• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Руханият 21 Желтоқсан, 2022

«Абай академиясының» еңбегі

339 рет
көрсетілді

Ғылымы мен білімі дамып, әдебиеті адамтанудың алып мұхитына құйылған елдердің рухани игілігі уақыт өте келе өз ұлтының ғана жемісі болудан қалып, адамзатқа ортақ қазынаға айналады.

Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ашыл­ған «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты ұлы ақын мұрасын бүгінгі қо­ғамның дамуымен сабақтастыра қарас­тыруды міндетіне алып отыр.

Ақынның 175 жылдық мерейтойы қарсаңында құрылған институт ел Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» және «Абай – рухани реформатор» бағдар­ламалық мақалаларына сәйкес «Абай – мемлекет ісінің мүдделесі, жаңа қоғам­ның жанашыры», «Абай Құнанбайұлы және қазіргі қазақстандық қоғамның ба­сымдықтары», «Абай – әлемдік мәде­ниеттің тұлғасы» бағыттары бойынша талдамалық, әлеуметтанулық зерттеулер жүргізу, елімізде абайтанумен айналысатын ғылыми-зерттеу орталықтарын ака­демияның төңірегіне топтастыруды ғы­лыми тұрғыдан үйлестіріп отыр.

Абайтануда үлкен серпіліс бол­ған 2020 жылы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың тікелей қаржыландыруымен «Абай академиясында» арнайы жобалар жүзеге асырылды. Осының аясында «Абай ака­демиясы» арнайы сериясымен 20-дан астам академиялық басылым оқырмандарға ұсынылды.

Ал 2021 жылы академия Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым ко­митетінің тапсырысы негізінде «Абай Құнанбайұлының мұрасы қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар аспектісінде» және «Қазіргі заманғы Қазақстан және Абай Құнанбайұлы» атты екі кешенді жобаны іске асырды. Сонымен қатар институттың негізгі қызмет бағыттарын қазақстандық қоғамды жаңғырту басым­дықтарымен қамту аясында «Абай мұ­расы және Қазақстан қоғамының мә­дени құндылықтары», «Абайдың шы­ғар­машылық мұрасы және қазақ тілі­нің ұлтаралық қарым-қатынас тілі ре­тінде қалыптасу жолдары», «Абай дүние­танымы және қазіргі қоғамдағы діннің рөлі», «Абай шығармашылығы және қа­зіргі Қазақстанның мәдениетаралық ынты­мақтастығы», «Абайдың қоғамдық-саяси көзқарастары және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы», «Абай мұрасы контекстінде қазақстан­дық патриотизмді қалыптастыру», «Абай шығармашылығы және қазақ әде­биетінің қалыптасуы», «Абайдың шы­ғармашылық мұрасының тарихи-этно­графиялық контексі», «Абай тілі және қазақ тіл білімінің өзекті мәселелері», «Абайдың экономикалық көзқарастары және қазақ халқының шаруашылық құры­лымы», «Абай мұрасы және түркі әлемінің өркениеттік негіздері» атты арнайы серияларымен 24 ғылыми-танымдық кітап әзірленді. Аталған арнайы сериялар бойынша Е.Сыдықов, Ж.Дәдебаев, Ш.Ибраев, С.Негимов, Т.Жұртбай, Т.Шапай, Қ.Мәдібаева, С.Ананьева, Ж.Аймұхамбет, А.Кемелбай, Г.Мұратова, А.Доғалов, Ы.Палтөре, Б.Қорғанбеков, М.Алпысбес, Қ.Бибеков, Е.Тілешов, С.Қорабай, А.Мырзабек, Қ.Батталов, Ә.Қайшатаева, А.Смағұлова, А.Қалиева сияқты белгілі зерттеушілердің тың ең­бектері жарыққа шықты.

2022 жылды да академия Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым ко­митетінің тапсырысы негізінде «Қазіргі Қазақ­стан және Абай Құнанбайұлы мұрасы қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар саласында» атты жобаны іске асырды.

Институттың негізгі қызмет бағыт­тарын Қазақстан қоғамын жаңғырту басым­дықтарымен қамту арнайы сериялар­мен жыл сайын 24 (үш жылда барлығы 70 жуық) ғылыми-танымдық кітап, әлеу­мет­танулық сауалнамалар жүргізілді, «Абай – әлемдік мәдениеттің тұлғасы» бағы­тында алыс-жақын шетелдегі және республикалық БАҚ-та Абай мұрасы қоғам­дық-гуманитарлық, әлеуметтік-саяси, әлеуметтік-құқықтық, тарихи-этнография және т.б. бағыттарда жаңаша пайымдалған 50-ден астам танымдық мақалалар жарық көрді.

