16-29 қаңтар аралығында жасыл құрлықтағы ең әсем қалалардың бірі – Мельбурнде «Үлкен дулыға» санатына енген аса ірі төрт турнирдің бірі – Аустралияның ашық біріншілігі өтеді. Жүлде қоры 51,5 миллион АҚШ долларын құрап отырған дүбірлі додаға әлемнің ең үздік теннисшілерінің дені қатысады. Бүгінгі мақаламызда аталған жарыстың тарихына қысқаша шолу жасауды жөн көріп отырмыз.
Аустралияның ашық біріншілігінің 117 жылдық тарихы бар. Аталған жарыстың тұсауы сонау 1905 жылы кесілген. «Australasian Championships» деп аталған алғашқы турнирде 17 теннисші бақ сынады. Родни Хит пен Артур Кертис арасындағы финалдық сайысты 5 мың көрермен тамашалаған екен. 1927 жылы бұл жарыс өз атауын «Australian Championships» деп өзгертсе, 1969 жылдан бері ол Аустралияның ашық біріншілігі деп аталып келеді.
Бұл жарыс әр жылдары Аустралияның түрлі қалаларында өтті. Атап айтсақ, Мельбурнде – 54 рет, Сиднейде – 17 рет, Аделаидада – 14 рет, Брисбенде – 7 рет, Пертте – 3 рет. Сондай-ақ 1906 және 1912 жылдардағы бәсекелер Жаңа Зеландияның аумағында ұйымдастырылды. Аустралияның ашық біріншілігінде ерлер арасында ең көп олжаға кенелген ойыншы – Новак Джокович. Сербияның саңлағы 2008, 2011-2013, 2015-2016, 2019-2021 жылдары өткен турнирлерде қарсылас шақ келтірмеді. Барлығы – 9 жеңіс. Рой Эмерсон (Аустралия) мен Роджер Федерер (Швейцария) 6 реттен топ жарды. Әйелдер сайысында Маргарет Смит-Корттың алдына түсетін ешкім жоқ. Аустралия теннисшісінің 1960 жылы басталған жеңісті жолы 1973 жылға дейін жалғасты. Жаңа Оңтүстік Уэльс штатына қарасты Олбери қаласының тумасы сол аралықта 11 рет бас жүлдені олжалады. Смит-Корттан бөлек, америкалық Серена Уильямс (7 рет) және қос аустралиялық Нэнси Уинн-Болтон (6 рет) мен Дафна Акхерст те (5 рет) мол олжаға кенелді. Ал барлық сайыс түрлерін қоса алғанда мына теннисшілердің табысы зор: Ерлер – Адриан Квист (1936-1950 жылдары) – 13 жеңіс, Джек Кроуфорд (1929-1935) – 11 жеңіс, Джон Бромвич – (1938-1950) – 11 жеңіс. Әйелдер – Маргарет Смит-Корт (1960-1973) – 22 жеңіс, Нэнси Уинн-Болтон (1926-1951) – 20 жеңіс, Тельма Лонг (1936-1958) – 18 жеңіс. Жекелеген, жұптық және аралас жұптар арасындағы жарыстардың барлығында жеңіске жеткен санаулы ғана ойыншы бар. Олар – Дафна Акхерст (1925, 1928-1929), Джон Кокс (1926), Жан Боротра (1928), Джек Кроуфорд (1932), Нэнси Уинн-Болтон (1940, 1947-1948), Тельма Лонг (1952) және Маргарет Смит-Корт (1963). ХХ ғасырдың екінші жартысында өнер көрсеткен Аустралияның мақтанышы Кен Розуоллдың толағай табысына тамсанбау мүмкін емес. Ол осы жарысты ұтқан ең жас және ең «қарт» ойыншылардың көшін бастап тұр. 1953 жылы Мельбурнде Розуолл дара шықты. Ол кезде Кен небәрі 18 жаста еді. Дәл сол теннисші 1972 жылы, яғни араға 19 жыл салып, тағы да топ жарды. Ол кезде жасыл құрлықтың өкілі 37 жастан асқан-тын. Әйелдер арасындағы жарыстың ең жас жеңімпазы – Мартина Хингис. 1997 жылы Мельбурнде атой салғанда Швейцарияның сұлуы небәрі 16 жаста еді. Ең «қарт» жеңімпаз – Тельма Лонг. Ол 1954 жылы бас жүлдені иеленді. Ол кезде Аустралияның теннисшісі 36 жасқа таяп қалған еді. 2012 жылғы турнирдің финалдық матчында сербиялық Новак Джокович пен испаниялық Рафаэль Надаль 353 минут бойы айқасып, алғашқысы 5:7 6:4 6:2 6:7, 7:5 есебімен жеңіске жетті. Бұл – ең ұзаққа созылған бәсеке. Әйелдер жайында айтар болсақ, 2011 жылы италиялық Франческа Скьявоне мен ресейлік Светлана Кузнецова арасында өткен бәсеке 284 минутқа созылды. Бұл тартыс 6:4, 1:6, 16:14 есебімен Апеннин түбегінен келген арудың пайдасына шешілді. Былтыр өткен турнирдің ерлер арасындағы бәсекесі Рафаэль Надальдің жеңісімен аяқталды. Испания теннисшісі ақтық сында Ресейдің мықтысы Даниил Медведевтен 2:6 6:7, 6:4 6:4 7:5 есебімен айласын асырды. Әйелдер арасында Эшли Бартидің бағы жанды. Жергілікті теннисші финалда америкалық Даниэль Коллинзді қапы қалдырды. Есеп – 6:3, 7:6. Биылғы жарыстың жекелеген сайысында Қазақстан атынан Елена Рыбакинаның, Александр Бублик пен Юлия Путинцеваның бақ сынайтындары белгілі. Сондай-ақ Андрей Голубев, Александр Недовесов және Анна Данилинаның жұптық сайыстағы өнерін тамашалаймыз. Ерлер арасында жеңімпаз атанған теннисшіге Норман Брукс кубогі табыс етіледі. 90 жыл ғұмыр кешкен Мельбурннің тумасы өз отанында осы спорт түрінің кеңінен құлаш жаюына сүбелі үлес қосты. Ол 1911 жылы дәл осы турнирде қарсылас шақ келтірмеген еді. Сонымен қатар Брукс 1924 жылы жұптық сайыста алдына жан салмады. Әйелдер арасында шашасына шаң жұқтырмаған ойыншыға Дафна Акхерсттің кубогі табысталады. Оны да өз отандастары ерекше құрметтейді. Аталған жарыста Акхерст бес рет (1925-1926, 1928-1930) бас жүлдені олжалады.