• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Экономика 20 Желтоқсан, 2022

«ҚазТрансГазАймақ»: Міндет – халыққа жылу мен қуаныш сыйлау

437 рет
көрсетілді

Атырау облысы газдандыру бойынша көш басында екені белгілі. Бүгінде «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның Атырау өндірістік филиалы халықты газбен қауіпсіздік тұрғысынан үздіксіз қамту бағытында тиісті шаралар атқарып отыр. Аталған мекеме халыққа қызмет етудің үздік үлгісін көрсетіп жатыр. Бұлай деуімізге жергілікті филиал тарапына айтылған жағымды пікірлердің көптігі себеп. Таяуда «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның Атырау өндірістік филиалына барудың сәті түсіп, біраз мәліметке қанықтық.

– «Газ келді, тіршілікке жан кірді» деп қуанған халықтың жұ­­мысы жеңілдеп, тұрмысы түзел­гені рас. Бүгінде облыс тұр­ғындары берекелі баста­ма­ның игілігін көріп келеді. Алайда тұрғындар тарапынан түсінбеушіліктер де болады. Мәселен, үйдегі газ жабдығынан ақау шықса, үй иесі «104» қыз­метіне қоңырау шалады. Мұн­дай жағдайда біз құбырдағы газ өткізіп тұрған кранды жауып тастаймыз. Бұдан әрі үй иесімен келісімшартқа отырған жекеменшік қызмет көрсету компаниясы орын алған ақауды жөндеуі керек. Бірақ халықтың дені оны түсіне бермейді, жауап­кер­шілікті біздің мекемеден талап етеді. Негізінде, лицензия­сы бар жекеменшік компания қызметкерлері жоспарлы тексерулер жүргізіп, қажет болған жағдайда жабдықты жөн­деп, ауыстыруы керек. Осы тәр­тіп­ке халықты үйрету үшін уақыт қажет, – деген апаттық дис­пет­­черлік қызметінің бастығы Әділхан Ербатыр мұндай жағ­дай­дың жеке секторда жиі кезде­се­ті­нін алға тартты.

Әділхан Дарханұлының айтуынша, жергілікті филиал «Газдандырудың техникалық шарттары», деп аталатын құжат береді. Ал көгілдір отынға қа­тысты техникалық қызмет көр­сетуді сертификатталған жеке­­меншік компаниялар атқара­ды. Олар жауапкершілігіне алған шағын аудандар мен ауылдық округтер тұрғындарына қызмет көрсетеді.

– Техникалық қызмет көрсету ашық нарықта десем де болады. Бірақ «104» нөміріне түскен хабарламаны «ҚазТрансГазАймақ» АҚ қабылдап, бірден шақырған жерге апаттық бригадамен жедел барады. Негізінде, қауіп­сіз­дік мәселесі газ тұтынушыға жүктелген, – деген басшының сө­зі­нен көп жайға көз жеткіз­ген­дей болдық.

Расымен, техникалық қыз­мет көрсететін жекеменшік ком­па­нияларға бақылаудың жоқ­тығы байқалады. Мұндай олқы­лық осы қызметке қатысы бар барлық ұйымдардың қыз­метін үйлестірумен, газ жет­кізу­ші­ге, қызмет көрсетуші ком­па­ния­лар­ға, соның ішінде, РЦКУ-ға қа­тысты шағымдарды қа­райтын газ-техникалық инспек­ция­ның жоқ­тығынан болса керек.

Десек те, «Қаз­Транс­Газ­Ай­мақ» АҚ-ның Атырау өндіріс­тік фи­лиалының қызметкерлері тұр­ғын­дардың өтінішін аяқсыз қал­дыр­майды. Бір мысалын айт­сақ, Атырау қаласының ірге­сін­­дегі Көкарна елді меке­нінің тұр­ғын­дары үйлеріне жылу дұ­рыс кел­мей тұрғанын айтып ша­ғым­данған.

– Көкарнадағы Қ.Ғабдуллин көше­сіндегі тек бес үйдің тұрғы­ны «2-3 жыл болды, жылыту мау­­сымында үйіміз біресе суық, бі­ресе жылы» деп өтініш айтты. Аталған жеке секторлар біздің балансымызда болмаса да, барып тексеруді жөн көрдік, – деп түсіндірді Әділхан Дарханұлы.

