколымен емдей­тінін біле бермейді. Мысалы, мына капсуланың ішіндегі құны 1,5 млн теңге тұратын айбранс химия дәрі­сінің құрамы Қазақстан мен Америка­да бірдей. Ал шетелдік емдеу орталық­тарының көпшілігі медициналық ем­деуді бизнес көзіне айналдырып алған және олар Қазақстанды донор мемлекет көреді. Қалтасындағы соңғы тиынын санап алмай, олар сырқатты оңайлықпен босатпайды. Ел ішінде тегін ем тұрғанда, ақшасын желге шашып, осы жұрттың неге тентіреп жүретіндерін түсінбеймін...».

Жәрдем сұрағанға қаржы жинап беретін жалғыз Қазақстан емес, жақында Англияда кішкене нәрес­тені Ватиканға апарып емдеуге еріктілер елден ақша жинап берген екен, сыртта емделгісі келетін әр сырқаттың тарихымен мұқият танысып (!), бақылауда ұстайтын ағылшын үкіметі ол баланы жат елде емдеуге тыйым салып тастапты. Дамыған елдің медицинасынан дауа іздеп жүргендердің жұрттан жинайтын қаржысының әлденеше есе үстемеленіп көрсетілетіні де ойланатын жағдай. Мешіт, сауда үйлері секілді қоғамдық орындарда садақа жинайтын жәшіктердің айлап емес, жылдап тұратынына да ешкім мән бермейді. Жыл бойы жиналмайтын не деген қаржы, айлар бойы ауруын емдеуге асықпайтын бұл қандай сырқат – алаяқтықтың иісін сезіп тұрып селт етпейтін мінездің осыны ұйымдастырып жүргендерден несі артық?

Шетел медицина мекемелерін­де­гі шын бағаны білгісі келген адам, сайт­­­тарын шамалап бір сүзіп шық­са да, анағұрлым артық қаржы сұрап отыр­ғандарына көз жеткізер еді. Мил­­лиондаған қаржыны сырқат­­тың есепшотына аударып, қайы­рым­­ды жандардың көмегімен жекелеген адамдардың мұқтаждығы шешілгенімен, бұл жалпы Қазақстан медицинасындағы күрделі мәселені шешіп бере алмайды.

«Қайырым, жәрдем, сауап» сөзі құлаққа сүйкімді естілетін жақсы қасиет екені даусыз, бірақ жап­пай сипат алып бара жатқаны медици­­намызды төмендетіп, өзгеге тәуел­ділігін арттырмаса, абырой әперетін жақсы үрдіске бастамайды...

 

АЛМАТЫ