Өзіндік ұлттық ерекшелігімен, салт-дәстүрі, табиғи жаратылысымен сар даладай дархан болмысы арқылы адамзаттың ұлы көшінің көркіне ажар қосып, қоғамды ізгілендіруге қаламын тербеген қазақ әдебиетінің осы көштен алары да, қоса­ры да мол. Көркем өнері гүлденіп, өрісі ұлғайған сайын өзге халықтардың қызы­ғушылығы мен сүйіспеншілігін туғызып отыратыны белгілі. Төл әдебиетіміздің қазақы көшін Абайға бастатуымыздың да басты себебі де сол болмақ. Бұл жер­де алдымен өзімізді танып болдық па, жо­ғымызды таптық па, өткенімізді ақылмен саралап, парасатпен пайымдай аламыз ба?! Әрине, көп сұрақтың жауабын ізденумен табамыз. Толымды ізденістердің бірі ретінде «Абай Құнан­бай­ұлы және тарихи үдеріс (ХІХ ғасыр­дың 70-80 жылдары-ХХ ғасырдың 20-30 жылдары)» еңбегін айтар едік. Бұл еңбек­тің өткенімізді тарихтың отаршыл ел­дің сиясымен жазылған тарихты қайта қарап өз мүддемізді айшықтауымен ерек­ше. Абайдың XIX ғасырдың 60-70 жыл­дарында Қазақ даласында сырттан күштеп енгізілген әкімшілік басқару жүйе­сі арнасындағы саяси-әлеуметтік және қай­раткерлік көзқарастар эволюция­сына мән берілген. XX ғасырдың бас ке­зін­дегі Алаш қозғалысы мен Алаш­орда қайраткерлерінің және Семей-Шыңғыстау өңірінен шыққан қазақ байлары мен беделді тұлғаларының ұста­нымы тарихи деректер негізінде талдау жасалған. Сонымен қатар Кеңестік дәуір­дің алғашқы жылдарын­дағы боль­шевиктік «күштеу» саясатының аймақ­тың тұлғаларына қатысты жасаған соқ­қысы және оның тарихи салдары қоса қарас­тырылған. Осындай тағдырлы үде­рісті қатар алуымен бірге халқын ойлап қан жылаған Абайдың бейнесі ашылады.

Институт жарыққа шығарған кітап­тар­дың арасынан оқырмандар назарын Абайдың қағидаттары туралы қалам тербеген белгілі ғалым Серік Негимовтің «Абай қағидаттары» зерттеуіне аударған болар едік. Автор Абай қағидаттарын патриоттық, ұлттық, жалпыадамзаттық, көшбасшылық идеяларға бай даналық ой-тұжырымдары, өсиет, ғибрат, жөн-жосық, үлгі-өнеге, кемеңгерлік кеңес ретінде ұсынады.

Осылайша, «Абай академиясы» ғылы­ми зерттеу институтының зерттеу жұмыс­тарының сапалы әрі жоғары деңгейде іске асырылуына еліміздің абайтанушы ғалымдары, зерттеушілер, ғылым докторлары, профессорлар мен академиктер өз үлестерін қосты.

Жалпы, әлемдік тәжірибеде әдебиеті арқылы елін таныту ежелден бар. Ағыл­шындар Шекспирді, немістер Гетені, орыс­тар Пушкинді, түріктер Юнус Эмре, испандықтар Сервантесті, қытайлар Кон­фуцийді ұлықтаса, Абай академиясы да Абай арқылы осы жауапкершілікті мойнына алып отыр.

Институтта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәй­кес еліміздегі абайтанумен айналысатын ғылыми-зерттеу орталықтарының іс-қимылын ғылыми тұрғыдан үйлестіруге қатысты бірлескен жұмыстар атқарылып жатыр. Еліміздегі және шетелдегі «Абай» орталықтарымен де бірлескен іс-шара­лар ұйымдастырылды. 2022 жылдың 27 қара­шасында Түркияның ірі қалаларының бірі Аланияда «Отандастар қорының» ұйымдастыруымен жетінші «Abai uii» мәдени-іскерлік орталығының ашылу сал­танатына «Абай академиясы» ҒЗИ директоры Жандос Әубәкір қатысып, Абай мұрасын зерттеуге арналған ғылыми кітап­тарды сыйға тартты. Сонымен қатар мерейтойлы жылда әлемнің көптеген астанасында ақын бюсті ашылып, қазақ еліне, қазақ әдебиетіне құрмет көрсетілді.

Ұлы ақынның тылсымы терең мұхит­тай туындыларына өзіміз ғана тамса­­нып қоймай, оны әлемге таныту ісі жал­ға­сын таппақ. Күндердің күнінде әлем­дік тәжірибе сияқты тек қана әдебиетіміз­дің ғана емес, қазақ тілінің, қазақ өнерінің үлкен шаңы­рағына айналатын «Абай академия­сы» алғашқы күндерден-ақ өз қарымын көрсетті.

 

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ,

әдебиет сыншысы