Солтүстік Қазақстан облысында кейінгі жылдары жер дауы өршіп тұр. Қулықтарына құрық бойламайтын жосықсыз кәсіпкерлердің алаяқтық айла-шарғыларының салдарынан өздеріне тиесілі жер үлестерінен айырылып қалған бірқатар ауыл тұрғыны әділдік іздеп, әуре-сарсаңға түсіп жүр. Әзірге Айыртау ауданындағы бес ауылдың білек біріктіре білген азаматтары ғана ұзаққа созылған жер дауын сотта жеңіспен аяқтады.
Ал жеңіліс тапқан тарап – «Жарқын СҚ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығы (ЖШС). Әділін айту керек, құрылғанына жиырма жылға тақаған осы шаруашылық 2017 жылға дейін жемісті жұмыс істеп, аудандағы үздік ауыл шаруашылығы құрылымдарының қатарында аталып келді. Дәнді дақылдар алқабын 3 мың гектардан 33 мың гектарға дейін ұлғайтып қана қоймай, егін шығымдылығын гектарына 20 центнерден де асырған жылы бар. Сапасы жоғары астығын Еуропалық одақ елдеріне экспорттаған бірден-бір қазақстандық компания атанды. 80-нен астам жұмыскеріне – лайықты жалақыны, жер үлестерін сенімді басқаруға берген ауылдар тұрғындарына ақшалай немесе астықтай дивидендті уақтылы төлеп келді. Егіншілікпен қатар, мал шаруашылығымен де айналыса бастады. Жергілікті орта мектепке демеушілік жасап, басқа да қайырымдылық іс-шараларына атсалысты.
Өкінішке қарай, бір өзі «Жарқын СҚ», «Рамут корпорациясы», «Рамут Агро Кемикал», «Қызылсая Агро», «АгроИнтерТех» ЖШС-ларына бас директор ретінде басшылық жасаған бизнесмен Бейбіт Молдашевты 2017 жылы «шайтан түртіп», «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-дан «Агробизнес» бағдарламасы бойынша бөлінген мол қаржыны жымқыруды ойлайды. Осы мақсатпен «Жарқын СҚ» ЖШС-ға өз жер үлестерін сенімді басқаруға берген заңды қатысушылар болып саналатын Айыртау ауданындағы бес елді мекеннің – Бірлестік, Дәуқара, Егіндіағаш, Қарақамыс, Светлое ауылдары тұрғындарының жалпы жиналысын өткізіп, олардың рұқсатын алмастан, қарамағындағы қызметкерлерге осы жөнінде жалған хаттама жасатады. Сол арқылы серіктестіктің 16 ауылшаруашылық техникасы мен аталған бес ауылдың 883 тұрғынының жалпы көлемі 42 919 гектар жер үлестерін кепілге қойып, «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамынан (АҚ) 15 пайыздық жылдық сыйақы мөлшерлемесімен 600 млн теңге несие алады. Осынша қаражат «Жарқын СҚ» ЖШС-ның шотына түскен соң оның 421 млн теңгесін – «Рамут Агро Кемикал» ЖШС-на, 72 млн теңгесін – «Қызылсая Агро» ЖШС-на, 15 млн теңгесін «Рамут корпорациясы» ЖШС-на, 9 млн теңгесін – «АгроИнтерТех» ЖШС-на аударып, жеке басының және өзіне бағынышты серіктестіктердің мұқтаждықтарына жұмсапты. Алайда Б.Молдашевтың арам ниетін Құдай құп көрмей, сол жылғы жазда қуаңшылық болып, егін шығымдылығы күрт төмендеп кеткен. Соның салдарынан «Жарқын СҚ» ЖШС «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ алдындағы қарызын уақтылы өтей алмай, берешегі 2018 жылы 756 млн теңгені құраған.
Шынтуайтында, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-мен жасалған қарыз шартына бас директор Бейбіт Молдашевтың талап етуімен қол қойған «Жарқын СҚ» ЖШС-ның сол кездегі директоры Азамат Елмағановтың кейін Петропавл қалалық сотында куәлік етіп айтқанындай, несие қаржысын ұтымды жұмсаған жағдайда серіктестіктің өз берешегін дер кезінде өтеуге мүмкіндігі бар еді. Бірақ Б.Молдашевтың ойы басқа болғанын арнайы жүргізілген қаржылық тексеріс нәтижелері анық көрсетіп берді. Мысалы, «Жарқын СҚ» ЖШС «Рамут Агро Кемикал» ЖШС-на берешегін жабу мақсатымен аударған 421 млн теңгенің 157 млн теңгесі не үшін төленгені белгісіз болып шықты. Сондай-ақ «Рамут корпорациясы» ЖШС-на 8 млн теңге еш негізсіз аударылған. Жалпы, жалғыз А.Елмағанов қана емес, Б.Молдашев басшылық жасаған өзге серіктестіктердің директорлары да өз қызметтерін формальді түрде атқарып, бас директордың жөнді-жөнсіз нұсқауларын бұлжытпай орындаумен айналысқан екен.
