• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Қаңтар, 2023

Қазақша тұңғыш политтехнология кітабы жарық көрді

469 рет
көрсетілді

Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында мәдениеттанушы-философ, PhD докторант Абылайхан Қалназаровтың «Шымкенттің жұмсақ күші. Шымкент қаласының брендін тиімді басқару мен имидж-идеологиясын ілгерілету бойынша коммуникативтік стратегия (Талдаулар мен ұсыныстар)» атты тұңғыш қазақша политтехнология кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Салтанатты іс-шараға «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев пен белгілі журналист Зейін Әліпбек қатысып, кітаптың қызыл лентасын бірлесе қиды.

Аталмыш аналитикалық-ұсынымдық зерттеу еңбегі мемлекет тізгінін ұстаған барлық деңгейдегі басшылар мен идеологтарға нұсқаулық-қойын кітапша ретінде әзірленген.

Қазақстан тарихында осы тақырыпта алғаш рет қолға алынған кітап 5 тарау, 432 беттен тұрады. Теориялық базасы Ұлыбритания үкіметінің кеңесшісі, Еуропа парламентінің депутаты, ағылшын ғалымы Саймон Анхольт концепциясына негізделген.

«Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашевтың айтуынша, аталмыш еңбек ел Үкіметіне, аумақтық атқарушы органдарға зор пайдасын тигізеді.

«Бұл - ел идеологтары әлі ойға да алып үлгермеген тың жоба. Бұл еңбек өз мазмұнында үш «қабатты» қамтыған екен: біріншісі - брендтік-имидждік, екіншісі - идеологиялық және үшіншісі – ұлттық құндылықтар өрісі. Тап мұндай басқарушылыққа арналған жұмыстар бір оңтүстік өңірі емес, еліміздің әр аймағына лайықталып әзірленуі тиіс. Олардың жалпы жиынынан елдік ауқымдағы ортақ идеология сомдалып шығады», деді Т.Мұқашев.

Бұл ретте Зейін Әліпбек кітаптың басшылық, билік пен қоғам және БАҚ арақатынасына арналған тұстарына тоқталды.

«Контентті бейімдеу және өңірлік-қалалық БАҚ-пен жұмыс істеуге көп орын беріліпті. Бұл аймақтық медиа нарықты дамытудың жалпы әлемдік үрдісі, яғни жергілікті халыққа түйінді хабарламаларды неғұрлым тиімді жеткізуге мүмкіндік береді. Онда да жергілікті ерекшелікті, халықтың қалауын, проблемалар мен мүдделер, өзгелік дәрежесін, өңірлік немесе байтақтық маңызы бар жаңалықтарды жария етудің жеделдігін ескеру қажет. Бұл «бір» десек, екінші жағынан мұны түсініп оқыған адам кемі бір облыс немесе қаланың идеология жөніндегі орынбасары дәрежесіне дейін өсетін тәрізді. Мемлекеттік қызметте өмір бақи жүріп жинайтын тәжірибе мұнда шебер сипатталып, оп-оңай және түсінікті тілмен жеткізілген», деп атап өтті журналист.

Айта кетсек, іс-шара Ұлттық академиялық кітапхананың жаңадан жабдықталған Фариза Оңғарсынова залында өтті.

Жиын соңында автор презентацияланған кітап даналарын қор базасына енгізу үшін кітапхана директоры Ғазиза Құдайбергенге табыстады.