Мамандар 3 күн бойы зерт­теп, құбыр бойындағы қысым­ның тұрақты емес еке­нін анық­та­ған. Бірлескен жұмыс­тың нәтижесінде себебі де табылды. «Кім екені белгісіз, құ­быр­лардың қосылу нүктесін плас­тикалық пакетпен бітеп тас­­таған екен», дейді газ тарату меке­месінің мамандары. Соның кесірінен жоғарыда айтқан 5 үй тұрақсыз газ қы­сы­мынан жылуды жеткілікті мөлшерде алмаған. Жыл са­йын қайталанатын күр­меу­лі мәсе­ленің шешілгеніне қуанған тұр­ғындар әлеуметтік желі ар­қылы газ қызметкерлеріне риза­шылығын білдіріпті.

Осы тұста мына жағдайды да айта кетелік. Жуырда белгілі журналист Виктор Сутягин өзінің парақшасында қиын жағ­дайға тап болған жас ана­ның өмірі туралы жазды. Оның айтуынша, Дана Хе есімді тұрғынның анасы қайтыс болып, өзі сәбиімен қиын күндерді бастан өткізеді. Жас ананың пәтері жылдап жөндеу көрмеген, тіпті табиғи газдың игі­лігін де пайдаланып көрмеген.

«Қайырымдылық жасасаң – игі­лігін өзің көресің» дегендей, тұр­ғындар жарыса қолұшын соз­ды.

«Бүгін бұл пәтерге алғаш рет газ берілді. «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның Атырау өндірістік филиалы директорының міндетін атқарушы Самат Ешманов бұл мәселені жеке бақылауына алып, көгілдір отынның берілуін бастан-аяқ қадағалап отырды», деп жазылған В.Сутягиннің парақшасында. Ал видеода Дана Хенің өзі пәтерінде газ құ­рылғысын пайдаланып тұрып, барлық қолдаушы қайырымды жандарға ризашылығын жеткізді.

Міне, газ тарату қызметкер­ле­рі­нің жұмыс барысында мұндай мысалдар жиі кездеседі. Бұл тек біздің заманауи ақпарат тарату құралдарынан білгеніміз...

Өндірістік техникалық бө­лім бас­тығының орынбасары Саламат Ихсановтың айтуынша, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның Атырау өндірістік филиалы өңірдегі 5 600 шақырымдай магистралдық газ құбырына қызмет көрсетеді.

– Газ тасымалдау жүйесі ны­­сан­дарының цифрлық картасы жасалған. Картадан барлық ақпарат көрініп тұрады (құбыр, абоненттер). Бұл деректерді талдау арқылы техникалық қыз­­мет көрсету мен жөндеу шы­­­ғындарын бақылауға мүм­кіндік бар. Айта кетейін, осы 5 600 шақырым құбырдың 3 мың шақырымы біз­дің мекемеге әлі күнге дейін тап­­сы­рыл­маған. «Ауада» тұр­­ған құ­бырлар бірі заңды тұл­ға­лар­ға тиесілі болса, енді бірі бау-бақша қоғамдастығының ие­лі­гінде тұр, – деген өндірістік техникалық бөлім бастығының орынбасары иесіз құбырлардың да апатсыз және үздіксіз газбен жабдықталуы қамтамасыз етілетінін атап өтті.

Өңірдегі «ҚазТранс­Газ­Ай­мақ» АҚ-ның Атырау өн­ді­ріс­тік филиалы газды таратып тасымалдау, тұрғындарды, ком­муналдық-тұрмыстық, өн­ер­кәсіптік кәсіпорындарды апат­сыз және үздіксіз газбен жаб­дықтауды қамтамасыз ету және инфрақұрылымдарды бас­қару жөніндегі қызметтерді жү­зеге асырады. Газ тарату маман­да­ры­ның айтуынша, ком­па­ния­ның әлеуметтік жауап­кер­ші­лігі де жоғары.

– Филиал басшылығы әлеу­мет­тік-еңбек қатынастарына, кадрлардың біліктілігін арттыру, еңбекті қорғау мәселелеріне ерекше назар аударады. Компанияның кәсіподағы тарапынан демалыс орнына жеңілдікпен жолдама қарастырылған, сондай-ақ «Мектепке жол» акциясының бел­сенді қолдаушысы десем де болады, – деді өндірістік тех­ни­калық бөлім бастығының орынбасары Саламат Ихсанов.

ТҮЙІН. Газ тарату мекеме­сі­нің мамандары әңгімені то­бық­­тай түйінмен аяқтады. Ол «Сақ­­­тансаң – сақтаймын» деген тәм­сіл бар ғой, тұрғындар кө­гіл­дір отынның қауіптілігін ес­тен шығармаса екен», деген бірауыз сөз еді...

 

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА