Бұл туралы АҚШ-қа жұмыс сапарымен барған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
«Біздің министрліктің басты мақсаттарының бірі - әлемдік стандарттар бойынша кадр даярлау екені баршаңызға белгілі. Ол үшін оқу процесін барынша тәжірибеге бағдарлау және әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының академиялық моделін қолдану қажет. Америкалық университеттер барлық әлемдік рейтингтерде лайықты көш бастап келеді. Мысалы, бір ғана Times Higher Education рейтингінде ТОП-10 жоғары оқу орнының 7-еуі — бұл АҚШ университеттері. Бүгін Пенсильвания мемлекеттік университетінің топ-менеджментімен маңызды кездесу өткіздім. Атап айтсақ, PennState вице-президенті (Провост) Justin Schwartz-пен, вице-провост Roger Brindley-мен, Пенсильвания мемлекеттік университетінің IT, заң мектебінің декандарымен жүздестім. Пенсильвания мемлекеттік университетінің өкілдерімен бұған дейін де кездескен едік. Оның нәтижесінде аталған оқу орны қазақстандық студенттер мен еліміздің ғалымдары үшін гранттар түрінде 1 млрд теңге немесе 2 млн доллар көлемінде тікелей инвестиция бөлген еді. Бұл жоба қазір іске асырылып жатыр», деп жазды министр.
Сондай-ақ ол Пенсильвания мемлекеттік университеті ұзақ жылдардан бері Қазақстанның серіктесі болып келе жатқанын атап өтті.
- «Болашақ» бағдарламасы басталған сәттен бастап барлық америкалық жоғары оқу орындары арасында, осы университет Қазақстаннан барынша көп студент қабылдады. Осы уақытқа дейін 162 қазақстандық осы оқу орнын бітірді. Бүгінгі кездесуде біз Қазақстанда Пенсильвания мемлекеттік университетінің филиалын ашу бойынша нақты қадамдарды талқыладық. Америкалық жоғары оқу орнының басшылығы бұл бастамаға қолдау көрсетті. Қазірдің өзінде мәселені тиісті пысықтау жұмыстары басталды. Ресми кездесулерден кейін мен Пенсильвания мемлекеттік университетінде оқитын қазақстандықтармен жолықтым. Жастар шетелде оқудан алған өз әсерлерімен бөлісті. Студенттерге Қазақстанда жоғары білім және ғылым саласында жүргізіліп жатқан реформалар туралы әңгімеледім. Жас зерттеушілер мен ғалымдарды қолдау бойынша мемлекет қолға алып отырған шараларды ерекше атап өттім», - деді Саясат Нұрбек.