Қарызын қайтара алмаған «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ 2018 жылы «Жарқын СҚ» ЖШС-ны Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына беруге мәжбүр болған. Бұл дау бітімгершілік келісім жасаумен аяқталып, борышкер несиені 2019 жыл бойы өтеуге міндеттеледі. Егер бұл шарт орындалмаса, онда талап етуші тарапқа кепілге қойылған мүлік пен жерді өндіріп алу құқығы беріледі. Әйткенмен, «Жарқын СҚ» ЖШС «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ алдындағы міндеттемесін орындай алмай, қаржы ұйымының жеке сот орындаушысына жүгінуіне тура келген. Ол 2020 жылдың 22 қаңтарында серіктестіктің кепілге қойылған барлық мүлкі мен жерін аукционға шығару туралы шешім қабылдаған. Осыны естіген жер үлестерінің иелері «Жарқын СҚ» ЖШС басшылары өздерін алдағанын біліп, қатты назаланған. Олардың 300-ге жуығы журналист Ернұр Нұрғали, Орынбай Атығаев, Тобылбай Шораев сынды белсенді азаматтардың ұйымдастыруымен ақпан айының басында аудандық әкімдіктің алдына жиналып, аудан әкімі мен жергілікті құқық қорғау органдарынан жол берілген заңсыздықты тоқтатып, әділдік орнатуды талап еткен. Іле Солтүстік Қазақстан облысынан сайланған Парламент Мәжілісі депутаттарының атына арыз жолдаған. Олар өз кезегінде Бас прокуратураға жүгініп, жерлестері көтерген жер дауын әділ шешуді сұраған. Сөйтіп, мәселе еліміздің жоғары қадағалаушы органының бақылауына алынып, оны қолданыстағы заңнамаға сәйкес шешу Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасына тапсырылған. Облыс прокуроры Бағбан Таймбетовтің тікелей араласуымен жеке сот орындаушысы белгілеген аукцион дереу тоқтатылып, бес ауыл тұрғындарының ортақ өтінішінің негізінде олардың жер үлестерін заңсыз кепілге қойған «Жарқын СҚ» ЖШС-ға қатысты Қылмыстық кодекстің 190 бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Оны қарау барысында прокуратура Б.Молдашевқа көпе-көрінеу бүйрегі бұрып тұрған судьяны шеттету шарасын да қолданып, принциптілік танытты. Ал ауылдықтардың адвокат жалдау сияқты сот шығындарына қажетті қыруар қаржыны Қарақамыс ауылының тумасы, белгілі журналист, кәсіпкер Арман Шораев беріп, жерлестеріне шынайы жанашырлық көрсетті.
Ақыры үш жылға жуық созылған қылмыстық істі тергеу аяқталып, Петропавл қалалық соты былтырғы 29 желтоқсанда Бейбіт Молдашевтың іс-әрекетін Қылмыстық кодекстің 190-бабына сәйкес алдын ала келісіп әрі топтасып алдау жолымен жасалған басқаның мүлкін аса ірі мөлшерде жымқыру, яғни алаяқтық қылмыс деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айыру және жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтету туралы үкім шығарды. Бұған қоса, Б.Молдашевтың «Жарқын СҚ» ЖШС-дағы үлесін 2019 жылы сатып алып, осы серіктестіктің директоры болған Мәжит Сабиров та алаяқтық қылмысы үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол қаржылық мүмкіндігі бола тұра соттың «Жарқын СҚ» ЖШС-ны өз жұмыскерлері үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына 6 347 мың теңге мөлшеріндегі зейнетақы төлемдерін жасауға міндеттеген шешімін алты айдан астам уақыт бойы орындамағаны және 2020 жылғы желтоқсаннан бастап 2022 жылғы наурызға дейінгі кезеңде жұмыскерлерге жалақы төлемей, түскен кірісті басқа мақсаттарға жұмсағаны, сондай-ақ «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның 250 млн теңге қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі болып танылды. Екі бірдей алаяқ басшыға тап болып, қиянаттан көз ашпаған «Жарқын СҚ» ЖШС жұмыскерлері мен осы серіктестікке қатысушы ауыл тұрғындары қазір өздерінің жер үлестерін сенімдерін ақтамаған серіктестіктен қайтарып алып, басқа инвестор іздеу қамына кірісіп жатыр.
Қызылжар өңіріндегі бір кезде алаяқ кәсіпкерлердің кесірінен жер үлестерінен айырылып қалған өзге елді мекендер тұрғындарына Айыртау ауданындағы бес ауыл азаматтарының ортақ жеңісі ой салып, олар да өздерінің аяққа басылған құқықтарын қалпына келтіру шараларын бірлесе қолға алыпты. Әділетті мемлекетті, міне, осылайша, көп болып жұмыла орнатарымыз хақ.