• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қаржы 12 Қаңтар, 2023

Өтемақы алып үлгеріңіз

464 рет
көрсетілді

Теңгелей депозитке өтінім беру мерзімі ұзарды

Қазақстанда теңгелік депозиттер бойынша 10 пайыз мөлшерінде өтемақы (сыйлықақы) төлеуге өтініш беру мерзімі ұзартылды. Үкіметтің тиісті қаулысына қол қойылды және ол ресми түрде алғаш жарияланған күннен кейін 10 күн өткен өткен соң күшіне енеді. Құжатқа сәйкес банктер салымшылардан өтініштерді 2023 жылдың 10 ақпанына дейін алуды жалғастырады. Осылайша, бұған дейін өтініш беріп үлгермеген депозиторлар өтемақы алу бойынша келісімін растау мүмкіндігіне ие.

Өтемақы алу рәсімін банктің депозит ашылған бөлімшесінде және ресми мобильді қосымша арқылы онлайн жасауға болады. Сонымен қатар құжатта өтем­ақының мөлшері бойынша шарттар, салымшының мұра­герлері тарапынан өтініш беру және өтемақы алу тәртібі қарастырылған. Өтем­ақыны есептеу рәсіміне бай­ланысты сұрақтарға қатысты жағдайларда депозит ашылған банкке тікелей жүгіну қажет.

«Салымшыға 10 пайыздық сыйлықақыны оның депо­зиті ашылған банк есептейді. Төлемдер 2023 жылдың 23 ақпанынан кейін жүргізіледі. Өтемақылар соңғы күнін қоса есептегенде 2022 жылдың 23 ақпанына дейін ашылған теңгелік депозиттер бойынша төленеді. ҚДКБҚ са­лым­шыларға осы мүмкіндікті өткізіп алмауға және мемлекеттен сыйлықақы алу үшін өтініш беру мерзімінің ұзартылғанын осындайда барынша пайдаланып қалуға кеңес береді», делінген Қазақстан депозиттерге кепілдік беру қорының хабарламасында.

Қазірге дейін еліміздегі екін­ші деңгейлі банктер жалпы со­масы 303,9 млрд теңге бола­тын өтініштер қабылдаған. Бұл өтема­қының әлеуетті жалпы сомасының 90,5 пайызын құрайды. Қор төрағасының орынбасары Алмаз Құдайбергеновтің айтуынша, бір банкте 10 пайыз өтемақы алуға болатын ең жоғары сома 20 млн теңгені құрайды.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, сыйақы алуға үмітті шоттардың 71 пайызы – 100 мың теңгеден аспайтын депозиттер.

Қор мәлімдемесінен ұққаны­мыз, отандық депозит нарығы бірінші тоқсанда байқалған белгілі бір тұрақсыздыққа қара­мастан, оң нәтиже көрсетіп, тәуекелдерге төтеп берді.

«Қордың бағыты ойыннан шыққан банк салымшысына кепілді өтемді төлеумен шектел­мейді. Бұған халықпен, депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктермен, реттеуші органдармен және нарықтың бас­қа өкілдерімен өзара іс-әрекетті қоса алғанда, шаралардың, саясаттардың және рәсімдердің тұтас кешені кіреді. Жасыратыны жоқ, соңғы онжылдықта банктер пассивтер құрылымындағы халық депозиттерінің абсолютті позиция­лары мен салмағын дәйекті түрде арттырып келеді. Бүгінде депозиттер банк­ті қаржыландырудың іс жүзінде басым көзіне айнал­ды. Қаржы нарығының осы сег­ментінің «әл-ауқатын» бақы­лаудың маңыздылығы да осыдан туын­дайды. «Қауіпсіз» аймақ шеңберінен шықпағанымыз­дың ең маңызды дәлелі – өткен жыл­дардағы оң динамика­ның сақталуы. Бірінші тоқ­сан­да геосая­си тәуекелдердің жүзеге асуы­на және еншілес ресейлік банктерге қатысты санкциялық шектеу­лерге реак­цияға байланысты аздаған құлдырауға қарамастан, кейінгі тоқсандарда көрсеткіш тұрақт­ы өсті. Нәтижесінде, халық­тың депозиттері бір жылмен салыстырғанда 22 пайызға өсіп, 2022 жылдың 11 айында 15,7 трлн теңгені құрады», деп ақпарат ұсынады.

Қор сарапшыларының айтуынша, салымшылар ашқан шоттар саны және олардың жыл бойында тұрақты өсуі – салымшылардың банкке деген сенімінің жоғары екенін дәлелдейтін факт. 2022 жылдың басынан бері шот саны 20,4 млн-ға көбейген.

Қуанарлық тағы бір жайт – доллар бойынша депозит көлемінің әжептәуір қыс­қарғаны. Оның үлесі бір кездері 70-80 пайызға дейін жеткен. Бұл ахуал нарықта тепе-теңдікті бұзады, онсыз да әлсіз төл валютаның еңсесін басушы еді. Қазір долларлану үлесі 34-36 пайыз деңгейінде.

2022 жылдың басында жинақ салымдары бойынша кепілдікті 15 млн теңгеден 20 млн теңгеге дейін арттыруды көздейтін заңнамалық өзге­рістер күшіне енді. Қазір Қазақ­­стандағы депозиттерге ке­піл­дік беру мөлшері ТМД елдері ара­сындағы ең жоғарылардың бірі. 

Депозиттерге кепілдік беру қорында арнайы сақтық қоры бар. Ол клиенттер алдында өз міндеттемелерін орындай алмаған банктердің атынан төлем жасайды. Ондағы қар­жы көлемі қазір трлн теңгеге жа­қындап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13,9 пайызға артқан. Сақтық қорының айрықша ерекшелігі, оны құру әдісі әлемдік стандарттарға жа­қын екендігінде – түсімдердің 49 пайызы қатысушы банктердің жарналары есебінен алынған. Нәтижесінде, қазіргі уақытта сақтық қорында – 799,5 млрд теңге, ал жарғылық капиталдың 70 пайызын есепке алғанда 964,6 млрд теңге жинақталып тұр екен.