Өскеменнің іргесіндегі шаңғы базасында төтенше жағдай орын алып, туристердің бірі биіктегі арқан жолында қалып қойған. Шартты түрде құтқарушылардың біліктіліктерін арттыру үшін оқу-жаттығу жұмыстарында осындай тапсырма жоспарланған екен.
Жоспарлы шара болғанымен, аяқ асты осы іспетті шынайы оқиға орын алмасына кім кепіл?! Сондықтан да төтенше жағдайлар қызметкерлері қашан да көмек қолын созуға дайын жүруге тиіс.
Алдын ала жазылған сценарий бойынша сноуборд теуіп жүрген қос турист техникалық ақауға байланысты биіктіктегі арқан жолында тұрып қалған. Құтқарушыларға қоңырау түсе сала оқиға орнына асыққан. Жеткен соң альпинистік жабдықтардың көмегімен аспалы жолда тұрып қалған демалушыларды түсіріп алып, жылы бөлмеге жеткізген. Әлбетте, сонау биіктен екі азаматты түсіріп алу оңайға соққан жоқ.
Сонымен қатар ТЖД қызметкерлері демалушыларға қыс мезгіліндегі қауіпсіздік ережелерін үйретті. Әсіресе қар көшкініне тап болмау амалдары мен үсіп қалмаудың алғы шарттарын түсіндірді. Әсіресе Шығыстың қысында қауіпсіздік ережелерін сақтамасқа болмайды. Оның үстіне күрделі маршруттармен тау кезіп, табиғат тамашалап жүретін туристер көп. Былтырлары бір топ демалушыларды көшкін басып қалғаны есімізде.
Жалпы, Шығыста адам өміріне қауіп төндіретіндей 325 қар көшкіні ошақтары анықталған. Әрине, азаматтардың қауіпсіздігі үшін, автожолдарды қар алып қалмауы үшін ТЖД құтқарушылары мен «Қазселденқорғау» ШҚ филиалының мамандары бірқатар учаскелерде көшкінді арнайы түсіреді. Қысқы маусым басталғалы 16 рет жасанды қар көшкінін түсіру жұмыстары жүргізілген.
Шығыс Қазақстан облысы